«Жарқыра» бағдарламасы арқылы Атыраудағы 7 жобаға қолдау көрсетілген

«Теңізшевройл» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қаржылық қолдауымен жүзеге асырылатын Орталық Азияның Еуразия Қорының (ОАЕҚ) «Жарқыра» бағдарламасы шеңберінде атыраулық әлеуметтік кәсіпкерлердің құрылтайы өтті.

1

Атырауда «ОАЕҚ» қоғамдық ұйымы 2005 жылы құрылған. Ол 1993 жылдан бері Орталық Азияға 40 миллион доллардан аса қаражат инвестициялаған жеке коммерциялық емес ұйым болып табылатын «Еуразия» қорының қызметін жергілікті институт ретінде жалғастырып келеді. Соның бір көрінісі ретінде дәстүрлі құрылтайды айтуға болады. Онда облыстың белсенді азаматтары бір-бірінің жаңа инновациялық идеяларымен бөлісті.

Сонымен бірге, жиында биылғы «Жарқыра» бағдарламасы қорытындыланып, оған атсалысқан азаматтар мен үздік серіктестер марапатталды. Биыл бағдарлама аясында 62730 доллар сомасына жеті әлеуметтік жобаға қолдау көрсетілді. Олардың бесеуі – Атырау қаласынан, екеуі – Жылыой ауданынан. Бұл жобалар мыңға жуық жергілікті тұрғынды қамтиды. Бағдарламаға қатысушылардың өтінімдері алдымен іріктеліп алынады. Одан өткендер тегін оқытылып, қаржыландырылады.

Жобаның былтырғы жеңімпаздары қоғамның аз қамтылған бөлігіне қол ұшын бере отырып, қосымша қаржы көзін қалай табуға болатынын және табыстың кілті неде екенін айтып, сәттілік формуласымен бөлісті. Ал, белгілі әлеуметтік кәсіпкер, «Sport Concept» қоғамдық қорының құрылтайшысы алматылық Анна Шелепова жеке брендтің қажеттілігі мен оны құру жолдары және әлеуметтік бизнес имиджін қалай қалыптастыруға болатындығы жөнінде шеберлік сабағын өткізді. Айта кетейік, әлеуметтік кәсіпкерлік, бұл – қоғамдағы өзекті мәселелерді инновациялық жаңашыл жолмен шешуге бағытталған бизнес.

Осыдан кейін, «Sheber Build» құрылыс компаниясының серіктесі, кәсіпкер Олжас Сүлеймен әлеуметтік кәсіпкерлікті табыс призмасы ретінде қарастыруды ұсынып, осы бағыттағы іс-тәжірибесімен бөлісті. Соңында Атыраудағы әлеуметтік кәсіпкерлер жөнінде түсірілген «Мүмкіндіктер қаласы» және «Дамира» фильмдері көрсетілді.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

Фото dreamstime.com сайтынан алынған

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*