Жалғызбасты ана мұңын тыңдайтын кім бар?

Күн санап өзгеріп отыратын тірлікте адамзат үшін басты мұрат — ұрпақ тәрбиесі. Осынау ұлы міндет, ұлы парыз адам баласына үлкен жауапкершілік жүгін артып отыр. Сонау ғасырлар  көшіне көз жіберсек, қазақ қашан да қыз баласын төріне шығарып, «қонақ» деп күткен. «Қыз мұраты – кету» деп, оның бес күндік аумалы-төкпелі дүниедегі орнын да анықтап қойыпты.  Яғни, қыз бала кәмелетке толып, оң-солын танығасын-ақ өмірлік жолдасын тауып, өз шаңырағын құрып, жаратушы берген ұлы міндетін орындап, «ана» атануы керек екен.

pogudx484v5r1db58.a869a046

Қазақы түсінік… Ол қандай еді?

Сонымен қатар, «шыққан қыз – шиден тысқары» деп тұрмысқа шыққаннан кейінгі өмірін де бір сөзбен түйіндеп тастаған. Бұның мәнісі, өз теңін тапқаннан кейінгі басты мақсаты – таңдаған жарының шаңырағын биіктету. Ал, соңына қарап, ата-анасына, бауырларына жалтақтай берудің дұрыс емесін «төркіні жақынның төсегі жиналмас» деп нақты көрсетіпті.

Бірақ… Сөз басында айтып кеткеніміздей, айлар мен жылдар жылжыған сайын заман өзгерді, қоғам алмасты. Бұрынғы қалыптасқан қазақы түсініктен алыстап бара жатқанымыз да ақиқат. Кейбір қоғам қайраткерлері салтымыз бен дәстүрлеріміздің тұнығын лайламауға шақырғанымен, бір орында тұрмайтын уақыт дауылы осынау түсініктердің астын үстіне, үстін астына шығарып, қотаруда. Өзгеріп кеткен түсініктердің бірі қыз балаларға қатысты.

Баршаға белгілі, қазақтар «он үшінде – отау иесі» деп, қызды да, ұлды да неғұрлым тезірек аяғын тұсаулап, үй етуге асыққан. Бұл – шариғаттың да талабы. Алайда, қазіргі таңда дәуір өзгеріп, жаһандану кезеңін бастан кешіп жатқан тұста бұл түсінікті өз заманына сай тәрбие алған ұл мен қызға таңа алмаймыз. Өйткені, олар – болашақтың құрылысшылары. Заманға сай біліммен қаруланып, тағы да Абайша айтсақ: «сен де бір кірпіш дүниеге,  кетігін тап та бар қалан» деген идеологияға сай ержетуі, бойжетуі тиіс. Әйтпегенде, заман талабынан артта қалып, уақыт көшінен кенжелейтініміз ақиқат.

Қоғамдағы өзгеріс…           

Кемінде жиырма-жиырма бір жасқа дейін білім алып, мамандық иесі болған қыздардың көбі білімін одан әрі жетілдіруді мақсат етеді. Сөйтіп, «инемен құдық қазып», ғылыми атақ-дәрежеге  ие болып, бір тоқтаған кезінде  айналасына қарайды. Бұл кезде одан екі-үш жас ересек жігіттер, оның құрдастары үйленіп кетеді. Немесе  отбасының тұңғышы болғандықтан, ата-анаға, бауырларына қарайлаған қыздар да отырып қалатыны рас.

«Көн етіктіні менсінбей, көк етікті кезікпей» өткен жылдар оның жүзіне де, жан дүниесіне де байқатпай өз қолтаңбасын қалдырады. «Болашақта жалғыз қаламын ба?» деген сұрақ көкейін жиі мазалайды. Ақыры, бір шешімге келеді. Ол – ана болу. Өзіне жаратқаннан берілген «ана болу» міндетін орындауға бел буған қыздар, әрине, ол мақсатқа да жетеді. Бір есептен алғанда, бұл  дұрыс та шешім сияқты. Әрине, қазақылықтың қаймағы бетінде қалқып тұрған өткен ғасырдың 60-70  жылдары болса, бұдан өткен сорақылық болмас еді. Жаһандану ғасыры бәріне де етімізді үйретті.

Иә, кейбіреулер «некесіз балаға» әлі де құптамай қарайтыны жасырын емес. Даттап та, өсектеп те отқа май құюшылар табылар. Ал, сол пыш-пыштаушылар осы қадамға барған қыздардың қандай психологиялық күйзелістерден өтетінін біле ме екен? Жоқ, әрине! «Әкесіз бала» тек отырып қалған қыздардың ғана үлесінде емес. Жастайынан алданып қалып, кәмелетке толар-толмаста сәбилі болатындар да бар екенін ұмытпайық. Одан кейін, күйеуінен ажырасқан немесе күйеуі бақилық болған жесірлер де бүгінгі таңда бала тәрбиелеп отыр.

Жалғызбасты ана жалғызсырамасын!

Жалғызбасты аналардың ұрпақты дүниеге әкеліп, еш адамға алақан жаймай, өзі тәрбиелеп, қатарға қосуының өзі – ерлік. Бұл жағдайды ешкім де өз бақылауында ұстап, оған тосқауыл қоя алмайтыны да анық нәрсе. Сондықтан, ұлттың санын көбейтуге өз үлестерін қосқан жалғызбасты аналарға бүгінгі қоғам не беріп отыр?

Бір өзі бала тәрбиелеп, кәмелетке толмаған ұл мен қыздың асыраушысы атанып отырған аналарға ең болмағанда моральдық, психологиялық та көмек берілмей отырғанын мойындаған жөн. Қызметте аздаған жеңілдіктер беріп, мәселен, баласын балабақшаға кезексіз орналастыруға көмектессе, мектепке апарып, мектептен алып келуге рұқсат беріп отырса – нұр үстіне нұр. Қаржымен, баспанамен қамтып, материалдық көмек бермегеннің өзінде, жоғарыда айтылғандай, көңілдің кеңдігін танытсақ, шіркін! Себебі, ол – қазақтың болашағын тәрбиелеп отырған ана. Оның ар жағында көмектесетін, қиналғанда демейтін, сүрінсе сүйейтін күйеуі жоқ екенін ескерген жөн. Иә, «ол үшін кім кінәлі?» дерсіз, бәлкім?! Бірақ, ол – тағдыр. Ал, пенде өз тағдырын таңдамайды. Кімді не күтіп тұрғанын болжау қиын.

Қазіргідей педофилдер көбейіп тұрған мезгілде ешбір ана сәбиін қадағалаусыз қалдыра алмайды. Жолда жүйткіген автокөліктер, оған мініп алып, желдей ескендердің де қатары өсуде. Олар тіптен «жаяу жүргінші жолына» да қарамай, ызғытып өте шығады. Сондықтан, баланы мектепке апару мен мектептен алу – күйіп тұрған мәселе. Мектептен шығып, жоғалып кетіп жатқан оқушылар қаншама?! Ал, сәби – Алла берген аманат.

Бұл мақаланы оқыған оқырман «қыздардың некесіз баланы дүниеге әкелуін қолдап отыр» деген ойға келуі де мүмкін. Жоқ! Әрине, біз оған қарсымыз! Алайда, қоғамда болып жатқан өзгерістерге бейжай қарауға да құқымыз жоқ. Осы бір толғақты мәселе орын алып отыр екен, оны болдырмауға дәрменсіз екеніміз де рас, ендеше, неге ана мен балаға теріс қарауымыз керек?!

Қазір қоғамды алуан түрлі сауал кезіп жүр. Олардың жауабы да табылар емес. Сол жауапсыз сұрақтың біріне ғана тоқталып өттік. Өткен ғасырда бір ақын ағамыз «Әй, өзім де қумын ғой, Октябрьден әріге бармаймын» деген екен. Сол сияқты бізде де әріге бармай, бер жағынан сиырқұйымшақтандырып қоя салатын әдет бар. Мысалы, ел сенім артқан депутаттар экология мен экономикадан әрі аса алмай жүр. Адами фактор, оның ішінде жалғызбасты аналардың өз елінде көріп жүрген қиындығына неге көңіл аудармайды? Тіпті бұл мәселемен айналысуға құлқы да жоқ болар. Шындығында да, «басқа түссе, баспақшыл» дегендей, «басы ауырмағанның құдаймен ісі жоқ»…

  1. S. Баласын жетектеген жас ана қоғамдық көлікке жүгіріп барады. Қабағы қатыңқы, айналасына түйіле қарайды. Баласын да еркелетпейді. Өйткені, оған оның шамасы жоқ. Жұмысына асығулы. Жолдан баланы балабақшаға қалдырып, қызметіне жетуі керек. Осынау бітпейтін тірлік адамды шаршатады. Жанында жұбайы болса, әрине, жағдай өзгеше болар еді. Бірақ, тағдырды өзгерту пенденің қолында емес…

Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*