«Жас агро» – жастардың жанашыры

Үстіміздегі жылы алғаш рет «Жас өрен» қоғамдық бірлестігінің бастамасымен облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының қолдауы нәтижесінде «Жас агро» жобасы қолға алынды. Осылайша жаз уақытында мұнайлы мекен жастарына демалыстарын өндіріспен сабақтастыруға мүмкіндік туды. Жоба пилоттық негізде енгізілгендіктен, студенттерге жалақы төлеу мәселесі әлі де қарастырылып жатыр. Әзірге көкөніс пен бау-бақша дақылдарын егуге бірлестік мүшелері өздері шықты. Жобаның жүру барысы жөнінде толығырақ білу үшін бірлестік төрағасы Қайырғали Азиловпен тілдескен едік.

%d0%b6%d0%b0%d1%81-%d0%b0%d0%b3%d1%80%d0%be-%d0%b6%d0%b0%d1%81%d1%82%d0%b0%d1%80%d0%b4%d1%8b%d2%a3-%d0%b6%d0%b0%d0%bd%d0%b0%d1%88%d1%8b%d1%80%d1%8b

– Білуімізше, жобаны іске асыру бағытында қажетті техника мен құрал-жабдықтар бөлініп, үш мезгіл тегін тамақ пен жатын орын қарастырылған екен. Ендеше, жастар неге құлықсыз?

– «Бесікті» елді мекенінен жеке кәсіпкердің  төрт гектар жері ақысыз негізде пайдалануға беріліп отыр. Енді жастарға жалақы төлеу жөнінде басқармаға ұсыныс жолдап отырмыз. Жобаға Атырау мұнай және газ университетінде «Серпін» бағдарламасымен оқып жатқан студенттер қатысып көрді. Кейін «кешке жұмыста боламыз, уақытымыз жоқ» деп бас тартты. Ал, күндіз шаруамен айналысуға күн ыстық, қолайсыз болды.

– Қателеспесек, әлеуметтік тапсырыс шеңберіндегі мұндай жобалар өзге өңірлерде жоқ. Бастаманың артықшылығы неде?

Біріншіден, студенттер жазғы демалыс кезінде жұмыспен қамтылады. Ақ адал еңбектерінің жемісін көреді. Екіншіден,  ауылшаруашылық саласында біраз тәжірибе жинайды. Егін қашан егіледі, қалай жиналады, одан қандай пайда түседі, соны үйренеді. Үшіншіден, жобаға қатысқан жастар жеке кәсібін ашуға мүмкіндік алады. Жеңілдікпен жер бөлініп, кәсіпкерлік бағытында тегін кеңестер берілетін болады. Сөйтіп, жалпыға ортақ еңбек қоғамы ауыл шаруашылығына бет бұрады.

– «Жас агроның» алдында тұрған міндеттер қандай?

– Егер жоба толық жүзеге асқан жағдайда, егін өнімдерінен түскен қаржыны пайдаланып, жылыжай салғымыз келеді. Биыл жарты гектар жерге асқабақ, қауын-қарбыз, қияр, қызанақ, бұрыш, баклажан, т.б. көкөніс және бау-бақша тұқымдарын ектік. Бәрі де өнікті өнім берді. Ал, укроп пен пияз өспей қалды, себебі, оны тамшылатып суару қажет екен. Міне, осылай біраз тәжірибе жинадық.

Егер келесі жылы тендерге қатысып, аталмыш жобаны ұтып алсақ, оқу орындарын аралап, студенттерді жинайтын ойымыз бар. Оларға биылғы «Жас агроның» жетістіктерін көрсетеміз, жобаның жүру барысымен таныстырамыз, шаруаға бейімдейміз. Бұл ретте бір атап өтерлігі, «Жасыл ел» ұйымындағыдай, студент бір ай ғана жұмыс жасай алады. Себебі, жобаға қатысушыларды мейлінше көбірек қамтуымыз керек. Айталық, тоқсан студент жиналса, оларды отыз-отыздан үш айға бөлеміз. Жалақы мөлшері де шамамен 40-50 мың  теңге көлемінде болмақ.

Айтпақшы, жобаға белгіленген жер аумағы облыс орталығына жақын маңнан берілсе екен деген ұсынысымыз да бар. Өйткені, «Бесікті» елді  мекені күн сайын қатынауға тым алыс болып отыр.

– Жалпы, қазір ауылға барып, кәсіп ашып жатқан жастар бар ма?

– Сондай кәсіпкер жастардың бірі – Миялы селосында тұратын мемлекет қолдауын сезініп отырған жеке кәсіпкер Нұргүл Жекенова. Ол осыдан үш жыл бұрын аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі арқылы Атырау қаласында бір айлық оқу курсынан өтіп,  тігіншілік білімін жетілдіргенін айтады.

Былтыр ол «Райян» деген атаумен өз тігін шеберханасын ашып, арманына қол жеткізген. Онда әртүрлі киімдерді тігеді. Олардың қатарында арнайы сән үлгілері, мектеп формасы, той-шерулерде киетін және мерекелік костюмдер, үйлену тойының көйлектері, т.б. бар. Сондай-ақ, шақтап қысқарту, төсек-орын, перделер тігу сияқты қосымша жұмыстар да атқарылады.

Тігінші Миялы селосындағы «Керуен» сауда орнының бір бөлмесін жалға алып отыр. Бүгінде ол аудан орталығынан бөлек, Жангелдин, Көздіғара, Жасқайрат ауылдарын да отандық өніммен қамтамасыз етеді. Тапсырыс та жылдан-жылға артып келеді. Тіпті, аз ғана уақыт ішінде Атырау қаласы, Жылыой,  Құрманғазы аудандарынан сұраныс қабылдап үлгерген. Өйтпегенде ше? Көздің жауын алатын әсем туындылар шетелдік брендтерден кем емес. Әрі, бағасы да қолжетімді. Сан түрлі эскиз үлгілері – тігіншінің өз идеясынан туындап отыр. Демек, оған деген қызығушылық көбеймесе, азаймайды. Нұргүлдің ендігі көздегені – кәсіпкерлік аясын кеңейту.

–  Олар мемлекет қамқорлығын сезініп отыр ма?

– Қызылқоғалық жас кәсіпкер Айдана Қайырғалиева өткен жылы «Айқын» фотосалонын ашып, небәрі жиырма жасында үлкен шаруаны бастады.  Енді кәсіби фотопортреттер, төлқұжатқа арналған суреттер, маңызды шаралар түсірілімдері, портфолио құжаттары, буклет пен каталогтар сияқты жарнамалық өнімдердің түр-түрі осында дайындалады. Атырау қаласы,  Бірлік селосының тумасы Каспий өңірінің қазіргі заманғы колледжінің түлегі екенін мақтанышпен айтады. Мамандығы – мұнай-газ және өңдеу технологі. Оған қоса, бастауыш сынып мұғалімін де игеріп шыққан. «Ақыл – жастан» деген осы емес пе?

Оқи жүріп, Сағыз селосындағы Кенбай орта мектебінде мультимедиа кабинетінде зертханашы болып еңбекке араласқан. Осының өзі көбірек тәжірибе жинақтауына септігін тигізген. Нәтижесінде, «Агробизнес – 2020» бағдарламасы бойынша  үш миллион теңге көлемінде несие алып, кәсіпкер атанып шыға келді. Енді өз фотосалоны бар, халқына аянбай еңбек етіп келеді.

– Әңгімеңізге  рахмет!

 

Амандық

САҒЫНТАЙҰЛЫ

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*