ЖАСЫЛ ЖАПЫРАҚ ЖАЙҚАЛЫП ӨСПЕЙ ТҰР

Міне, осы міндеттердің тұрғысынан қарағанда-ақ Индердегі 15437 гектар, Қызылқоға ауданындағы 2200 гектар орман қорын қорғау жұмыстарының маңызын арттырып, оның көлемін одан әрі ұлғайта түсу үшін пәрменді шаралар алу керектігі айқындала түседі. Сондықтан Елбасы мақаласында қойылған көптеген міндеттер біздің өлкеге де тікелей қатысты болып шықпайды ма?!
Жайық бойының қос жағалауына орналасқан, ұзындығы солтүстіктен оңтүстікке 135 км, ал шығыстан батысқа ені 100 метрден 6 км-ге дейін жерді және Қызылқоға ауданындағы барша жасыл белдеуді күтіп баптау, өсіру – Индер орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекеменің төл міндеті.
Өлкеміздегі орманды орналастыру, оның есебін жүйелеп, заңдастыру жұмыстары 1950 жылдардан кейін-ақ басталды. Оны Литвадан келген орманды орналастыру мекемесі атқарған. Әрине, бұл жұмыс өте күрделі. Сондықтан ол бір күнде, бір сәтте атқарыла салмайды. Содан да қазақстандық мамандар 1988-2003 жылдары ауданға келіп, жобалау мен есептеу жұмыстарын одан әрі жалғастырған. Жоғарыда біз көрсеткен 15437 гектар орман қоры сол мамандардың анықтауы бойынша алынып отыр. Әрбір 10 жылда атқарылатын зерттеу-зерделеу жұмыстарынан соң ғана оның көлемі өзгеруі тиіс.
Біз бұл сапарымызда мекеме басшысы Талғат Досан мен бас маманы Бағдат Қабыкенов бастап, бірнеше айналымдарға бөлініп, қорықшылармен қорғалатын аймақтың екі бөлегінде ғана болдық. Есболдағы үшінші (қорықшы Ж.Жақашев) және бесінші (қорықшы С.Кертанов) орман айналымдарына барған сәтте мұндағы «Жасыл ел» бағдарламасы бойынша жұмысқа қабылданған жастар мен мамандар қураған ағаштарды кесіп, бір ортаға жинап жатты. Бірі 592, екіншісі 1039 гектарды алып жатқан бұл аймақтағы жұмыстарды жеңіл деп ешкім айта алмасы анық. Оның үстіне бұл жұмыстардың көбі техника бара алмайтындықтан қолмен атқарылады екен. Жалпы осы маусымда орманшылар 50 жасты «Жасыл ел» бағдарламасы бойынша жұмысқа тартып отыр.
– Қураған ағаштарды уақтылы кесіп алып, айналасын тазалап алмасақ, бойына енген зиянкестер оның жанындағыларға да көшуі мүмкін. Сондықтан біз әр уақыт бұл санитарлық кесуді жүйелі атқарып отыруға ұмтыламыз. Бірқатар уақтылы кесілген ағаштардың қайтадан өсіп кететіндері де болады. Оны да ескеру керек. Әр кесілген ағаш діңгегіне белгі соғылады. Бұл ағаштың заңсыз кесілмеуі үшін керек,-деді бізге осы мекемеге соңғы кезде келген арнайы кәсіптік жоғары білімді маман-орманшы Б.Қабыкенов. Санитарлық кесу жұмыстарының жүйелі атқарылуына жауапты маманның сөзіне илансақ та 15437 гектар орман қорында қураған, құлаған ағаштардың аз еместігін байқадық. Ал қураған ағаштарды уақтылы есептен шығарып, өскендерін есепке қосу жоғарыда сөз еткен арнайы мамандардың үлесіндегі шаруа болып шықты.
– Мекемеде жұмыс істейтін мамандардың барлығы дерлік өз міндеттерін білетін, бастысы кәсіптерін меңгерген жандар. Орман қорын толықтай дерлік қоршаумен қамту жұмыстарын тұрақты жүргізіп келеміз. Өткен жылы «Базым» учаскесі қоршалып бітті. Ендігі жерде Елтай орманын қоршауды қолға алып отырған жайымыз бар. Елтайлықтар малдарын орман бетке жібермей, өрістерін ауыстыруы қажет,-деді ұжым басшысы Талғат Досан. Соған қоса, басшы соңғы кезеңде мекемедегі күнделікті жұмысқа өте қажет су соратын сорғы (мотопомпа), ара, трактор тіркемесі, «Нива» автокөлігі, тағы басқа керек-жарақтардың алынғанын айтып өтті. Кірістелген 3929,1 мың теңге ақылы қызметтен түскен табыстың да бір бөлегі заман талабына сай мекеменің оргтехникалармен қамтылуына жұмсалып, жұмыстың жаңа бағыттары айқындала бастаған.
Мекемедегі тың ізденістің қатарына жұмысы жандана бастаған орман алқаптарын (питомник) қосуға болады. Қоршалып, жыртылған 0,06 гектарға қарағаш, үйеңкі, шаған, айлант, туя, көктерек, жиде тұқымдары себіліп, күтімге алынған екен. Бұл көшеттер тұқымдары табиғаты біртектес Орал, Маңғыстау жерлерінен әкелінген. Алқапқа тамшылатып суару әдісі енгізіліпті. Бұл жұмыстың өзі тиімділікті ойлаудан әрі қосымша табыс табудың көзі болғалы тұрған жайы бар.
Олай дейтініміз, басшының сөзінше, көрші Батыс Қазақстан облысындағы Ақжайық ауданындағы әріптестері өздерінің осылай өсірген көшеттерін атыраулық мұнайшыларға сатып, қосымша тым тәуір табыс тауып жүрген көрінеді. Атыраудың табиғатына бейімделген, шыдамды әрі өсімтал ағаштарды мұнайшылар таңдап жүріп алады екен. Ал олардан басқа да үйренер жайлар аз емес. Соның бастысы, әрине, осындай қолдан бағып-баптайтын алқаптарды (питомниктерді) көбейту болып тұр. Жайықтың Бұқар бетіне де осындай бір питомник ашудың мүмкіндіктері қарастырыла бастауының бір сыры осында жатыр.
Осы арада индерлік орманшылар өсіретін ағаш көшеттерін өз жерлестерінен гөрі, Қызылқоға мен Мақат ауданы көбірек сатып алатындығы таңғалдырады. Мәселен, Қызылқоғаның Ойыл округі – 800, Көздіқара-100, Жамбыл-125, Мақат кенті-750, «АтырауКапСтрой» 507 түп көшет сатып алған. Ал, оған керісінше, биыл 400-ден аса түп ағаш отырғыздық деп бөркін аспанға атып жүрген Индер ауданында Ш.Уәлиханов атындағы орта мектеп қана 50 түп ағаш сатып алумен шектелген. Есесіне өткен жылы Индерден аудандық мұражай, аурухана, Ш.Уәлиханов, М.Әуезов, «Көктем», өнер мектептері, кент пен көктоғайлықтар санаулы ғана ағаш көшеттерін алған. Ал, Жайықты жағалаған орман-тоғайларға жас шыбықтар отырғызуға ешкім мән беретін емес. Қазір көптеген ағаштар қурап жатыр.
Орман қорықшыларымен кездескенімізде, олар өткен жылдары су келмей кеуіп қалған бірқатар айналымдар ішіндегі өзектер мен сайларға биыл су құйылып, оның маңындағы жасыл желектер тамырларының біраз нәр алып қалғанын риза бола әңгімеледі.
Орман-тоғайлар Жайықтың жағасын ала бере орналасқандықтан ол маңдарға дымқыл жетпей қалады-ау деп алаңдаудың да қажеті жоқ, тек мал кірмеуі керек. Ол үшін көктем келісімен-ақ қорықшылар қоршаулардың бұзылған, бүлінген жерлерін өз күштерімен жөндеп шыққан. Тек округтер әкімдері оны қорғауға жеткілікті назар аударса болғаны.
Сөз жоқ, орманды қорғау әрбір қорықшының күнделікті атқаратын негізгі қызметтік міндеті саналады. Бір өкініштісі, олардың маусымның әр уақытына байланысты берілген тапсырмалар және өздерінің міндеттерін жыл он екі ай бойына мереке, демалысқа қарамастан атқарғандарымен, алатын табысы төмен екеніне еріксіз таңғаласыз. Бұл еңбек адамының жұмысқа деген ынтасын көтеруге жұмыс істемейтіндігі анық. Ал ауылдық жағдайда бұл жұмысқа жастардың қызықпауының бір ұшы осында жатқаны тағы белгілі.
Атадан мал емес, тал қалдыруды ойласақ, осы орманшылар, қорықшылар еңбегін елеу керек. Осындай келелі міндеттердің де байыбына бару керек-ақ.
Орманшыларды қатты алаңдататын жұмыстардың бірі – өрттен қорғану болып отыр. Сондықтан да әр кезең сайын мекемеде орман өртінің алдын алуға бағытталған іс-шаралар жоспары жасақталып, басшылыққа алынады. Бұл шаралар аудандағы жеті округ әкімдіктері, ішкі істер, денсаулық, өртке қарсы қызмет және төтенше жағдайлар бөлімдерімен бірлесе отырып жасақталған. Сондай-ақ орманшылар аудандағы білім беру орындары мен шаруашылық ұжымдары арасында ақпараттық-насихат жұмыстарын іске асырады. Оған қоса орманмен шектесетін екі шаруа қожалығынан іс-шара жоспарына сай кепілдік хат алынған. Орман бойында 60 км жерге өрт қауіпсіздігі белдеулері жүргізілген.
– Мекеменің өзінде жиналыс болып, ұжым мүшелеріне орман өртінен сақтану шаралары таныстырылды. Арнайы өрт стансасы жасақталды. Он бір адамнан тұратын өрт сөндіру жасағының тізімі анықталып, олармен жаттығулар өткізілді. Жаңадан көрнекіліктер орнатылып, ұжымдарда лекциялар оқылды.
Орман шаруашылығы бойынша МТЗ-82 тракторы, АЗ-8524 тіркемесімен, жер жырту техникасы, су шашқыш насостар,117 метрлік 17 сужеңі, 20 дана ОВР-16 су бүріккіші, сапалақ, күректер, аралар, газсақтандырғыш, арнайы киімдер дайындалып қойылды,-деді Талғат Қайыржанұлы әңгіме жазғы маусымдағы өрттен сақтану шаралары туралы сөз болғанда.
Жалпы «сақтансаң, сақтармын» дегендей, мекеме бойынша әрбір орман айналымындағы қорықшылар үйлерінің маңында арнайы орын жабдықталып, оған өрт бола қалған жағдайда керекті барлық құрылғылар жинастырылып қойылған.
Орман – ауаны тазартатын табиғаттың жүрегі ғана емес, біз бен сіздің күш-қуатымызды арттырып, жан дүниемізді жағымсыз нәрселерден арылтатын жансерігіміз. Бұл істе бізге Сарыарқаның киік жортқан сары даласын жасыл орманды алқапқа айналдыру ісін жедел қолға алған Елбасының өзі үлгі болып отыр емес пе?! Ендеше, жаһандық «Жасыл көпір» идеясы біздің өлкеге де жат емес, оның өмірлік қажеттілік екендігін әрдайым ескеріп жүргеніміз жөн.

Сүйеу ХАЛЫҚОВ.
Есбол селосы.
Индер ауданы.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*