«ЖАҚСЫНЫҢ ЖАҚСЫЛЫҒЫН АЙТ…»

1951 жылы іргесін қалаған Атырау қалалық емханасы – атап айтарлық жетістіктерге қол жеткізіп келе жатқан іргелі мекеме саналады. Жүрек, қан тамырлары ауруларын емдейтін арнаулы емханада алғаш рет орта-каронарлық операциясы сәтті өтіп, қазірде жылына жүздеген науқастың жүрегіне ашық түрде ота жасалады. Адамдардың денсаулығын сақтау жолында жемісті еңбек ету, сөз жоқ, «Норт Каспиан Оперейтинг Компани Б.В.» компаниясы әперген медициналық құрал-жабдықтардың арқасында мүмкін болып отыр. Қалалық емхананың бас дәрігері Марат Қонысов НКОК сыртқы қатынастар директоры Пьер Дельпон бастаған топты рентгенохирургиялық зертханадағы заманауи қондырғылармен таныстырып, өздерінің жетістіктерін айтып өтті. Зертханадағы компанияның демеушілік көрсетуімен алынған құрал-жабдық тәулік бойы үздіксіз жұмыс істейді. Ақ халатты абзал жандар жаңа емдеу технологияларын жетік меңгерген. Жылына елуге тарта қызметкер шетелдерде білімін жетілдіріп, курстар мен семинарларға қатысып тұрады.
«Балдырған» балабақшасындағы бүлдіршіндердің бал-бұл жанған жүзіне қарап, ел ертеңі үшін жасалып жатқан игі қадамдарға қуанып қаламыз. Балабақша компаниямен 2008 жылдан бері тығыз қарым-қатынаста. Сәбилерге компьютер сыныбын, төсек-орын, түрлі жиһаз жабдықтарын сыйлаған корпорацияға балабақша меңгерушісі Салтанат Үбдиянова ризашылық білдіріп, сүйкімді сәбилер бал тілдерімен тақпақ айтып сүйсіндірді.
Ал, Н.Тілендиев атындағы Кіші өнер Академиясының жас дарындары НКОК-тың қолдауымен Чехия, Болгария, Белоруссия, басқа да бірқатар Еуропа елдерінде болып, өнер, сурет, сән байқауларына қатысты. Кіші өнер Академиясының директоры Долорес Тасқаринаның айтуынша, компания одан басқа музыкалық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіпті. Алдағы уақытта музыкалық амфитеатр жасақтауға қол ұшын бермек.
«Норт Каспиан Оперейтинг Компани Б.В.» өткен жылы жүзеге асырған әлеуметтік жобалардың салтанатты тұсаукесер рәсімінде аталғандардан басқа Чехов атындағы №14 орта мектеп, С.Мұқанов атындағы №10 мектеп, қалалық балалар стоматологиялық емханасы, облыстық салауатты өмір салты орталығы, «Балалар Қайырымдылық ордені» ұйымы, жетім балаларға арналған С.Қазыбаев атындағы №1 мектеп-интернаты, «Намыс» кекушинкай каратэ-до федерациясы, ҚР Жазушылар Одағы Атырау филиалының басшылары «жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дегендей, мұнай кәсіпорнының қолдауының арқасында үлкен мүмкіндіктерге ие болғандарын жеткізді. Мектеп, емхана, спорттық ұйымдарға құрал-жабдықпен көмектескен мекеме «Балалар Қайырымдылық ордені» ата-аналарының тілегін жерде қалдырмай, сал ауруымен ауыратын балаларға тулалық дәрігерлерді шақырып, ота жасаудың барлық шығынын көтеріп алды. Атыраулық ақын-жазушылар да «Ағатай» баспасына берілген кітап түптейтін құрал-жабдықтың арқасында шығармаларын жоғары сапалы дүние етіп, бастырып шығаруға мүмкіндік алды.
НКОК сыртқы қатынастар директоры Пьер Дельпон өз кезегінде жергілікті жұртшылықты қолдау мақсатында консорциумның мойнына алған әлеуметтік міндеттемелерін дер кезінде және тиянақты жүзеге асыра беретінін айтып, жыл сайынғы жобаларды тапсыру салтанатының әдемі дәстүрге айналғанына ризашылық білдірді. НКОК жергілікті жұртшылықпен байланыс, демеушілік және қайырымдылық бөлімінің басшысы Еркін Әжіғалиевтің сөзіне сүйенсек, «Норт Каспиан Оперейтинг Компани Б.В.» былтыр Атырау және Маңғыстау облыстарында 210 млн.теңгеге 92 жобаны жүзеге асырыпты. Атырау облысы бойынша шешімін тапқан 50 жобаның 33-і қалаға тиесілі.
Аталған жобалардың барлығы НКОК-тың тұрақты даму бойынша стратегиялық мақсаттарына сәйкес келеді. Облыстың дамуы үшін аса маңызды іс-шараларды жүзеге асыруға үлес қосып келе жатқан компанияның қашанда осы биіктен көрініп, көптің алғысын арқалай беретініне бек сенімдіміз.

Құралай ҚУАТОВА.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*