Жарық жиі сөніп тұр

Атыраудағы аптап ыстық төбені тесіп тұр. «Қазгидромет» мамандары сынап бағанасы сәл төмендегенімен ыстық әлі қайтпайтынын ескертуде. Табиғаттың тосын мінезінен облыста электр қуатымен қамтуда проблема туындады. Жарық қайта-қайта сөнуде. Оған не себеп болғаны туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылды.

????????????????????????????????????

«Атырау ЖЭО» АҚ президенті Айбар Рахмановтың баяндауынша, күннің қатты ыссылығынан осындай ахуал қалыптасты. Бүгінде барлық күш көлденең оқиғалардың алдын алуға жұмылдырылып отыр.

Атырау және Маңғыстау облыстарында ауа температурасының көтерілуіне байланысты Атырау жылу-электр орталығының жабдықтары дұрыс жұмыс істеп тұрған жоқ. Электр энергиясы генерациясының мүмкіндігі сағатына 260 мегаватты құрайды. Өткен аптада энергия тұтынудың күрт өсуіне байланысты барынша өндіруге мәжбүр болдық. Жабдықтардың қажетінше суытылмауы салдарынан автоматика іске қосылып, салқындату кезінде жарықты сөндіріп жатыр. Біз оны қолданбасақ, жабдық істен шығуы мүмкін. Ең бастысы, апаттық жағдай болған жоқ, барлығы штаттық режімде жұмыс істеп тұр, – деді Атырау жылу-электр орталығының басшысы.

«KEGOC» АҚ Батыс бөлімше-сінің директоры Константин Чернохаевтың пікірінше, аптап ыстыққа байланысты электр энергиясын тұтыну көлемі күрт артып отыр.

Батыс өңірінде ауа райы қатты ыстық. Осының салдарынан барлық генерациялау көздері өз мүмкіндіктерінің шегінде жұмыс істеуде. Тұтынудың күрт өсуіне байланысты электр қуатының жетіспеушілігі орын алды. Оның көлемі 130-140 мегаватт шамасын құрайды. «KEGOC» АҚ желілері бойынша, олардың ең жоғары ұйғарынды параметрлері бойынша қамтылуда. Біз ТШО мен НКОК-тың электр стансаларының қуатын олар үшін ұйғарынды көлеммен тартып отырмыз. Ауа райы осылай тұра берсе, ахуал жалғаса береді, – деді сұхбаттасушымыз.

Былтырғы жылдың маусым айымен салыстырғанда облыста электр қуатын пайдалану көлемі 120 мегаватқа өсті. Бұл жағдайда біз барлық желілерге шектеулер енгіземіз. Көрші  Маңғыстау облысына өтінім жіберіп, «МАЭК Қазатом-өнеркәсіп»-тен көмек сұрадық. Бірақ, оларда да ыстық ауа райына байланысты осындай жағдай қалыптасқан. Көрсетілген қуатпен қамтамасыз ете алмайды, тек 10-15 мегаватт шамасында жеткізе алады. Соған байланысты бізде осындай шектеулер қойылып отыр, – деді «Атырау-Жарық» АҚ бірінші вице-президенті Мейірбек Ғұбашев.

Азамат БАЗАРБАЕВ

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*