ЖАСЫЛ ЖЕЛЕК – ЖАНҒА САЯ

Облыста ормандарды қору, күзету және молықтыру жұмыстарын Атырау қаласы, Индер мен Құрманғазы аудандарындағы мемлекеттік мекемелер жүргізеді. Өкінішке орай, оларда ара-тұра орман өрті орын алады. Міне, осы тосын жайды болдырмау жөнінде іс-шаралар жоспары жасақталды. Оның төркіні – төтенше жағдайлар департаментінің, өртке қарсы қызмет пен орман қоры учаскелерінің бірлескен қимылын қалыптастыру. Қазіргідей жаз уақытында жасыл желек баурайында демалушылар көп. Солардың тарапынан өрт қауіпсіздігін сақтамаушылық оқыс оқиғаларға жиі соқтырады. Осы орайда бірнеше оқу-жаттығу шаралары ұйымдастырылды. Сонымен қатар, былтыр орман өртінің алдын алуға облыстық бюджеттен 990 мың, ал ағаш қорын толықтыруға 1 млн. 412 мың теңге бөлінді. Соның нәтижесінде 85 шақырым минералдандырылған жолақтар салу, 65 га жерге ағаш отырғызу, 400 кило орман тұқымын жинау, т.б. жұмыстар атқарылды. Табиғи тал-теректері аз өңірлерде оларды қолдан егу жалғасуда. Мәселен, былтыр Мақат ауданында алты мың түп ағаш отырғызылды. Оған аудан тұрғындары түгелге жуық қатыстырылды.

Атырауға тән тағы бір құбылыс – құм көшкіні. Бұл да, сайып келгенде, ағаштардың аздығынан орын алып отыр. Өткен жылы Исатай селосында құм тоқтату шаралары қолға алынды. Осы жұмыстың негізіне ғылыми тұрғыдан таразыланған тұжырым басшылыққа алынды. Сонымен қатар, Миялы мен Жасқайрат елді мекендері үшін де қаржы қарастыру мүмкіндігі туды.

Үш кезеңнен тұратын табиғи-шаруашылық жүйелерінің қазіргі экологиялық жағдайын бағалау және геоақпараттық жүйе технологиялары негізінде Атырау облысының кешенді тақырыптық картасын жасауға бағытталған жұмыстың бірінші кезеңі 2007 жылы мәреге жеткен-ді. Алайда, кейін қаржыландыру қысқарып, ол тоқтап қалған. Аталмыш шараның маңыздылығы ескеріліп, қазір қайтадан жалғасын табуда.

Бізді бір қуантатыны – мектеп оқушыларының туған жерінің табиғатына  алаңдаушылық танытуы. Мәселен, әр жылы балалар арасында ұйымдастырылып отырған суретшілер конкурсы барысында балалар үлкендердің назарын күрмеулі проблемаларға аударады. Сонымен қатар, қалдықтардан жасалған бұйымдар көрмесі кәдеге аспайды делінген нәрселерден де жұртшылық назарын аударатын күнделікті қолданысқа қажетті заттар даярлауға болатындығын көрсетті. Атырау облысының өсімдіктер әлеміне арналған кітап пен күнтізбе жасау, қоршаған ортаны қорғауға қатысты ақындар айтысын өткізу, т.б. шаралардың бәрі де төл табиғатымызды таза сақтауға бағытталған.

Қоршаған ортаны қорғау шараларына үкіметтік емес ұйымдардың белсене қатысуы қуантады. Олармен бірге 124 қоғамдық тыңдаулар өткізілді. Солардың барысында табиғатты пайдаланушыларға құнды ұсыныстар беріліп, орынды пікірлер айтылды. Жалпы, қоршаған ортаға эмиссиялар үшін рұқсат және қорытынды алуға 1453 жоба мен өтініш тапсырылып, бәрінің де қорытындысы берілді. Ақырында, өңірде кең тараған пайдалы қазбаларды игеруші жиырма жер қойнауын пайдаланушымен 52 келісім-шарт жасалды.

Қорыта айтқанда, мақсатымыз – өңірдің қоршаған ортасын таза сақтауға күш-жігерімізді жұмсап, бұл бағыттағы мемлекеттік бағдарламаларды жүйелі жүзеге асыру.

Сапарбай ҚУАНЫШЕВ,
облыстық Табиғи ресурстарды реттеу және табиғат басқармасының бөлім басшысы.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*