ЖАТ АҒЫМҒА АЛДАНБА, ЖАС ӨРЕН!

 

Осы орайда Хизбут тахрир, әл-Ихуан әл-Муслимун және «Таблиғ жамағаты» халықаралық миссионерлік ұйымын мысалға келтіруге болады.

Алайда, сот шешімімен тыйым салынғанына қарамастан, бүгінге дейін қылмыстық немесе лаңкестік әрекеттерге бой алдырып жатқан секта бар. Бұл – уахабилік-сәләфилік ағым. Қазіргі таңда елімізді, әсіресе, Батыс өңірін алаңдатып, елдегі мешіттердің берекесін қашырып жатқан да – аталмыш діни ағымның уағызына уланған қазақтың қаракөздері. Осы орайда, соңы агрессиялық немесе лаңкестік әрекеттерге апарып соғатын бұл діни ағымның идеологиялық астарын аша отырып, оның қасиетті Құран Кәрім аяттарына, дәстүрлі ислам негіздеріне қайшы келетін тұстарына, негізгі принциптеріне тоқталуды жөн көрдік.

Біріншіден, сәләфизм сөзінің түп-төркіні араб тіліндегі «сәләф», яғни, бұрынғы өткен, бұрынғылар деген сөзден келіп шыққан. Ислам тарихындағы алғашқы үш буын – Мұхаммед пайғамбардың, сахабалардың және олардың шәкірттері табиғиндердің кезеңдеріне «сәләф» деп айтылады. Сонымен қатар, бұл үш буынның ұстанған жолы нағыз ақиқат деп саналды.

 Қазіргі таңдағы сәләфилер өздерін «біз алғашқы үш буынның жолын ұстанушылармыз, сондықтан, біз сәләфилерміз» деп жариялауда. Бұл топ өзін қаншалықты алғашқылардың жолын ұстанушы – «сәләфилер» деп атағанымен уахабилік қозғалысының жалғасы екенін жасыра алмайды. Себебі, шын мәнінде, аталмыш топтың ілімі мен көзқарастары ХІІ-ХІІІ ғасырларда Дамаск қаласында өмір сүрген Ибн Таймия, оның шәкірті Ибн әл-Қайим, ХVIII ғасырда Сауд Араб әмірліктерінің солтүстік өлкесінен шыққан Мухаммад ибн Абдульуаххабтың, біздің ғасырда Ибн Баз, Ибн әл-Усеймин, Альбани, Фаузанның дінге қатысты пікірлеріне негізделеді. Демек, еліміздің әрбір азаматы үшін бұл топтың ұстанымы мен ілімі шынайы исламның туын көтерген алғашқы үш буынның исламды түсінуі мен ұстануына ешқандай қатысы жоқ екендігі тайға таңба басқандай анық болуы тиіс.

Екіншіден, уахабилік ағымның  шариғаттағы «Алла разылығы үшін жек көріп, оның разылығы үшін жақсы көру», яғни «әль-уәлә уаль баро» мәселесін бұрмалап түсіндіреді.

Негізінде дәстүрлі ислам ғұламалары бейбіт, әрі достық қарым-қатынаста болған басқа дін өкілдеріне құрметпен қарау шариғаттың әмірі деп айтады. Шын мәнінде, бұл ұстанымның негізі Құран Кәрімнің Мумтахина сүресіндегі «Алла тағала діндерің үшін сендерге қарсы соғыспаған, жақсылық жасауға және әділдік етуге тыйым салмайды…» деген аятқа сүйенеді. Ал, уахабилік ағымның шейхтері өзге дін өкілдерін жаппай жек көруге, дұшпан деп санауға шақырады.

Бұл ағымның бетке тұтар шейхтерінің бірі Мухаммад ибн Солих әль-Усейминнің пікірі бойынша, себебіне қарамай әрбір намаз оқымаған адам діннен шыққан, кәпір болып саналады. Демек, мұндай ұстанымдағы адам жобалай айтқанда, еліміздегі әр мың  адамның бірін ғана өзіне дос тұтады деген сөз.

Үшіншіден, бұл ағымның идеологиясы бойынша, «Алланы бір деп тану – таухид мәселесін рубубия, улухия, асма уас-сифат» деп үшке бөледі, Алла тағала шектеулі, оның екі қолы және екі көзі бар, отырады, жүгіреді, Құранда ауыспалы мағынада сөздер жоқ деп есептейді, шариғат мәтіндері – Құран аяттары мен Пайғамбар хадистерін, атап айтқанда, Алла тағаланың заты мен сипаттарына қатыстысын тікелей мағынада ғана қабылдайды. Олар аталмыш мәселелерді Пайғамбар (с.ғ.с.) мен оның сахабаларына қаншалық телігенмен, шариғатта негізі жоқ екендігі әрбір зерттеушіге айқын.

Төртіншіден, уахабилік ағымның шейхтері мен уағызшылары біздің қоғамда күнделікті іске асатын діни немесе ұлттық рәсімдер – өмірден озған аруақтарға Құран оқып бағыштауды, келіннің «беташар рәсімін», дұғадан кейін «бет сипауды» бидғат, дінге енген жаңашылдық деп әрдайым қайталап уағыздаумен болады. Сонымен қатар, қазақтың даналарын ғасырлар бойы тәрбиелеп келе жатқан сопылық мектептің тәлімін толығымен дерлік жоққа шығарып, адасушылықпен айыптайды. Біз мұны Медина қаласындағы Ислам университетінде және Пайғамбар мешітінде дәріс берген сәләфилік топ ғалымдарының бірі Али бин Мухаммед бин Синанның «Әл-мажмуғ әл-муфид мин ақидатут-таухид» (Таухид ақидасынан алынған пайдалы жинақ) кітабындағы мына жолдардан көре аламыз:«Уа мұсылмандар, сопылық тариқаттарына қарсы жаппай соғыс жариялап, оларды толығымен жоймағанша, сендердің исламдарыңның пайдасы жоқ. Оларға қарсы яхудилер мен отқа табынушыларға қарсы күресуден бұрын соғысыңдар». Әрине, бұдан автордың сопылық мектепке қатысты көзқарасының қаншалықты агрессиялық сипатта екені көрінеді. Бұл тек сопылыққа ғана қатысты емес. Олар Орта Азиядағы дәстүрлі сенім мектебі – мәтрудияны да жоққа шығарып, адасушылықпен қаралайды.

Осындай бұрмаланған, әрі бұзық тәлімді бойына сіңіріп алған жастардың жүзінен суықтық, көздерінен қатыгездікті анық байқаймыз. Жұма намаздарында жүрегіме күмән кіріп, адасып кетпейін деген үреймен мешіттерде имамдарының айтатын уағыздарын тыңдамау үшін құлақтарына тыңдағышты тағып, өз көсемдерінің уағызын тыңдап отыратын жастар көп. Бұл жағдай уахабизмді елімізде насихаттап жүргендердің пәтуаларын отқа май құйғандай ушықтыруда. Бір айта кетерлігі, мұндай агрессиялық ұстаным елдің шырқын бұзып, діни алауыздық туғызып, бейбіт тұрғындардың қанын төгуге бағытталған лаңкестік әрекеттерге ұласуда.

Сонымен қатар, сәләфилерді «умеренный» және «радикальный» деген санаттарға бөлуде өте сақ болу қажет. Себебі, жоғарыда айтып өткен діни мәселелер бұл екі топқа ортақ ұстаным болып табылады. Бұлардың арасындағы айырмашылық – тек кейбір саяси ұстанымдарда.

Діни негіздегі ұстанымдар мен сенімдердің өзгеріске ұшырауы әдетте мүмкін емес. Бірақ, саяси көзқарастар мен ұстанымдардың мүдде мен ахуал талабына сәйкес құбылып тұратыны белгілі. Сондықтан, сәләфизмді қарулы іс-әрекетке бару немесе бармау тұрғысынан байсалды және радикалды деп бөлуге шартты түрде келіссек те, идея тұрғысынан мұндай екі топқа бөлу мүлде қателік болып есептеледі. Тек қателік қана емес, бұлай ету мемлекет пен қоғамды сәләфизмге қатысты шешімдер мен шараларды қабылдау мәселесінде есептен жаңылдырады.  Демек, қазіргі таңда саяси көзқарастары байсалды болып көрінген сәләфизмнің мадхалиттер, александриялық сәләфиттер, ұлт жанашырлары болып көрініп жүрген, шынайы бет-келбетін жасыратын, тақияшыл сәләфиттер тобы мүдде талабына сәйкес болашақта жоғарыда айтылған негізгі мақсатты жүзеге асырмауына ешкім кепіл бола алмайды.

Ерсін ӘМІРЕ,

теолог,

Атырау қаласы.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*