Жанармай және мұнай

Энергетика министрінің бірінші орынбасары Махамбет Досмұхамбетовтің айтуынша, биылғы бес айда республикада 37,7 млн. тонна мұнай өндіріліпті. Соның ішінде қайтарымы көп Теңіз, Қарашығанақ және Қашаған кеніштерінен тиісінше 12,5;  5,2 және 5 млн. тонна «қара алтын» алынған.

1507016110_article_b_1500_

Иә, бір қарағанда, төмен көрсеткіш емес. Өзімізді көмірсутегі шикізатына бай ел ретінде дәлелдеп отырмыз. Осы уақытта 4,4 млн. тонна мұнай өнімдері тұтынушыға ұсынылған. Бұл меже де өткен жылғы осындай кезеңмен салыстырғанда біраз жоғары. Ішкі нарықта жанармай бағасы арзандамағанымен, тұрақты күйде сақталуда. Салалық министрлік басшысының сөзіне сенсек, алдағы жылдан бастап республикада бензин мен дизель отынына ғана емес, сонымен қатар, керосинге де зәрулік болмайтын тәрізді. Ал, төртінші зауыт тұрғызылғанда даяр өнімді тіпті тысқа да тасымалдамақпыз. Лауазымды тұлғалар осындай оң болжам айтады.

Әйтсе де, біріншіден, жоғарыда аталған қайтарымы мол үш кеніштің кілті біздің қолда еместігін ескерген жөн. Олардың бәрінде де инвесторлардың қатысы бар. Демек, қыруар қаржы салып, кен орындарын игеріп жатқан шетелдіктер алдымен сол қаражаттың қайтарымын ойлайды. Қайтарғанда жай ғана емес, еселеп алғысы келеді. Бұл – нарық талабы. Оған ешкім кедергі келтіре алмайды. Республикаға төлейтін тиісті төлемі мен салығын беріп отырса, соны місе тұтамыз. Өнімді олар өздері өткізеді.

Өткен жылы ОПЕК тарапынан бізге көмірсутегі шикізатын өндіру көлемін кеміту жөніндегі уәдесін орындамағаны үшін реніш білдірілгені де содан. «Қара алтын» қоры бар елдердің басын біріктіріп отырған бұл ұйымға мүше болмаса да, әлемдік нарықта мұнай бағасын көтеруге бағытталған шешімге қосылып, Қазақстан да өндіріс қуатын шектеуге келіскен-ді. Алайда, кейін белгілі болғанындай, ТШО да, НКОК та, «Қарашығанақ Петролеум» де қарқынын саябырсытпаған. Қазір де өндірілген мұнайдың денін шикізат күйінде сыртқа жөнелтіп жатыр. Ендеше, солардан отандық зауыттарды қамтамасыз етуді талап ете аламыз ба? Әр компанияның басқа мемлекеттердегі әріптестерімен жасап қойған келісімі бар. Демек, сондағы тұтынушыларына тасымалдайды.

Екіншіден, отандық саналатын «ҚазМұнайГаз» компаниясы шикізатпен ішкі сұранысты толық қамти алмайды. Демек, өндірілген өнімнің бір бөлігін экспортқа шығаруға тура келеді. Сонда қалғаны жұмырымызға жұқ болар ма? Шикі мұнайға шөлдеп, кенезесі кепкен кәсіпорындардың қажеті өтелер ме? Ескі кеніштерімен қалған «Ембімұнайгаз» бен «қара алтыны» тым қою «Өзенмұнайгаз» акционерлік қоғамдарына ғана иек арту өзін ақтай ма? Қазақстан геологтары республикада мол мұнай көздерін тауып, сол үшін Мемлекеттік сыйлыққа ие болғанымен, бұл кеніштерге әлі бұрғы бойлатылған жоқ. Олардан қашан өнім алынатыны белгісіз.

Үшіншіден, Әлемдік нарықта «қара алтын» құны қырық құбылып тұр. Әзірге әр барреліне шамамен 70 доллар мөлшерінде ұсталғанымен, ертеңгі күні не боларын ешкім болжай алмайды. Оған алдымыздағы күзде жиналатын ОПЕК ұйымы басшылары да бас қатыруда. Ішкі нарыққа бұл жағдайдың да қатысы бар. Өйткені, мұнай бағасы күрт көтерілсе, ешкім оны тегін ұстата қоймайды. Ал, қымбатқа алған шикізатын шығынданып өңдеген кәсіпорын, әрине, даяр өнімін арзанға сатпайды.

Төртіншіден, ұдайы өнім алынған кен орындарының қайтарымы кемиді. Пайдалануға берілгеніне кем дегенде жарты ғасырдан асқан Ембі кеніштерінің ескіргені де содан. Кейбірі уақытша тоқтатылды. Бәрін жауып тастар еді, жүздеген мұнайшының тағдырын қайтеді? Олардың отбасылары нендей күй кешеді? Әйтсе де, бүгінде геологиялық-техникалық шаралар нәтижесінде ғана қатардан қалмай тұрған ұңғымалардың өнімі сарқылуда. Бұл құбылыс алдағы уақытта да жалғасады.

Қазір, жасыратыны жоқ, Теңізде жер астынан табиғи қысыммен шығатын мұнай көлемі едәуір кеміді. Бұл жөнінде мамандардың айтқанына да көп болды. Енді ТШО ілеспе газды кері айдап, қабат қайтарымын сол арқылы арттыруды көздеп отыр. Әйтсе де, оның да шегі бар. Республикадағы үш мұнай өңдеу зауытын шикізатпен қамтамасыз ету проблемасына қатысты айтылған осы себептердің өзі-ақ көп жайдың бетін ашып отыр. Егер бұлар шұғыл шешілмесе, кәсіпорындар қуатын шектейді немесе мүлдем тоқтайды. Тәуелсіздігіміздің бастапқы жылдарында мұндай қиындықтың бастан өткендігін ұмытпалық. Рас, қазір экономикамыз біраз бекіді. Әйтсе де, әлемдік ахуалды есепке алуымыз керек. Халықаралық қарым-қатынастар күрделеніп, мықты мемлекеттер бір-біріне санкция жариялап жатқанда, солардың арасында өзгелері де мертігуі мүмкін.

Энергетика министрлігінің мәліметінше, өткен жылы республикада 86,2 млн. тонна мұнай өндірілген. Биылғы меже одан сәл көбірек. Бірақ, қайталап айтамыз, ірі кен орындарын игеріп жатқан инвесторлар шикізатты сыртқа молырақ шығаруда. Күннен-күнге қуатын күшейтіп келе жатқан Қашағанның «қара алтыны» оның қожайындары үшін экспорттық әлеуетін арттыруда. Бүгінде бұған қолайлы жағдай да қалыптаса бастады.

Алдымен, ОПЕК келесі мәжілісінде квота мәселесін талқыламақшы. Оны жеңілдету ұсынылмақ. Өйткені, «қара алтын» құнын әр литріне 70,50-71 доллар шамасында ұстауды жеткілікті санайды. Одан әрі, биылғы 4 қарашада АҚШ Иранға қарсы кезекті санкциясын бастайды. Демек, әлемдік нарықта мұнай экспорттайтын бір белді ойыншының орны босамақ. Рас, Еуропарламент мұхиттың ар жағындағы алпауыттың әрекетін Еуроодақ аясында қолданбау туралы шешім шығарды. Әйтсе де, «күштінің аты диірмен тартады» дегендей, американдықтармен араздасуға кімнің батылы барар екен?

Оның үстіне, таяудағы он жылда көмірсутегі шикізатына сұраныс артпақшы. Тіпті оның жетімсіздігі де сезілуі ықтимал. Өйткені, біріншіден, тұтыну көбейсе, екіншіден, қоры сарқылған кеніштерден өнім өндіру азаймақ. Мұндай ахуал келешекте әлемдік нарықта «қара алтын» құнының көтерілуіне соқтырады. Ал, сыртқы қажеттілік туып, мұнай бағасы қымбаттап жатса, компаниялар экспорт көлемін қазіргіден де көбейтеді.

Әйтсе де, әрине, бізге тағы бір осындай өндіріс ошағы керек. Бірнеше ірі, ондаған шағын мұнай өңдеу зауыттары бар Ресеймен теңесуге әлі ертерек. Қазақстан «қара алтын» өндіруден әлемдегі алғашқы 15 елдің қатарында. Көмірсутегі шикізатының дүниежүзілік қорының үш пайызы бізде. Міне, осы мүмкіндікті тиімді пайдаланған абзал. Әрі, қолданыстағы кәсіпорындар біраз ескірді. Мәселен, ең жаңасы саналатын Шымкенттегі зауыт 1985 жылы пайдалануға берілді. Ал, Атырау мен Павлодардағы осындай нысандар тиісінше 1945 және 1978 жылдары қатарға қосылды. Сонда 33 жыл бойы республикада мұнай өңдеу зауыты салынбағаны ғой. Кеңестік кезде «қара алтынымыз» шикізат күйінде орталыққа жөнелтіліп келді. Оның үстіне жаңартылуы биыл толық бітетін кәсіпорындарда төрт-бес жылдан соң қайта күрделі жөндеу жүргізіледі. Өйткені, жабдықтар тозып, құралдар ескіреді.

P.S. Материал дайындалып жатқанда, Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің тексеруі барысында барлығы 34,4 млрд. теңгенің 265 мың тонна бензиніне жасалған 6,5 мың құжаттың күшін жойды. Сөйтіп, Павлодарда АИ-92 жанармайын заңсыз саудалаушылардың жолы кесілді. Белгілі болғанындай, бірнеше кәсіпкер жең ұшынан жалғасып, әлдекімдерден даяр өнімді сатып алып, кейін көтеріңкі бағасымен қайта өткізген. Сол үшін ірі мұнай базаларын ұзақ мерзімге жалдаған. Бұдан біраз жыл бұрын Атырау мұнай өңдеу зауыты территориясынан түн жамылған біреулердің даяр өнімді вагонымен әкетіп бара жатқанда қолға түскені жадымызда.

P.S.S. Сонымен, республикада жанармай нарығына қатысты қалыптасқан жағдайды таразыға тартып көрдік. Ол – Атырау аймағына да тән құбылыс. Кейде жерлестеріміздің «мұнайдың үстінде отырып, оның өніміне жарымадық» деген ренішіне де ден қойғандаймыз. Әрине, мұндай ахуалдың объективті де, субъективті де себептері бар. Қажетті шикізатпен толық қамтамасыз етілсе, төртінші зауыт біраз мәселенің түйінін тарқатар. Қазақстан да сыртқа бензин мен дизель отынын экспорттап, толағай табыс түсірер.

Меңдібай Сүмесінов

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*