Жасыл желек қайта жайқала ма?

Бір апта болды, Атырау шаһарының орталық көшелеріндегі ағаштардың бұтақтары кесіле бастады. Сала мамандары бұл  шараның қажеттіліктен қолға алынғанын айтады. Ал, редакция-мызға хабарласқан оқырмандарымыз талдардың тым жансызданып, жалаңаштанып қалғанына алаңдаулы. Жайқалып өскен жасыл желек қайтадан қалпына келе ме? Егер олай болмаса, экологиясы онсыз да қолайсыз аймақтың болашағы не болады? Біз осы сауалдарға жауап іздеп көрдік.

бұқара және шаһар шырайы

Облыс орталығында санитарлық талапқа сай талдардың бұтағын кесу жұмысын «AG Disinfection servises» ЖШС жүзеге асыруда. Құрылым осы мақсатта өткізілген тендерді жеңіп алған. Атал-ған компания директорының кеңесшісі Нұрлыбек Ахмедияровтың айтуынша, талдар жаңару үшін әрбір бес жыл сайын қураған бұтақтардан арылып, зиянкестерден тазартылуы тиіс. Жоспар бойынша бір ай ішінде 8400-ден астам терек кесілуі қажет. Қазір бұл жұмысты 6 жұмысшыдан құралған төрт бригада атқарып жатыр. Ал, жарамсыз бұтақтар «Арнаулы автобаза» полигонына қарай шығарылуда. Ағаштар діңін қорғау үшін сырлануда.

– Азаттық, Қ.Сәтбаев даң-ғылдары, Әуезов көшесі мен Тұрғындар қалашығындағы саябақ, облыстық, қалалық әкімдіктер маңы, жағалаудағы ағаштар жаңа кейіпке енеді. Бұл шараларға 39 млн. теңге бөлінді,-дейді «AG Disinfection servises» ЖШС директорының кеңесшісі.

бұқара және шаһар шырайы2

*Сіз не дейсіз?

Мақсатымыз  –  зиянкестен қорғау, жаңарту

Жанәділ МҰРАТУЛЛИН, «AG Disinfection servises» ЖШС ағаш өсіру инженері:

– Мұндай жұмыстар жұртшылыққа таңсық емес. Осыдан бірнеше жыл бұрын осы тектес шаралар жасалып, 4 метр биіктікте бұтақтар кесілді. Бұл жолы сол мөлшерден сәл асырдық. Жас теректер 80 см-1 метрдей алынды. Ағаш шырынының қозғалысы +16-18 градус температурада басталады. Қазіргі ауа райы оған сәйкес келмегендіктен, бұтақтардың орны сырлануда, кейін оларды зиянкестерден қорғау үшін өңдеу жұмыстарын жасаймыз.

Күтіп-баптаса, тасқа да гүл бітеді

Ізбасар ҚАБИЕВ, «Республикалық фитосанитарлық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы»  Мақат аудандық филиалының  басшысы:

Жалпы, тал-теректерді жаңартудың өз әдіс-тәсілі бар. Оның жапырақтары қурап, сынып, төменге қарай иіліп, бір сөзбен айтқанда, «ауырып» тұрғанда ғана кесу керек. Қала ішіндегі немесе ауладағы болсын, кейде артық өскен бұтақтар ыңғайсыздық  тудырып тұратыны жасырын емес. Ол инженерлік коммуникацияға да кесірін тигізеді.

Ағаштарды зиянкестер жеп қоймас үшін діңгегін әктеп, түбін қопсытып, күту қажет. Негізі, жыл сайын күз, көктем айларында осылай бапталған талдарға құрт та жақындамайды. Әрбір жан үйінің алдындағы терегін күтіп-баптағаны сияқты, облыс орталығындағы талдарға да ерекше мән беру керек. Егер ағаш діңінен кесілсе, оның кері дәл сол күйінде өсуі екіталай.

Бізде көбіне-көп қарағаш, бірді-екілі үйеңкі өседі. Мәселен, қарағаш – төзімді ағаш, аса күтім мен ылғалды қажет етпейді. Алайда, былтыр кейбір теректердің жапырақтарын зиянкестер жеп қойды. Сондықтан,  бұл мәселеге атүсті қарамағанымыз жөн.

Алаңдаушылық та бар

Ахмет МАХМЕТКЕРЕЕВ, Атырау қаласының тұрғыны, зейнеткер:

Облыс орталығының климаттық жағдайын ескере отырып, талдарды осынша деңгейде кесу дұрыс емес деп есептеймін. Өйткені, кейін оны қайта өсіру оңай болмайды. Тіпті, қарапайым шыбық еккенде де қиналып қаламыз ғой. Ал, оларды ретке келтіру, жаңарту үшін жасалған шаралар болса, онда тек құрғап кеткен бұтағын ғана алу керек еді. Зиянкестерден тазарту үшін әктеп, арнайы құралдармен өңдеу қажет. Ағаштарда кездесетін құрттар оның діңінде де болады.

Жаздың аптап ыстығында теректердің жапырағы көлеңкелеп, шынымен де жаяу жүргіншілерге «көмегі» тиетін. Енді бұл бұтақтар қайта жасыл желекке орану үшін біраз уақыт керек. Басқасын қайдам, бірақ, биылғы жаз айларында қала жалаңаштанып қала ма деп қауіптенемін.

P.S: Қалай болған күнде де, науқандық жұмыстар ең алдымен ағаштарды жаңарту үшін қолға алынып отыр. Яғни, теректер діңінен кесіледі де, жаңадан бүршік жаруына оң әсер етеді. Сөйтіп, бірте-бірте толық бұтаққа айналады. Әрине, тұрғындардың алаңдауы да негізсіз емес. Жасыл желекті қорғанышына айналдырған атыраулықтар талдар осы кейпінде қалып қоймаса екен дейді ғой.

Айбөпе Сабырова

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*