ЖАСТЫҚ ШАҒЫМДЫ ЕСІМЕ ТҮСІРДІ

 

Вокзалдың құрылысы салынып жатқанда қайнаған жұмыстың бел ортасында менің әкем Оразғали Өтегенов те жүрді. Алғашында қара жұмысшы, кейін теміржол салып жатқан жұмысшылардың басшысы болды. Әкемнің үйге келіп бір таяқ пен екі дөңгелекті сызып жататыны көз алдымда қалды. «Әкем сурет салып жатыр» деп жанына жетіп баратынбыз. Кейін түсіндік қой, жұмысшылардың бір күнге жасаған сегіз сағат жұмысын белгілейді екен. Теміржол құрылысын салып жатқан жұмысшылардың екі-үш жанұясы қуықтай бір бөлмеде тұратын. Әкеміз жол салып жүргенде, яғни 1934 жылы бұрынғы Гурьевтегі теміржолшылар тұратын бір бөлмелі үйде мен дүниеге келіппін. Кейін, теміржолдың бағыты Атырау, Доссор, Байшонас, Ескене болып ұзап кетті. Доссорда да біраз жыл тұрдық. Бұрынғы ескі теміржолдың қандай қиындықпен, еңбекпен салынғанын жақсы білемін. Тікелей куәгері болдым десем, артық айтқаным болмас. Жол құрылысы біткесін, Ұлы Отан соғысы кезінде үлкен күрежолға айналып, мұнай тасымалданды. Менің бір ағам осы вокзал арқылы майданға аттанып, аман-есен елге оралды. Соғыс басталған 1941 жылы вокзал бойындағы бір бөлмелі үйде ең кіші інім Серік Өтегенов те дүниеге келді. Вокзал туралы айта берсем естелігім көп. Газеттегі мақаланы оқып отырып, көзіме еріксіз жас алып, өткенді есіме түсірдім. Сол кездегі ақкөңіл адамдарды ойладым.

Ерен еңбекті ұлықтап, сол кездегі қарапайым адамдардың өмірін көрсету – бүгінгі күннің парызы. Осы орайда газет ұжымына шығармашылық табыс тілей отырып, еңбектерің елене берсін деген тілегімді арнағым келеді.

Қалғыз ӨТЕГЕНОВА, Атырау қаласының тұрғыны, зейнеткер.

 

 

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*