«Адам баласынан мейірім қашса…»

balasynan mejirim qashsa e1518067534743 Жаңалықтар

Иә, мына әлемді мейірімнен мақұрым дей алмаймыз. Десек те, адамдар осы бір нәзік ұғым – мейірімге шөлдеп, мұқтаж болып жүргендей көрінеді. Жанын бағамын деп жан досын ұмыту, ақша табамын деп арынан айырылу, безбүйректеніп баласынан безіну, жығылған жанға жұдырық беріп, сүрінгеннің сыртынан күлу, байларды бағалап, тұрмысы төмендерге түксие қарау – ащы да болса бүгінгі қоғамның боямасыз бейнесі бұл. Ал, мейірім осылардың көлеңкесінде қалып жатқандай.

Адам баласынан мейірім қашса

Балаларға арналған ойын алаңында үнемі бірге жүретін 7-8 жас шамасындағы екі ер баланы байқайтынмын. Ойындары жарасып, егіз қозыдай өсіп келе жатқан екеуінің қылығына көршілер де сүйсіне қарайтын. Бірақ, олардың көңілі балалардың біріне ит шауып, өміріне қауіп төндірген сәттен бастап су сепкендей басылды. Бәлкім, бұл да бір ет үйреніп кеткен жағдайлардың бірі болар, десек те…

«Түс мезгілі болатын. Үй астындағы дүкенге жақындап қалғаным сол еді, кенет бір топ баланың жанында жүрген сары ала ит балалардың бірін алып жығып, бас салды. Қолыма іліккен затты алып, жан даусым шығып айқайлап, батылым жетіңкіремесе де баланы арашалап алғым келді. Сөйткенімше, көлігінен енді ғана түсіп жатқан көршім Нұрболат баланы айырып алды. Ал, сол сәтте әлгі баланың бірге жүретін досы оқиғаны қызықтап қана, қолындағы телефонына түсіріп тұрды. Өзі мәз. Бала делік, бірақ мұндай сәтте досына көмектесудің орнына, телефонға түскен бейнежазба артық болғаны ма?! Біз кімдерді өсіріп жатырмыз? Жастайынан қатыгез бала, есейгенде кім болады?»,-деген Айнұр көршімнің әңгімесіне бейжай қарауға болмас еді.

Жол-көлік апаты, өрт, тіпті жастардың ұстаса қалған сәттерінде «адамдар аман ба екен?», «білместік жасаған болар, айырып жіберейік» деп жақсылық ойлаудың орнына телефонның камерасын қосып, әлеуметтік желілерге жүктеу үйреншікті іске айналып барады.

Мәселен, өткен жылдың желтоқсан айында Атырау қаласындағы №22 және №24 орта мектеп оқушыларының арасындағы келіспеушілік көп кешікпей «WhatsaАрp» және «Instagram» әлеуметтік желілеріне тез таралып кетті. Сол сәтте жаппай төбелесті көрген азаматтар полицияға хабарлап, жасөспірімдерді ақылға шақырудың орнына телефон камерасына түсірген. Анықталғандай, екі мектептің бірнеше оқушысы сабақ уақытынан кейін көшеде төбелес ұйымдастырған. Бастапқыда кикілжің екі оқушының арасында пайда болған, ал, қалған қатысушылар достарына «жәрдемдесуге» келген. Жуырда Атырау облыстық кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі ауданаралық мамандандырылған сотының баспасөз қызметі оқушылар ұйымдастырған төбелес үшін олардың ата-аналарының жауапкершілікке тартылғанын мәлімдеді. Аталған сотта 10 әкімшілік іс қаралып, барлық жағдайда айыппұл жазасы тағайындалған.

Атырау қаласындағы №33 Қ.Қайсенов атындағы орта мектептің психологы, тәжірибелі маман Мәрзия Ермұханова адамдардың мұндай әрекеті барып тұрған қатыгездік екенін айтады.

«Күнделікті өмірде болып жатқан келеңсіз оқиғаларды сырттай бақылап, оқиға құрбанын қызықтап, әлеуметтік желілерге жүктеуге асығатын адамдарды жиі байқап жүрміз. Өйткені, зиянды ақпараттар мен қатыгездікке толы кинолар, бейнематериалдар біздің санамызға сіңіп, оларды саналы түрде қабылдауға бағыт алып барады. Ең қауіптісі, оған әсіресе, жасөспірімдер мен балалар мейлінше ден қоюда. Сондықтан, болашақта адам бойындағы мейірімділік пен адамгершілік, бауырмалдық секілді асыл қасиеттерді жоғалтып алмау үшін әлемде болып жатқан теріс оқиғалар туралы берілетін ақпаратқа тыйым салынуы керек. Адам санасын улайтын ақпараттардан гөрі ұрпаққа ұлттық тәрбие беретін құндылықтар насихатталуы тиіс»,-дейді маман.

Зиянды ақпараттардан бөлек, соңғы бір-екі жылда «Instagram» желісінен өз дене мүшелерін бөлшектеп, қан-жоса етіп жариялау да «сәнге» айналды. Мобильді қосымшалардың арнайы бағдарламалары арқылы жасалатын қатыгез суреттердің зардабы қоғамда қаншама қылмыстың орын алуына итермелеп жатқанын айтудың өзі қорқынышты. Ең сорақысы, өзгелерді айтпағанда елдің айнасы болып жүрген танымал әншілер мен актерлердің өзі мұндай суреттерді жарыса салады. Бұл әрекеттерді ой-санасы жетіліп болмаған, оң-солын танып үлгермеген балалар қалай қабылдап жатыр, ойланып көрдіңіз бе?!

Қатыгездіктің көбеюі рухани құлдырауымыздың көрінісі. Ал, ата-ананың да, Отанның да көкжиегін кеңейту мейірімді ұл мен қыздың ғана қолынан келеді.

P.S. «Адам баласынан мейірім қашса, жер бетінен жақсылық қашады». Иә, бұл данышпан халқымыздың уақыт тәжірибесінен түйгені. Өмір күннен күнге өзгеріп жатыр, бірақ, бұл «мейірімсіз бол» деген сөз емес. Керісінше, мейлінше мейірімді, барынша бауырмал бол, үлкеннен ізетіңді, кішіден құрметіңді аяма! Себебі, қатыгездік сенің – қас жауың.

Мәлике МӘЛІК

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз