ЖАМБЫЛ – ҚАШАҒАННЫҢ ЖАЛҒАСЫ

Жалпы, Қазақстан Каспий теңізін жағалай орналасқан бес мемлекеттің ішінде айдын төсіне ең соңғысы болып бұрғы бойлатты. Әйтсе де, «ештен кеш жақсы» дегендей, еліміз дүние жүзі бойынша кейінгі отыз жылда ашылған Қашаған аталатын ең ірі кен орнына ие болды. Амандық болса, оның да алғашқы өнімін алатын сәт таяу.
Енді, міне, оның ізін басып Жамбыл кеніші ашылғалы отыр. Ол жағалаудан 60, Ақтау портынан 180 км қашықта орналасқан. Құрманғазы ауданының орталығы Ганюшкиннен шамамен елу-алпыс шақырым шамасында, жалпы аумағы 1188 шаршы шақырым. Бұл жердегі теңіз суының тереңдігі небәрі 4-5 метр. Кей тұсында ғана тоғыз метрге жетеді. Демек, мұнда іздестіру жұмыстарын жүргізу жеңілірек. Жаңа кен орнының техникалық мәліметтері осылай өріледі.
Ал, енді оның бастап қолға алыну тарихына көз жүгіртелікші. Сонау 2004 жылғы қыркүйекте «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы мен Корей консорциумы келешегі зор кеніш ретінде Жамбыл алаңында бірлескен геологиялық шараларды жүзеге асыру жөнінде ортақ келісімге қол қойды. Бұл маңызды құжаттың өмірге келуіне Каспий теңізінің қазақстандық бөлігінде кең көлемде іздестіру жұмыстарын жүргізу жөнінде мемлекеттік бағдарламаның қабылдануы себеп болды. Сол шаралардың нәтижесінде Жамбыл алаңы перспективалы құрылым ретінде таңдалып алынды.
Келесі, яғни 2005 жылдың сәуірінде «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы мұнда бұрғылау жұмыстарын жүргізу құқына ие болды. Кейін корейлермен жасалған бастапқы мәміле одан әрі бекітіліп, 2008 жылғы мамырда отандық мұнайшылар мен Корей консорциумы Жамбыл жобасын бірлесіп игеруге шарт жасады. Бұл келісімнің негізгі мақсаты – осы алаңда сейсмикалық барлау шараларын жүзеге асыру. Сөйтіп, Жамбыл және Жетісу құрылымдарында бұрғылау жұмыстарын жүргізу. Қазір соның алғашқысында мол мұнай барлығы белгілі болып отыр.
Жалпы, мұндағы бұрғылау жұмыстарын «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының еншілес кәсіпорны болып табылатын «ТеңізБұрғылау» мекемесі жүргізуде. Соңғысы жоба үлесінің 73 пайызына ие. Ал, қалған 27 пайызы Корей ұлттық мұнай компаниясына тиесілі.
Бұл тұжырым биылғы 13 қыркүйекте Оңтүстік Кореяның президенті Ли Мен Бектің Қазақстанға ресми сапары кезінде әбден нақтыланды. Елбасымен Астанада кездескен мәртебелі мейман келесі жылдан бастап зерттеу жұмыстарының кең көлемде жүргізілетіндігін жеткізді. Сөз ретінде айтар болсақ, корейлер Атырауда салынбақ газ-химия кешені құрылысына да қатыспақ. Сөйтіп, республикада тұңғыш рет тұрғызылып жатқан тың нысанда да қолтаңбасын қалдырмақ.
Қазір Жамбыл құрылымындағы бастапқы ұңғыма межелі тереңдігіне жеткізілді. Мамандардың пайымдауынша, осы алаңдағы мұнай қоры 120 млн. тоннадан артып түсетін көрінеді. Оның үстіне, барлау жұмыстары алты жылға созылып, оған 41 млн. доллар шамасында инвестиция жұмсалмақшы. Демек, алда қазылатын ұңғымалардан да үлкен үміт бар.
Жалпы, республиканың бүгінгі Мұнай және газ министрі Ұзақбай Қарабалин сонау жылдары «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының тізгінін ұстап тұрған кезінде Жамбыл құрылымы туралы «Біз үшін қазіргі басты міндет – геологиялық барлау жұмыстарының нәтижелілігі. Яғни, қайтарымы мол кен орны бар ма, әлде жоқ па – соны анықтауымыз қажет. Содан соң ғана бұл жерден өнім өндіру туралы Үкіметке өтінішпен шығамыз» деген-ді. Міне, қазір сол геологиялық барлау жұмыстары оң нәтижесін берді.
Негізі, Жамбыл жобасы қолға алынғанда жасалған шартқа сәйкес еліміздің Экологиялық кодексінің талаптары мүлтіксіз орындалуы, республикалық әлеуметтік бағдарламаға 300 мың доллар шамасында қаражат бөлінуі қарастырылған. Сонымен қатар, қазақстандық кадрларды дайындауға да осыншама мөлшерде қаржы жұмсалуы көзделген.
Қазір, расын айту керек, теңіздегі бұрғылау жұмыстарын жүргізіп жатқандардың дені – атыраулықтар. Жамбыл жобасына тапсырысшы «ЖамбылПетролеум» компаниясының сұранысын қанағаттандырушы «ТеңізБұрғылау» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің сапында 30-40 шақты жерлесіміз бар. Бұған әрі қуандық, әрі таң қалдық. Қуанғанымыз – қазақтың «қара алтыны» табылғалы ғасырдан асқан өңірде бұрғышы мамандығы әлеуетін әлі жоғалтпаған екен. Таң қалғанымыз – сонау кеңестік кезде де бұрғылау жұмыстарын жүргізіп, талай кеніштердің өмірге келуіне себепкер болған аға шеберлер Жандарбек Нәутиев, Ерғанат Бозжанов, аға механик, теңіз бұрғылауының білгірі, шет елден мамандығын жетілдіріп келген Хасан Сейтахметов, бұрғышы Бисенғали Сұлтанов секілді кәнігі кадрлар елеулі еңбектерімен көрініп келеді. Соған разы болдық. Демек, еңбек өтілдері отыз жылдан асқан байырғы мамандар бүгін де қатарда. Бұл да – Елбасының еліміздегі ірі жобаларда шетелдік мамандарды қазақстандық кадрлармен біртіндеп ауыстыру қажеттігі және еңбек ұжымдарында кәнігі шеберлерді сақтау керектігі жөнінде берген тапсырмасының жемісі.
Жалпы, Елбасы қабылдауында болған Мұнай және газ министрі Ұзақбай Қарабалин биылғы бірінші жартыжылдықтың қорытындысымен мұнай және газ конденсатын өндіру көлемі 40 млн. тоннадан асып түскенін айтты. Демек, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда едәуір өсім бар. Табиғи және ілеспе газды өндіру де жоспарлы жүруде. Мұнай-газ өнімдерін экспорттау да белгіленген межеге сәйкес орындалуда.
Ал, Жамбыл алаңы өзінен өзге Жетісу, Тұйғын, Бибігүл, Элеонора және Гаухар атты құрылымдарды біріктіреді. Демек, алдағы жылдары олардан да оң нәтиже алуға үлкен үміт бар. Қысқасы, Қашаған кеніші ашылғанда Елбасының өзі айтқанындай, Қазақстан ХХІ ғасырға теңізден де мол мұнай өндіретін әлеуеті зор, мүмкіндігі мол мемлекет ретінде енді.

Меңдібай СҮМЕСІНОВ.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*