ЖАҚСЫ ОҚУҒА – ЖАЙЛЫ ЖАҒДАЙ

Іргесі сонау 1930 жылы қаланып, облысымызға ең қажетті мамандық – мұнайшыларды даярлап келе жатқан білім ордаларының бірі осы политехникалық колледж болатын. Аталған оқу орнында біздің облысымыз бен тұтастай елімізге, тіпті шетелдерге танымал талай мұнайшылар білім алғаны белгілі. Ал, қазіргі күні мұнда 2 249 студент оқиды.

Колледжге мемлекет және қоғам қайраткері болған Саламат Мұқашевтың есімі берілген. Мұнда жастар көңілі қалаған сан түрлі мамандыққа оқып, кәсіби маман болып шығады. Колледж директоры Бағыт Шеркешбаева колледждегі электрондық оқыту, информациялық дүңгіршік, дуальдық оқыту, қамқоршылар кеңесі, т.б. жайында әңгімелеп берді.

Колледж музейінде де көптеген тарихи мұрағаттар мен маңызды құжаттар, суреттер сақталған екен. Мұнда енгенде, облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің жеке құжаттарының көшірмелерін, қол қою үлгісін т.б. көрдік. Сөйтсек, облыс әкімі бір жылдары осы колледжде ұстаздық етіпті.

Қала әкімі Нұрлыбек Жұмахметұлы «Жабдықтарға техникалық қызмет көрсету және жөндеу кабинеті», «Қару-жарақ бөлмесі», «Мұнай және газ скважиналарын пайдалану зертханасы», «Бұрғылау машиналары мен механизмдері кабинеті», «Бұрғылау жұмыстарының технологиясы зертханасында» болып, студенттермен жүздесті. Оларға беріліп жатқан білімнің сапалылығына көз жеткізіп, ғылыми еңбектерімен танысты. Сенсор-тақта, лабораториялық стенд – бәрі білім берудегі жаңашылдықты аңғартты. «Сабақты жақсы оқыңыздар. «Еңбекті қорғау» деп аталатын пәнге де ерекше мән беру керек. Өйтпейінше, жұмыс орындарында техникалық қауіпсіздікті сақтай алмай, түрлі кедергілерге тап болуларың мүмкін…» – деп ескертті әкім жастарға.

Колледждің кітапхана қорында 83 023 дана кітап бар екен. «Кітапханашылар қанша жерден интернет болса да, жастар мен ұстаздардың кітап оқуға деген ынтасы зор» дейді.

 

* * *

Агротехникалық колледж де – аймақтағы іргелі тарихы бар оқу орны. Осындағы күндізгі бөлімде екі мыңға тарта студент оқиды екен. Колледж директоры Болат Қожиев оқу орнының білім берудің жаңа бағдарламасымен жұмыс жасап жатқанын, сонымен бірге, республикалық «Алтын сапа» сыйлығын осымен үшінші рет иеленіп отырғандарын қуана хабарлады.

Мұндағы кітап қоры 73 500-ге жеткен, олар электрондық каталогқа көшірілген. Оқу орнының сыртқы байланысы жақсы. Студенттер WI-FI арқылы қажетті ақпараттарын ала алады. Асхана, медициналық пункт, оқу кабинеттері жақсы жабдықталған. Осыдан бірнеше жыл бұрын колледжге бұрынғы теңіз-балық колледжінің қосылғаны бар. Дүние жүзінде төрт мұхит болатын болса, соның үшеуінде еркін жүзген капитан Нажиб Гильмеров – бүгінде ұлағатты ұстаз, суда жүзу кемелерінің жүргізушілерін дайындайды.

Екі білім ошағында болған кездесуде де шаһар басшысы Нұрлыбек Ожаев студенттердің оқу-білім, тұрмыс жағдайларын тереңірек білуге тырысты. Олардың жолақы қаражатының уақтылы түсуін және жатын орындары жайын да сұрады. Сонымен бірге, педагогтардың ел ертеңі – жастардың болашағына үлкен мән берулерін, беріліп жатқан білімнің неғұрлым сапалы болуын қадағалауды тапсырды.

Лиза СЕЙТІМОВА.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*