ЖАТ АҒЫМДАҒЫ АТА-АНА

Бұл жайт облыстық білім беру басқармасы жүргізген жоспарлы тексеріс кезінде анықталыпты. «Атырауға көшеміз» деген сылтаумен отағасы өткен жылдың қаңтар айында Құлсары орта мектебінен төрт баласының құжатын алып кетеді. Екі баланы балабақшадан шығарып алады. Бірақ, бір жылға жуық уақыттан бері балалар не мектепке, не балабақшаға жіберілмей, үйде ұсталып келіпті. «Балалар Атырау қаласындағы №24 мектепте оқитын болады делінгенімен, аталмыш мектепке күні бүгінге дейін ешқандай өтініш келіп түспеген» делінген баспасөз баянында. Осылайша, 2000, 2002, 2004 және 2006 жылы туылған Салтанат, Саламат, Азамат және Нұрдәулет Болатовтар жат ағымның уағызына уланған ата-аналарының әрекетінен ілім-білімсіз қараңғы қапаста қамалып қалған.
Аудандық білім бөліміндегілер қанша үгіттегенімен, жат ағымның жетегінде жүрген ата-ана балалардың ел қатарлы білім алуына үзілді-кесілді қарсы болып отыр. Сол себепті мәселеге құқық қорғау органы қызметкерлері араласқан. Бүгінде балалардың алтауы да – қалалық кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығында. Олармен арнайы психолог мамандар жұмыс істеп жатыр. Бүгінде құзырлы органдар жылыойлық Болат Мырзағалиев пен Нұржауған Сұлтанованы ата-аналық құқығынан айыру мәселесін қарастыруда.
Осыған орай, біз аталған аудан әкімі Максим Ізбасовтың пікірін білген едік. Ол бүгінде жат ағымға арбалған ата-анамен жұмыстың жүргізіліп жатқандығын айтты. «Аудан бойынша дін атын жамылған жалған ұйымның жетегінде кеткен 150 адам тізімде тұр. Жүйелі жұмыс жанды түрде жалғасын табады» дейді ол.
Қалай десек те, үй ішінен үй тіккен дін атын жамылған сектанттардың елге осылай іріткі салып, халықты ала тайдай бүлдіруі жақсылықтың нышаны емес. Бұл жерде күштік құрылымдардың да, имамдардың да, Дін істері басқармасының да жүйелі, әрі нәтижелі жұмысы керек-ақ. Бейкүнә балалардың құдайын ұмытқан сектанттардың жемтігіне айналып жатқаны өкінішті…

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*