ЖАСТАРДЫҢ ЖАНАШЫРЫ ЕДІ…

 

Орал қаласындағы Пушкин атындағы педагогикалық институттың жаратылыстану-география факультетінде білім алып,  Гурьев облысы, Ембі ауданының Қаратон поселкесіндегі Крупская атындағы орта мектепке мұғалімдік қызметке жіберілді.

Ертелеу Көшенұлы 1981 жылдың қараша айында облыстық балалар-жасөспірімдер спорт мектебіне директордың оқу-тәрбие жұмыстары жөніндегі орынбасары, ал, бес жылдан соң аталған мектептің директоры қызметіне тағайындалды. Міне, содан бері 27 жыл бойы осы қызметте табан үзбестен жұмыс жасап, 2013 жылы құрметті демалысқа шықты.

Ерағаңның осы мектепті басқарған жылдары облыстың спорт саласы тарихында алтын әріптермен жазылып қалары анық. Өйткені,  көптеген қиыншылықтарға төзе біліп, осы күнге дейін мектеп спортшыларының биіктен көрінуіне өз үлесін қосты.

Тоқсаныншы жылдардың басында, Кеңестер одағы тарап жатқан кезде Атырау облысы аумағында да көптеген спорт мектептері жабылып қалған болатын. 1997 жылы Балықшы поселкесінде орналасқан облыстық №2  спорт мектебімен қосылып, 12 спорт түрінен құрылған үлкен спорт мектебіне қазақ-түрік лицейінен босаған, Вокзал маңы 5 ықшамауданындағы апаттық жағдайдағы бұрынғы балабақша ғимараты берілді.

Осы ғимаратты жөндеу жұмыстарына үлкен қаржы қажет болған кезде іскер басшы өз тәжірибесі арқасында қосымша қаржы көздерін іздестіріп, мектепте спорт түрлерін сақтап қалу жолында үлкен еңбек атқарды.  Осы жылдар ішінде спорт мектебі облыстағы мектептердің арасында жаттығатын шәкірттерінің жетістіктері бойынша алдыңғы орыннан көрінді.  Атап айтсақ, соңғы бес жыл ішінде төрт халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 21 Қазақстан Республикасының спорт шебері даярланды.

Мектеп түлегі, дзюдо күресінен Қазақстан құрама командасының мүшесі Ренат Ибрагимов 2008 жылы Бейжің және 2012 жылы Лондон олимпиадаларына қатысып, төртжылдықтың басты додасында екі рет қатарынан бақ сынасқан тұңғыш атыраулық спортшы атанды.

2012-2013 жылдары №1 балалар-жасөспірімдер спорт  мектебінен Әлем біріншіліктерінің төрт жүлдегері, Азия чемпионаттарының үш жеңімпазы мен төрт жүлдегері, Қазақстан Республикасының 46 чемпионы даярланды. 

Ерағамыз басшылық жасаған соңғы жылдың, яғни, 2013 жылдың өзінде тоғыз спорт түрінен 132 жасөспірім спортшы-разрядшылар тәрбиеленді.

Ертелеу Көшенұлы – мектеп қызметкерлеріне әрдайым тәлім- тәрбие беріп, жаттықтырушы-мұғалімдердің білімдерін жетілдіруіне, тәжірибесін шыңдауына бірден-бір себепші болған талантты басшы.

Осындай орасан еңбектің арқасында көптеген жаттықтырушы-мұғалімдер «Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген жаттықтырушы», «ҚР Білім беру ісінің үздігі», «Ұлттық дәрежедегі төреші» деген құрметті атақтарға ие болды.

 «Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген жаттықтырушы» Нұрхат Дүйсембаев – таэквондодан ҚР құрама командасын әлемдік деңгейдегі жарыстарға дайындайтын жаттықтырушылардың қатарында. Ал, облыстық шахмат федерациясының вице-президенті Сабырбай Гайсин өзінің шығармашылық жұмыстағы тәжірибесі арқылы жас шахматшыларды тәрбиелеуде орасан табыстарға жетіп келеді.

Сонымен қатар, «Халықаралық дәрежедегі төреші»  Есенқос Зұлханов  (қазақ күресі), «ҚР Білім беру ісінің үздігі» Құрманбай Әшетов (тоғызқұмалақ), «Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген жаттықтырушы» Игорь Мырғамбаев –  (ауыр атлетика) – мұғалім-жаттықтырушылар ретінде іскерлік қабілеттерімен көзге түсіп, мектеп абыройы үшін жемісті қызмет атқарып жүрген ардагер спортшылар.

Адал еңбек ешқашан ескерусіз қалмайды. Ертелеу Жұбанәлиевтің көп жылғы басшылық қызметіндегі ұйымдастырушылық еңбегі ескеріліп, Елбасының Алғыс хатына, ҚР Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасына ие болып, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне – 20 жыл» мерекелік медалі мен «Қазақстан Республикасының Құрметті спорт қайраткері» төсбелгілерін кеудесіне тақты. 

 Ертелеу Көшенұлының жарқын бейнесі мәңгілік есімізде сақталады.

Бимырза ТАЙЖАНОВ,

№1 балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің директоры,

Атырау қаласы.

 

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*