ЖАНДАРБЕК МӘЛІБЕКОВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ МЕМЛЕКЕТТIК ЕЛТАҢБАСЫНЫҢ ТЕҢ АВТОРЫ: «ЕЛТАҢБА – МӘҢГІЛІКТІҢ СИМВОЛЫ»

 

– 1992 жылдың бірінші қаңтары күні мемлекеттік рәміздерге конкурс жарияланды. Конкурс тиісті деңгейде өтуі үшін  мемлекеттік комиссия құрылды. Оған заң ғылымдарының атасы атанған академик Салық Зиманов төрағалық етті. Комиссия құрамында Президент Нұрсұлтан Назарбаевпен бірге, Серікболсын Әбділдин, Әбіш Кекілбаев, Сұлтан Сартаев сынды ел ағалары да болды.

Ол кезде мен Өзбекстанның Ташкент қаласында тұратынмын. Төрт айға жуық уақыт ойланып жүріп, Елтаңба эскизін наурыздың 27-сі күні 173-ші болып тапсырып кеттім. Сөйтіп, конкурстан хабар күтіп жүргенімде, сәуірдің 15-і күні мен тұратын Ташкент қаласына Алматыдан жеделхат келді. Онда Жоғарғы Кеңес отырысына шақырту алғаным туралы жазылған екен. Әрі қобалжып, әрі қуанып Алматыға келдім.  Жоғарғы Кеңес отырысы әр апта сайын өтіп тұратын болды. Сөйтіп, Ташкент пен Алматының ортасында бір айға жуық уақыт жүрдім. Сол кезде білгенім, конкурсқа барлығы 293 жұмыс келіп түскен екен.

– Рәміздер қандай жағдайда қабылданды? Егемендіктің елең-алаңында еліміз сын сағатты бастан өткеріп жатты ғой…

– Қаңтардан бергі қарбаластан кейін шешуші сәт болып табылатын маусым айы да келді. Жоғарғы Кеңестің кезекті отырысы маусымның төртіне белгіленіп, алдымен Елтаңба мәселесі талқыланды. Депутаттардың қарауына онға жуық жұмыс шығарылды. Мен жасаған Елтаңба үлгісіне әбден орыстанған депутаттар қарсы шықты. «Бізге ескіліктің сарқыншағы болған киіз үй, оның шаңырағы, жылқылар керек емес» деп, Кеңес отырысын кәдімгідей дауға айналдырды. Шуды басу үшін Әбіш Кекілбаев ағамыз киіз үйдің мағынасына, тарихына  тереңінен тоқталып,  ұзақ сөйледі. Салық Зиманов ағамыз да шырылдап, қорғап жатты. «Біздің гербте саяси, экономикалық астар жоқ. Бұл қазақтың болмысы» деп, мен ұсынған Елтаңба үлгісін жанын салып қорғады. Осылайша таңғы сағат тоғыздан бастап талқыға түскен Елтаңба кешкі сағат 17.00-де ғана қабылданды.

Одан кейін Жоғарғы Кеңес отырысы Ту мәселесін қарады. Бастапқыда комиссия отырысына күннің астында қыран бейнеленген ақ түсті ту ұсынылды. Әп дегеннен оны қуаттағандар табыла қоймады. Сол кезде Президент Нұрсұлтан Назарбаев «бұл Қазақ елінің рәмізі. Сондықтан онда ұлттық нақыш болуы керек» деп, ою-өрнек салуды ұсынды. Қазіргі Тудың жанындағы ою-өрнек осылайша, Президенттің ұсынысымен көрініс тапты. Әнұранды қабылдауда да түрлі тартысты жағдайлар орын алды.

– Бір сөзіңізде «орыстанған депутаттар сол кезде көп шу шығарған еді» деп айтып қалдыңыз. Бастапқы кезеңде ортақ келісімнің болмауы рәміздердің мазмұнына кері әсерін тигізбеді ме?

– Шыны керек, рәміздердің қай-қайсы да әп дегеннен ортақ келісіммен қабылдана қоймады. Кейбір депутаттар өз пікірлерін таңу үшін шу шығарып бақты. Бастапқыда сондай келіспеушіліктерден қашу мақсатында Елтаңбаның тең авторы Шот-Аман Уәлиханов екеуміз бірлесіп отырып, үлгіге бірқатар өзгерістер енгіздік. Елтаңбадағы бес бұрышты жұлдызды алып тастауға тура келді. Кейін Елтаңба үлгісі қабылданғаннан соң, Президент Нұрсұлтан Назарбаев «халқымыз «әр адамның өз жұлдызы бар» деп айтады. Біз тәуелсіздік алдық. Демек, халқымыздың аңсар арманына айналған біздің жұлдызымыздың өзі тәуелсіздік» деп, бес бұрышты жұлдызды қайта алып қалды. Бастысы, қандай қысылтаяң жағдайларға қарамастан, біз Елтаңбаның мазмұнын сақтап қала алдық. Онда тұтастай қазақтың болмыс-бітімі, ой-арманы көрініс тапқан. Діни жазбаларда Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.ғ.с) пыраққа мініп, көкке көтерілгені айтылады. Пырақты бейнелеу арқылы шығу тегімізді, дін мен ділімізді көрсеткіміз келді. Тұтастай алғанда  Елтаңба – Ұлы дала көшпенділері айрықша қастер тұтқан өмір мен мәңгіліктің символы.

– Сіздер ұсынған Елтаңба үлгісі қабылданған кезде қандай сезімде болдыңыз?

– Жүрегім жарылардай қуандым. Сол қуаныш, сол мақтаныш сезімі әлі күнге дейін кеудемді кернейді. Мен үшін бұл үлкен мәртебе. Бұл тарихи сәтті Алланың берген сыйы деп қабылдаймын. Бірақ, халыққа еңбек сіңіруде мұнымен тоқтап қалғым келмейді. Қазақ архитектурасына байланысты көптеген ойларым, мақсаттарым бар. Қазақтың рулық, тайпалық таңбаларының мазмұнын, мәнін ашып, оны алдағы жобаларыма пайдалансам деймін.

– Сөз соңында айтарыңыз…

– Мемлекеттік рәміздер – мен үшін өте қасиетті ұғым. Халқымыздың ғасырлар бойы армандаған тәуелсіздігінің белгісі. Әрқашан Туымыз желбіреп, Елтаңбамыз жарқырап, Әнұранымыз шырқала түссін. Себебі, олар – мәңгіліктің символы.

 

Әңгімелескен Баян АТАЙМАНҚЫЗЫ.

(Арнайы «Атырау»  газеті үшін).

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*