Жан тебіренткен сырлы әуен

Махамбет атындағы қазақ драма театрында мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты, Құрманғазы атындағы мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрінің бас дирижері Арман Жүдебаевтың шығармашылық кеші өтті. 

Жан тебіренткен

Түркештің «Көңіл ашарымен» ашылған күй мерекесі жиналған көпшіліктің көңілін тасытып, жүректерін ізгілік нұрына бөлегені айқын. «Атырауға барсаң – күйшімін деме» деген көнеден келе жатқан тәмсіл бар. Ақ Жайық жағасын ен жайлаған елге күйшілік өнерін тамашалату үшін тек өзіне-өзі сенген жан ғана келері ақиқат. Ал, кейіпкеріміз – Ахмет Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған мектептен өнер жолын бастаған дәулескер домбырашы. Құрманғазы атындағы консерваторияның домбыра сыныбында екі ішекті он саусаққа бағындырып, жұрт жүрегіне жол тапқан талантты ұстаздардан дәріс алған. Орындаушылықтың биігіне қол жеткізген ол кәсіби білімін шыңдау мақсатында дирижерлік білім алыпты. Оркестрді сиқырлы таяғымен басқара отырып, көзіміз үйренген дирижерлік пультте қатып қалмағаны қайран қалдырды. Дауылпаз күй екпінімен бірде сахнаның мына бұрышында тұрса, көзді ашып-жұмғанша екінші жағынан жұртшылыққа күлімдей қарап, күйдің дауылдай ұйтқыған екпінімен бірге қалықтап жүргендей әсер қалдырды. Бәлкім, Елбасы айтып отырған «рухани жаңғыру» дегеніміз осы шығар?

Арман Жүдебаев төрт жыл бойы талмай баулыған шәкірті Болат Долдашев күй атасы Құрманғазының «Байжұмасын» иесіне талай жүлде сыйлаған кестелі домбырасымен қағып келіп жібергенде,  көрермен дуылдасып қалды.

Күй анасы – Динаның «16 жыл», Ықыластың «Жез киік», Айтқали Жайымовтың «Ереуіл атқа ер салмай» шығармалары Дина Нұрпейісова атындағы академиялық халық аспаптар оркестрінің талантын танытып, шеберлігін шыңдай түсті. Нұрғиса Тілендиевтің әйгілі «Махамбет», «Әлқисса» күйлері халық жүрегіне жол тапты. Иә, өлмес туындылар тыңдарман жүрегін елжіретпей қоймасы анық. Әрбір музыкалық шығарма орындалған кезде дирижер ерекше салмақ түскен оркестр мүшесін орнынан тұрғызып, халық қошеметіне бөленуіне жол ашты. Жүйткіген жылдардың белесі мен уақыт деген кермені ысырып тастап бүгінге жеткен қазақтың күй өнерінің ерекше тылсым құдіретін танытты. Талай шет елдерде болып, үлкен сахналардан өнер көрсеткен дирижердің аталған кештегі екпіні мен шабыты айрықша. Ол өзінің қимыл-қозғалысын да күйге бағындырғандай. Шалқып-тасып арнасынан асқан әуенмен бірге қолына сиқырлы таяқша ұстаған дирижер ғажайып бір ертегі әлеміне сүңгіткендей.

Тұлпарлар тұяғының дүбірі мен сардалада ескен жел ызыңы, байтақ қазақ жерінің кеңдігі дирижердің бір ғана қимылына бағынып тұрғандай. Жон арқаңызды шымырлатып, керемет әсерге бөлеген күй аяқталды. Алайда, көрермен әлі де бірнәрсені күтіп отырғандай. Аяқ астынан сатырлай жөнелген көпшілік қошеметі кейіпкерімізге де қанат бітіргендей сезімде болғанын аңғардық.

Сол сияқты, концертте Евгений Брусиловскийдің «Желдірме», Қаршыға Ахмедияровтың «Той күйі» шығармалары жаңа нақышта орындалды. Оркестрдің сүйемелдеуімен Аманжан Басығариевтың орындауындағы атақты сазгер, жазушы, публицист, музыка танушы Илья Жақановтың «Балқантау» әнінің екінші тынысы ашылды десе де болады. Ал, Мұхиттың «Үлкен айдай» әнінің бұл жолғы орындалысы тіпті басқа. Оны Қайрат Кәкімов ерекше толқыныспен, айрықша бұлқыныспен шырқағаны көрініп-ақ тұр. Әсет Бейсеуовтің әндерінен топтастырылған поппури де тыңдарманның құлақ құрышын қандырды.  Әлбетте,  оркестрдің әр мүшесіне, жеке орындаушыларға қанат бітіретін, оны шабыттандыратын – дирижердің көпшілікке елеусіз жасаған ілтипаты. Ал, дирижер Арман Жүдебаев бұл қағиданы қатаң сақтап, сиқырлы таяқшаға бағынған өнерпаздардың жүрегіне жол тапқаны – осы кештің жарқын бір айғағы.

Шара соңында облыс әкімі Нұрлан Ноғаев кеш ұйымдастырушылары мен оркестр ұжымына алғыс білдіріп, Арман Жүдебаевқа шығармашылық табыстар тіледі.

– Арманның жетекшілігінде орындалған халық шығармалары болсын, басқа да шетелдің классикалық туындылары болсын, қай-қайсысында да жаңашылдық енгізілгені тайға таңба басқандай көрініп тұр. Әсіресе, дирижердің көрерменмен тығыз байланыс орната білуі – айрықша атап өтуге тұрарлық жайт. Әдетте, залға теріс қарап тұратын дирижер бұл жолы халыққа бұрылып, тіпті, оркестрді былай қойғанда, көрермендердің өзіне дирижерлік етті емес пе?!

Бүгінде Құрманғазы оркестрінің алғашқы қарлығаштары, ең бірінші домбырашыларының жолын жаңа буын жалғап келеді. Соның бір дәлелі ретінде халықаралық байқаулардың лауреаты Батыржан Мықтыбаевты да ата дәстүрдің заңды жалғасы деуге болады.  Мынау әуезді кештің өзі – «рухани жаңғыру». Осындай жерге жастар көбірек келіп тұрса қандай жақсы?! Ауылда небір талантымен тәнті еткен азаматтар баршылық. «Ел іші – өнер кенішін» аралап, тума таланттарды анықтаған жөн. Олардың елге танылуына, өнерін дәріптеуге қолдан келгенше жағдай жасауымыз керек.

Оркестрлердің өзара тәжірибе алмасуы үшін осы жылдың соңы немесе келесі жылы Құрманғазы атындағы академиялық халық аспаптар оркестрі күй еліне гастрольдік сапармен келіп-кетсе қалай болады? Мәдениеттің мәйегіне, өнердің ордасына айналған осы өңірде ақындар айтысы, театр фестивальдары өтіп жатыр. Ендеше, бір мезгіл жергілікті күйші-жыршылардың да өнерін неге тамашаламасқа?!

Қазақ деген дана да дара, өнерлі де өрелі халық бар екенін әлемге танытқан тұлғалар тарихта алтын әріптермен жазулы. Солардың бойында болған ерекше қасиеттерді бүгін Арманның да бойынан байқадық. Өнер жолы – ауыр да күрделі жол. Сол жолда сапарың сәтті болып, еңбегің жансын демекпін. 

Бұдан кейін  Арман Жүдебаевтың өзі де жүрекжарды алғысын білдірді.

– Жалпы, оркестрлердің атасы – Құрманғазы, анасы – Дина атындағы оркестр деп білемін. Қазақстанда айналдырған төрт-ақ академиялық оркестр бар. Академиялық деген атқа сай өнер көрсетудің өзі бір ғанибет. Бір апта ішінде бұрыннан орындалып жүрген 15 туындыны басқаша сипатта қайта дайындап шығу оңай емес, әрине. Бірақ, атыраулық оркестр бұл міндетті абыроймен атқарып шықты, – деді ол.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*