Жандарбек МӘЛІБЕКОВ: «Елтаңба – елдігімнің бір белгісі»

– Мемлекеттік рәміздердің қабылдануы – тарихи оқиға. Шот-Аман Уәлиханов екеуіңіздің есіміңіз бүгінде Елтаңбамен егіз ұғымға айналды десек те болады. Осы бір тарихи кезеңді еске алып, өткенге шегініс жасасақ…

16ad7611042aee022a635e915ae5633c_resize_w_520_h_

– Елтаңбаға байқау жарияланған кезде бас сәулетші ретінде Самарқан тастарын қайта қалпына келтіру жұмыстарымен айналысып жүрген едім. Ол кезде мен Өзбекстанның Ташкент қаласында тұратынмын. Ал, сіз айтып отырған тарихи конкурс егемендіктің елең-алаңында, яғни, 1992 жылдың бірінші қаңтары күні жарияланды. Конкурс тиісті деңгейде өтуі үшін мемлекеттік комиссия құрылды. Оған академик Салық Зиманов төрағалық етті. Комиссия құрамында Президент Нұрсұлтан Назарбаевпен бірге Серікболсын Әбділдин, Сұлтан Сартаев, Әбіш Кекілбаев сынды ел ағалары болды.

Конкурсқа қатысу алдында толқу болды, әрине. Қанша дегенмен, тұтас мемлекеттің тағдыры ғой. «Қалай болады? Жобам қазыларға ұнамаса ше?» деген сұрақтар өз алдына, «басты символда нені бейнелеген дұрыс?» деп, төрт айға жуық уақыт ойланып жүрдім. Елтаңба эскизін наурыздың 27-сі күні 173-інші болып тапсырып кеттім. Сөйтіп, конкурстан хабар күтіп жүргенімде, мен тұратын Ташкент қаласына сәуірдің 15-і күні Алматыдан жеделхат келді. Онда Жоғарғы Кеңес отырысына шақырту алғаным туралы жазылған екен. Әрі қобалжып, әрі қуанып Алматыға келдім.  Жоғарғы Кеңес отырысы апта сайын өтіп тұрды. Сөйтіп, Ташкент пен Алматының ортасында бір айға жуық уақыт жүрдім. Сол кезде білгенім, конкурсқа барлығы 293 жұмыс түскен екен.

– Тәуелсіздік жылдарында өмірге келген буын рәміздерде бейнеленген көріністі заңдылық деп қабылдайды. Десе де, егемендіктің елең-алаңында еліміздің сын сағатты бастан өткергеніне тарих куә. Білгім келгені, рәміздер жобасы қандай жағдайда қабылданды? Текетірес, тайталас, басқа да жағдайлар орын алған болар?

– Оныңыз дұрыс. Комиссия бірден ортақ шешімге келген жоқ. Конкурс жарияланған қаңтардан бергі қарбаластан кейін Жоғарғы Кеңестің кезекті отырысы 4 маусымға бел-гіленіп, алдымен, Елтаңба мәселесі талқыланды. Депутаттардың қарауына онға жуық жұмыс ұсынылды. Мен жасаған Елтаңба үлгісіне кей депутаттар қарсы шықты. «Бізге ескіліктің сарқыншағы болған киіз үй, оның шаңырағы, жылқылар керек емес» деп атойлаған олар Кеңес отырысын кәдімгідей дауға айналдырып жіберді. Шуды басу үшін Әбіш Кекілбаев киіз үйдің мағынасына, тарихына  тереңінен тоқталып,  ұзақ сөйледі. Салық Зиманов «Біздің гербте саяси, экономикалық астар жоқ. Бұл қазақтың болмысы» деп, біз ұсынған Елтаңба үлгісін жанын салып қорғады. Осылайша, таңғы сағат тоғыздан бастап талқыға түскен Елтаңба үлгісі кешкі сағат 17.00-де ғана қабылданды.

Одан кейін Жоғарғы Кеңес отырысы Ту мәселесін қарады. Бастапқыда комиссия отырысына күннің астында қыран бейнеленген ақ түсті ту ұсынылды. Әп дегеннен оны қуаттағандар табыла қоймады. Сол кезде Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Бұл – Қазақ елінің рәмізі. Сондықтан, онда ұлттық нақыш болуы керек» деп, ою-өрнек салуды ұсынды. Осылайша, қазіргі Тудың жанындағы ою-өрнек Президенттің ұсынысымен көрініс тапты. Әнұранды қабылдауда да түрлі тартысты жағдайлар орын алды.

– Бастапқы кезде ортақ келісімнің болмауы рәміздердің мазмұнына кері әсерін тигізбеді ме?

– Шыны керек, рәміздердің қай-қайсысы да әп дегеннен ортақ келісіммен қабылдана қоймады. Осындай жағдайлардың алдын алу мақсатында Елтаңбаның тең авторы Шот-Аман Уәлиханов екеуміз үлгіге бірқатар өзгерістер енгіздік. Елтаңбадағы бес бұрышты жұлдызды алып тастауға тура келді. Кейін Елтаңба үлгісі қабылданғаннан соң, Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Халқымыз «әр адамның өз жұлдызы бар» деп айтады. Біз тәуелсіздік алдық. Демек, халқымыздың аңсар арманына айналған біздің жұлдызымыздың өзі – тәуелсіздік» деп, бес бұрышты жұлдызды қайта алып қалды. Бастысы, қандай қысылтаяң жағдайларға қарамастан, біз Елтаңбаның мазмұнын сақтап қала алдық. Онда тұтастай қазақтың болмыс-бітімі, ой-арманы көрініс тапқан. Жалпы, дана халқымызда «керегең кең, босағаң берік болсын» деген сөз бар ғой. Сондықтан, Елтаңба жобасын жасауда қазақтың тұрмысымен тікелей байланысты киіз үйді негізге алдым. Киіз үйдің құрылысы сәулеті жағынан ғана емес, мәдениеті жағынан да терең ұғымға ие. Елтаңбаның екі жақ шетіне мүйізді жылқыларды орналастырдым. Біздің даламызда кезінде осындай жылқы-киік болған екен. Мүйіз көзден сақтайды деген де түсінік бар. Сол мүйізде жеті сақина бар. Ол – жеті ата.

Исламдық бағыттағы діни жазбаларда Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.ғ.с) пыраққа мініп, көкке көтерілгені туралы айтылады. Пырақты бейнелеу арқылы шығу тегімізді, дін мен ділімізді көрсеткіміз келді. Тұтастай алғанда,  Елтаңба – Ұлы дала көшпенділері айрықша қастер тұтқан өмір мен мәңгіліктің символы.

– Сіздер ұсынған Елтаңба үлгісі қабылданған кездегі көңіл-күй, жүрек толқынысын суреттеп бере аласыз ба?

– Жүрегім жарылардай қуандым. Сол қуаныш, сол мақтаныш сезімі әлі күнге дейін кеудемді кернейді. Осынау тарихи сәттегі ұлы жеңісті Алланың берген сыйы деп қабылдаймын. Бірақ, халыққа еңбек сіңіру жолында мұнымен тоқтап қалғым келмейді. Қазақ архитектурасына байланысты көптеген ойларым, мақсаттарым бар.

Сөз соңында  жас буынға мынаны айтқым келеді.  Мемлекеттік рәміздер –  өте қасиетті ұғым. Оның астарында халқымыздың ғасырлар бойы армандаған тәуелсіздігі жатыр. Сондықтан, рәміздерге деген құрмет әр отбасынан басталуы тиіс.

Әңгімелескен: Баян ЖАНҰЗАҚОВА.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*