ЖАРТЫ ҒАСЫР МҰНАЙ БЕРГЕН «ПРОРВА» болашаққа да жарқын үмітпен қарайды

prorva891Біздің бастапқы бас тірегеніміз Ж.Досмұхамбетов атындағы кен орны еді. Жалпы, Прорваға, сондай-ақ Ақтөбе, Батыс Прорва, С.Нұржанов кен орындары қарайды. Журналистерді «Жылыоймұнайгаз» басқармасының бас инженері Серік Адаев қай кенішке барсақ та, бастан-аяқ бастап жүріп, жұмыс барысымен таныстырып отырды. Біз Досмұхамбетов және Ақтөбе кен орындары аралығына асфальт жол төсеу сәтіне тап келіппіз. Мердігер – «Мұнайқұрылыссервис» ЖШС. Серіктестіктің бас менеджері Жайық Айтбасов пен учаске бастығы Оразғали Тұрғанбаевтың айтуынша, екі кен орны аралығындағы 9,2 шақырым жолды жөндеу жұмысын өткен жылғы қазан айында бастапты да, қыс мезгілінде ауа райының суықтығына орай тоқтатылыпты. Енді қайтадан кірісіп жатқан жайы бар. Бұл жұмысқа барлығы 84 адам мен 40 техника тартылған, атап айтқанда, каток, асфальт төсеу техникасы, автогрейдер, компрессор, генератор, жүк тиегіш техника, т.б. 
– Тендерде ұтқан сәттен бастап былтыр күзде жұмысымызды бастадық, бірақ, көп кешікпей қылышын сүйретіп қыс та жетті, содан доғара тұрдық. Өйткені, ауа райы жылылығы кемінде +5 градустан жоғары болуы тиіс. Күн жылығасын енді қайта бастап жатырмыз. Күніне 800 метр жол екі қабатты асфальтті барлық технологияларын сақтай отырып жасап келеміз. Бұйыртса, алдымыздағы шілде айына дейін толықтай бітіреміз, – дейді Ж.Айтбасов. «Бұл жол өндіріске қандай тиімділік әкеледі?» деп сұраймыз мамандардан «Жолдың тегіс болғаны уақыт жағынан да, өндіріс орындарын аралау кезіндегі жеңілдік жағынан да тиімді. Жаңбырлы күндері бұл жерден ешқандай техника жүре алмайды. Ал, біз ұңғылардың жайын үнемі тексеріп отыруымыз қажет. Сол бағытта жолдың жақсы болғаны — маңызды іс» дейді Серік Адаев. «Ембімұнайгаз» тарапынан жол сапасын бақылаушы Е.Тілегеннің айтуынша, жолдың біразы төселіп болыпты, енді екі шақырымдай бөлігі қалған.

prorva892КЕН ОРНЫНДАҒЫ ТЫҢ ІЗДЕНІС
Ж.Досмұхамбетов кен орны Құлсары қаласынан 140 шақырымдай жерде орналасқан. Цех бастығы Қабдырахман Мұқашев мұнайшы әулетінен. Ол еңбек жолын бұрғышылықтан бастап, шебер, цех бастығы дәрежесіне дейін көтеріліпті. Жалпы, кеніште, Көрпебаев, Есенов, Уалиев, Бопаев, Жарлығапов, Әділов, Мұқашев, Адаев, Қапаров, т.б. көптеген әулет өкілдері еңбек етіп келеді.
Досмұхамбетов кен орнында 35 ұңғы бар, олардан мұнай фонтанды, электрбұрандалы, электрорталықтандырылған және штангалы-тереңдік сорап арқылы өндіріледі. Өткен бес айда 9213 тонна мұнай өндіріліп, жоспар 103 пайызға орындалған.
Жаңадан қазылып жатқан ұңғылар да бар. №83-84 ұңғылар былтыр қазылса, биыл жаңадан жеті ұңғы қазылыпты, олардың алтауы фонтанды әдіспен жұмыс жасайды. Жалпы Прорвада бүгінгі таңда барлығы 275 ұңғы жұмыс жасап тұр, олардың 117-сі – фонтанды әдіс, 12 . – УЦМ, 121 – штангалы және 25-і бұрандалы әдіспен жұмыс жасайды. Кеніштердегі мұнай қоры 19 млн. 970 мың 967 тоннаны құрайды. Жылына 190 млн. газ өндірілсе, соның 85 млн-ы жағылады.
Барлық әдіс бойынша да мұнай өндіру экологиялық таза, қоршаған ортаға зиянсыз, ысырапсыз алынады, жерден алынған мұнай бірден құбырға кетеді. Кеніштерде құбырға қатысты жаңа технологиялар да қолданылуда екен, атап айтқанда, бүгінгі күні бұрынғы темір құбырлардың орнына шыны-талшықты құбырлар пайдаланылуда. Бұлардың қызмет ету, яғни, пайдалану мерзімі – 50 жыл. Кеніште былтырғы жылы 49 ұңғыдан шыққан мұнай осындай құбырлар арқылы тасымалдануда, жалпы мұндай құбырлар кеніштер бойынша 40 шақырым жерге төселген. Компания аталған құбырлар арқылы мұнай айдауға 2008 жылдан бері көшіпті.

МҰНАЙШЫҒА БАРЛЫҚ ЖАҒДАЙ ЖАСАЛҒАН
Мұнайшылармен әңгімелесе отырып, олардың әлеуметтік жағдайларын да сұрастырған едік. Мұнда негізінен мұнай газ өндіру операторы, жөндеуші-слесарьлар еңбек етеді. Жалақылары еңбек өтілдеріне сәйкес 200-300 мың теңге көлемінде. «Медикер» медициналық сақтандыру компаниясы арқылы денсаулықтары қорғалған, өзімен қоса отбасындағы тағы үш адам тегін қарала алады. Жыл сайын демалыс орындарына жолдама беріледі, балалары жазғы демалыс лагерлеріне жіберіліп тұрады. Былтыр 50 бала Түркия, Украина, Алматы, Көкшетау, еліміздің басқа да өлкелеріндегі демалыс орындарында болып келген және жол ақысы тек қана ұшақпен жүруге беріледі. Былтырғы жылы «Ембімұнайгаз» АҚ-ның ұжымдық шарты Қазақстандағы 162 компания арасында үздік деп танылып, екінші орынды иеленіпті. Содан-ақ қызметкерлердің әлеуметтік жағдайы жақсы екенін көруге болады. Тіпті жыл соңында «13-ші жалақы» әр жұмысшының еңбек өтіліне қарай 4 айлық жалақы көлеміне дейін беріледі екен.

ӨНДІРІС ӨРІСІ КЕҢЕЮДЕ
Енді өндірістегі техника мен технологияларға келсек, 2000 жылдан бастап барлық кен орнында сораптар алынып, операторлар отыратын ғимарат салынған, майды ысытып айдайтын екі пеш пайдалануға берілген. Сондай-ақ, 2002 жылы 40 орындық асхана салынып, мұнайшылар игілігіне ұсынылыпты. Ал, 2007 жылы «Каспий самалы» кешені пайдалануға беріліпті. Досмұхамбетов кен орнында барлығы 23 адам вахталық әдіспен еңбек етеді. Мұнда облыс бойынша әзірге алғашқы мәрте радарлық өлшеу құралы жұмыс істейді, яғни мұнайды камерасыз радар арқылы мөлшерлейді. Өндірістік бағытта жер қабатын жару жұмыстары да жүреді, мамандардың түсіндіруінше, ол мұнай қабатындағы суды ығыстыру үшін қажет. Бүгінгі күнге осындай жұмыстар 10 ұңғыда жасалған, үшеуіне дайындық жүруде. Сондай-ақ, ұңғы тіптен суланып кеткен жағдайда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі, ол су көзін жабады. Биыл 12 күрделі жөндеу жоспарланса, соның төртеуі аяқталып, өз нәтижесін беруде, қалғандары алдағы уақыттарда жасалады.
Біздің назарымызды аударғаны — шыны-талшықты тұрбалардың төселуі болды. Ол жұмыстарды «Айтумыс» ЖШС жүзеге асыруда. Учаске бастығы Әбілхан Сарбаевтың айтуынша, ол құбырлар Досмұхамбетов кен орнынан Прорва мұнай айдау станциясына дейін 55 шақырым жерге төселуде. Бұрынғы темір тұрбалар 20 жылға жетпей шіріп, тесілуде екен. Ал, бұл қытайлық тұрбалар 50 жылға шыдас береді, қазір мұнай құбырлары осындай тұрбаларға көшіп жатыр. Бүгінгі күні 7,5 шақырымы төселіп болған. Ені 300 мм тұрбалар бір-біріне ішкі резбалары арқылы бұралып кіргізіледі де, 140-150 сантиметр тереңдікте көміледі, корозияға ұшырамайды, сәйкесінше тесілу, мұнай ағу болмайды, дейді мамандар.
Одан соң Прорва мұнай айдау станциясында болдық. Цех бастығы Ержан Бисекеновтің айтуынша, мұнда күніне 2 мың тоннадай мұнай дайындалып, одан әрі «Қазтрансойл» компаниясы тұрбаларына жіберіледі. Алдымен станцияға келген мұнайдың құрамы анықталып, суы, майы, тұзы ажыратылып, лабораториялық тексеруден өтеді. Цехта барлығы тоғыз қазан бар, солардан сүзгіден өткеннен кейін ғана, мұнай тұрбалар арқылы жөнелтіледі. Цехта барлығы 70 адам еңбек етеді. Жалпы, Прорва кадр дайындау орталығы іспетті дейді мамандар, өйткені, мұнда жастай келіп еңбек еткендердің дені қазір әртүрлі басшылық орындарда қызмет етуде. Негізінен, қазір мұнда 20 мен 40 жас аралығындағы жастар жұмыс істеуде. Солардың бірі Қуандық Құрбанов Атырау мұнай газ институтының түлегі, станцияда 2005 жылдан бері еңбек етіп келеді. Өзі Құлсары қаласы, Сарықамыс ауылының тұрғыны. «Жұмысым жаман емес, үйрендік, жұмыс бағытын меңгердік, енді осы саланың ыстығы мен суығын әріптестермен бірге көреміз» дейді ол. Лаборант Роза Бозаева да осында біраздан бері еңбек етіп келеді, ол бізге мұнайдың механикалық қоспаларының қалай айырылатынын көрсетті.

«БІР АРБАНЫҢ» ХИКАЯСЫ
Мұнай айдау станциясын аралау кезінде бұрынғы мамандар кенішке қатысты тарихтан аз-кемі сөз қозғады. «Прорва» қазақшаға аударғанда «тұңғиық» деген мағынаны білдіреді екен. Неге тұңғиық аталды десек, патшалы Ресей кезінде теңізге жақын орналасқан бұл маңда балықшылық кәсіп жақсы жүріпті. Ресей патшалығы жер аударылғандарды осында балық тұздау жұмысына жегіпті. Бұл жерге бөтен адамдарды жолатпапты, әрі қиыр шет, әрі ешкім маңайламағасын тұңғиық жер аталған дейді. Енді бір аңызда мұнда барар тек бір жол ғана болған, ол бір арбаның ізімен кіріп-шығатын жол болғандықтан, «бір арба» атауы орысшаланып, «прорва» атанып кеткен дейді. Міне, біздің теңіз түбіндегі кен орнына сапарымыз осылайша аяқталды.

Қосұйым МҰҚАШЕВ.
Суреттерді түсірген Самат ҚАЙЫРЖАНОВ.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*