Жасампаздықтың жарқын көрінісі

Тәуелсіздік  Декларациясын атыраулықтар да бірауыздан қолдауда

Қайсар рухтың жемісі

Тәуелсіздік – ең алдымен, қазақ халқының бостандыққа ұмтылған асқақ армандары мен қайсар рухының жемісі. Сондықтан да біз үшін ол – ең қастерлі күн.

%d0%b5%d0%bb-%d0%b6%d3%99%d0%bd%d0%b5-%d0%b5%d0%bb%d0%b1%d0%b0%d1%81%d1%8b

Қазақ халқымен бірге әртүрлі этностардың да Отаны болып табылатын біздің еліміз бүкіл әлемге қоғамдағы татулық пен ынтымақтастықты сақтаудың, әртүрлі ұлттық мәдениет пен діннің үйлесімді дамуына қамқорлық жасаудың жарқын үлгісін көрсетіп берді.

Жас мемлекетіміз осындай аз ғана уақыттың ішінде көптеген ірі экономикалық, саяси және әлеуметтік жетістіктерге қол жеткізді. Еліміздің аяғынан нық тұруы, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және экономикамыздың жедел қарқынмен дамуы  қазіргі таңда бүкіл әлемді таңдандырып отыр. Ұлт Көшбасшысы іргетасын қалаған Астана еліміздің, халқымыздың рухын асқақтатты. Осы жылдар ішінде аймақтар да адам танымастай өзгерді.

Мағауия ШЫРДАБАЕВ,

«Эмбаведьойл» ЖШС бас директорының кеңесшісі,

экономика ғылымдарының докторы, профессор.

Аналардың тілегі бір

«Тәуелсіздік декларациясы» – мерейлі мереке қарсаңында жарық көрген маңызды тарихи құжат. Ол Тәуелсіздіктің жиырма бес жылдығы аясында халыққа рух беріп, жігерін жанып, алдағы күнге сеніммен қарауға жетелейді.

Декларацияда ширек ғасыр ішінде атқарылған, қол жеткізілген жетістіктер нақты баяндалған.

1991 жылы аласапыран кезде елге басшы болып, өтпелі кезеңнің өкпек желіне кеудесін тосқан, ұлтының келешегі үшін жанкештілікпен қызмет еткен Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев есімі әлемге танылды.

Дүние жүзінде тұңғыш рет ядролық қарудан бас тартып, бейбітшілік сүйгіш саясатын әлемге паш еткен Елбасын төрткүл дүниенің төрт бұрышындағы аналар қолдайтынына нық сенімім бар. Алмағайып заманда елін тарих сахнасына алып шыққан сарабдал саясаткер, кемел көсем Нұрсұлтан Әбішұлын қалай қадірлесек те артық емес. Қазақта «Жақыныңды жаттай сыйла, жат жанынан түңілсін» деген аталы сөз бар. Ендеше, Ұлы Даланың арғы дәуірлеріндегі сақ, ғұн, үйсін мемлекеттерінің, бергі кезеңдегі Ұлы Түрік қағанатының, Дәшті қыпшақ пен Алтын Орда мемлекеттерінің заңды мұрагері – қазақ халқының әлемге танылуы үшін ерен еңбек етіп жүрген Елбасын әрқайсымыз қолдауымыз қажет.

Дәметкен СЕРІКБАЙҚЫЗЫ,

Ардақты ана,

Құрманғазы ауданы.

Тарихи құжат

Парламент депутаттары қабылдаған Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған Декларациясын тарихи құжат деуімізге толық негіз бар. Оған Декларацияда «Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерейтойы – өз тарихында тұңғыш рет заманауи мемлекет құрған Қазақстан халқының ауқымды тарихи жетістіктерінің жарқын көрінісі. Қазақстан үшін Тәуелсіздіктің 25 жылы ілгерілеу мен орнықты дамудың кезеңі болды» дегені дәлел бола алады.

Тәуелсіз Қазақстан өзінің жаңа тарихымен табысты және бүкіл Орталық Азия өңірінің көшбасшысы атануға құқығы бар екендігін дәлелдеді. Өз Тәуелсіздігінің 25 жылында Қазақстан экономикасы қарқынды дамыған, табысқа жетудің бірегей тәжірибесі бар саяси тұрақты мемлекет ретінде қалыптасты. Біздің елімізде экономикалық, саяси және әлеуметтік салаларда аса ірі өзгерістер жүзеге асты. Декларацияда «Тәуелсіз Қазақстанның барлық жетістіктері мен жеңістері Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тегеурінді және дана басшылығымен әрбір қазақстандықтың табанды да тынымсыз еңбегінің арқасында мүмкін болды. Президент Н.Назарбаевтың саяси ерік-жігері және стратегиялық көрегендігі дамудың қазақстандық үлгісінің табысты болуын айқындап, Қазақстанның орнықты өсіп-өркендеу жолына шығуына мүмкіндік тудырды» деп жазылған.

Енді бұл құжаттың тарихи тағылымын ел ішінде, әсіресе, жас буынның арасында кеңінен насихаттаған орынды болатын секілді. Олай дейтінім, аталған Декларацияның еліміздің басты идеологиялық құжаты ретіндегі маңызы айрықша болғалы тұр. Мұны тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктеріміздің кеңінен қамтылғанына байланысты айтып отырмын.

Орынша ҚАЙРЕКЕШОВА,

Махамбет аудандық ішкі саясат бөлімі басшысының міндетін атқарушы.

Көргені көп көш бастайды

Тәуелсіз Қазақстан мен Елбасы қатар аталады. Оларды бір-бірінен бөліп  қарай алмаймыз. 

Біз Тәуелсіздікті осыдан 25 жыл бұрын есейген шағымызда қарсы алдық. Елдің бұрынғы жағдайы мен бүгінгі белесі біздің көз алдымызда өтті. Қазақстанның ел болып еңсе тіктеуін көрген, өлшеусіз үлес қосқан бір адам болатын болса, ол – Тұңғыш Президентіміз. Сондықтан да өзінің тер төккен, елдің даңқын әлемдік деңгейге көтерген, елдің ықыласына кенелген парасатты, Түркі дүниесінің ақсақалы атанған, аразды достастырып, алысты жақындатқан Елбасымыздың есімі Қазақстан халқы үшін ерекше. Сондықтан да халқымыз Елбасын келешекке бастаған  көшбасшы деп біледі. Бұл қазақстандықтардың Елбасына деген құрметі, ниеті, берген бағасы деп білеміз.

Сайын ҚУАНЫШЕВ,

Атырау облыстық мәслихатының депутаты.

Ғасырға татитын кезең

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған Декларацияның қабылдануы ел тарихындағы маңызды оқиға болып саналады.

Бүгінде отандық денсаулық сақтау саласы әлемдік стандарттар деңгейіне көтерілді. Олай дейтініміз, бір кездері арман болған заманауи медицина орталықтары, ауруханалар мен емханалар заманауи үлгіде бой көтеріп, елге қызмет көрсетуде. Тіпті, шалғайдағы ауыл халқына да медициналық көмектің қолжетімділігі кеңейтілді. Бұрын шетелдерде жасалынып келген күрделі оталардың өңірімізде жүзеге асуы да – Елбасының арқасы. Сондықтан Декларациядағы ұсынысты бірауыздан қолдаймыз.

Сайын ШОМЫРОВ,

облыстық аурухананың бас дәрігері.

Баға жетпейтін еңбек

Кейбір мемлекеттер ғасырларда қол жеткізген асуларды біз жиырма бес жылда ғана бағындырдық. Бұл ретте Елбасының рөлі айтарлықтай зор.

Ел тарихында биылғы жылғы желтоқсан айының алатын орны бөлек. Өйткені, бұл айда екі бірдей ұлы мереке — Тұңғыш Президент күні мен ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аталып өтпекші. Осы атаулы даталар қарсаңында ерекше маңызды тарихи құжат қабылданып отыр.

Осы бірегей құжатта Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Қазақ елі мемлекеттігін құру жолындағы баға жетпес рөлі атап көрсетілген. Сондай-ақ, Мемлекет басшысының сарабдал саясатының арқасында дүниеге келген дамудың «қазақстандық жолына» тарихи баға берілді.

Құжатта білім беру саласын кешенді реформалау Қазақстанның әлемдік білім беру кеңістігінде лайықты орын алуына жағдай жасағандығы, отандық білім беру жүйесі мен ғылымды жетілдіру мемлекеттік саясаттың стратегиялық басымдықтарының бірі және елді әлеуметтік-экономикалық жаңғыртудың шешуші тетігі болып табылатыны келтірілген. Қазақстан адамдардың сауаттылығы деңгейі бойынша Адам дамуы индексі әлемдік тізімнің алғашқы үштен біріне кіреді екен.  Бұл – үлкен жетістік!

Нұрзила СӘРСЕНОВА,

педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*