ЖАСТАРДЫ ОҚЫТУДЫҢ ЖАҢА ЖОБАСЫ

Сәрсенбі күні Назарбаев зияткерлік мектебінде Халықаралық жастар қорының және STEM институтының өкілдері Хиллс Дженнифер, Хоук Патриция және Стив Крок Атырау қаласындағы мектептер, колледж және лицей басшыларына аталған жобаның таныстырылымын өткізді.

Өмірлік дағдылар жобасы 2015-2019 жылдар аралығында жүзеге асырылатын төрт жылдық бағдарлама аясында Атырау қаласында екі мың жас азаматты жұмысқа тарту мүмкіндігін арттыруға, еңбекке қабілеттілігін жоғарылататын өмірлік дағдыларды сіңіруге бағытталған. Жоба үш кезең бойынша, атап айтсақ, іске қосу, оқу және машықтану кезеңдері арқылы жүзеге асырылмақшы.

Айта кетсек, Нұрсая мөлтекауданында құрылысы басталған Атырау жастар орталығы «Шеврон» компаниясының өңір жастарына арнаған ең үлкен сыйы болмақ. Компанияның осы жоба жөніндегі қоғаммен байланыс маманы Джессика Ховардтың айтуынша, нысан пайдалануға берілгенге дейін компания жастармен жұмысты қазірден бастап кетуді көздеп отыр.

– Жастар орталығы сарайында жаңа инновациялық бағдарламалар  жүзеге асырылмақшы. Олар өзге елдер тәжірибесінен алынғандықтан, жергілікті жерге ыңғайлап енгізу қажет. Сондықтан, осы өңірде STEM жүйесінің пилоттық нұсқасын дамытпақпыз. Облыс орталығындағы білім беру ұйымдары бізбен серіктестік орнатып, сәттілік жолдас болады деген сенімдеміз, – дейді ол.

Мектептер, колледж-лицейлер басшыларының көмегімен бұл жобаны жаңа оқу жылынан бастап оқу орындарының бағдарламасына қосымша факультативті сабақ ретінде енгізу жоспарда бар.

            Айгүл ЕРТІЛЕУ.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*