Жанбайдағы жаңалықтың жаршысы

Қазіргі таңда заманауи қоғам, жаңа технология дегенімізбен, адами факторды қажет ететін салалар әлі де баршылық. Соның біріпошташылар қызметі. Әсіресе, ауыл халқы асыға күтетін осынау жандардың еңбегі  ұшантеңіз. Біздің саламызбен етене байланысты бұл мамандық иелерін газет редакциясындағы көрінбейтін қызметкердің бірі десек те болады

жанбайдағы жаңалықтың

Аталған салада бірнеше жылдар бойы табысты қызмет етіп жүрген пошташы Зиға Төлеуішованы Жанбай ауылында білмейтін адам кемде-кем. Әр тұрғынның газеті уақытылы иелеріне жетуі үшін жаздың аптабында да, қыстың ызғарында да жұмыстан табылады. Аудан орталығынан жететін газет тиелген көлікті күту оның қалыптасқан дағдысына айналған. Арнайы көлік болмаған күнде де ауылдың таксистері арқылы газетті алдыртып, халыққа тарататыны да үйреншікті жағдайлардың біріндей. «Зейнет жасына жетуіме де аз ғана жылдар қалды. Алайда, мен ол туралы мүлдем ойламаймын, жұмысым өмірімнің мәніне айналғалы қашан» дейді ол бізбен әңгімесінде.

«Облыста бірнеше жүздеген пошташы бар емес пе, неліктен таңдау осы жанға түсті?» деген оқырманның заңды сауалына жауабымыз да бар. Өйткені, Зиға Нәубетқызы Астанада өткен республикалық пошташылар байқауына қатысып, облыс намысын қорғаған болатын. Айтулы шара жөнінде сұрағанымызда: «Бұл мен үшін күтпеген қуаныш болды. Ұялы телефоныма қоңырау шалып, «екі күннен кейін Астанаға барасыз, дайындалыңыз» дегенді естігенде абдырап қалғаным  жасырын емес. Дайындықпен зыр жүгірген екі күнім өң мен түстей өте шықты. Шыны керек, ұшақ әуеге көтерілген сәтте ғана сәл тынышталып, бас қала – Астанаға бара жатқанымды сезініп, қуанып кеттім. Бұл сапар қарапайым қызметімнің зейнеті екені сөзсіз» дейді ол.

Осылайша, тып-тыныш ауылдың томаға тірлігін кешкен қарапайым пошташы елорда төрінде Атырау облысының намысын қорғап, «Клиенттермен жақсы жұмыс жасайтын пошташы» марапатына ие болды.

Бұл сапарынан соң, Атырауда өткен «Байланысшылар күнінде» де салтанатты жиынға қатысып, домбырамен әуелете ән салған Зиға апай зор қошеметке бөленді. «Мұндай да өнеріңіз бар екен ғой» десек, «Жас күнімде ауылдағы концертке белсенді қатысатын едім, қазір сәл азайттық қой» дейді күліп.

Пошташы Зиға апай – ауылдастарына қандай қадірлі болса, отбасының да алтын діңгегі. Осыдан бес жыл бұрын өмірден өткен жарының ошақ түтінін түзу ұшырып отырған ол – әулеттің сыйлы келіні, өзі де келін түсірген ардақты ана, немере сүйген аяулы әже.

«Кейде балаларым «немере бағып, үйде отырсаңызшы, жұмысыңыз ауыр, шаршайсыз ғой» деп айтып жатады. Алайда, жұмыстан қол үзгім келмейді. «Алла жазса, күні ертең зейнет жасына жетсем, немерелерімді бағуды қолға аламын» деп әзілдеп қоямын» дейді ол.

8 наурыз мейрамына орай, «Не сыйлық күтесіз, қандай тілек айтасыз?» деп едік, «Мен үшін ең бастысы – айналамның, отбасымның амандығы. Балаларым қаумалап, немерелерімнің басын қосып, бір шәй ішсек – ең үлкен сыйлық осы» дейді жүзі бал-бұл жанып. «Ал, тілек, әрине, шексіз. Әр әйел – бақытты, аяулы болса, әлем де әдемі болары сөзсіз!».

Гүлжан Тасболатқызы

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*