ЖАҺАНДЫҚ КӨРМЕ – ЖЕТІСТІГІМІЗДІҢ АЙҒАҒЫ

 Айтулы шараға тиянақты дайындық қажет

Естеріңізде болса, мемлекеттік комиссияның отырысында еліміз Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Көрме біздің елімізге ірі инвестиция тартуға мүмкіндік туғызады. Сондай-ақ, «ЕХРО-2017» көрмесін өткізу арқылы Қазақстан «жасыл экономиканы» дамытуға тікелей септігін тигізетін жаңа технология мен инновация алады» деп баға берген болатын. Ақиқаты да сол, «EXPO-2017» дүниежүзілік көрмесін өткізу  құқығына ие болуымыз Қазақстанды әлем елдеріне танытудың жаңа кезеңі ғана емес,  инновациялық дамудағы  қуатты серпінге негіз болады. Мамандардың пікірінше, бұған мемлекетіміздің ресурстары да, мүмкіндіктері де бар. Осы орайда Ұлт Көшбасшысының «Болашақтың энергиясына» көшуге мүдделілік идеясын елдің өзі көрсете білуі тиіс. Үкімет біздің елімізде бұл бағыттың тиісті деңгейде дамуы мәселелерімен жұмыс істеуі керек. Алдағы бес жыл ішінде Қазақстан таза энергия түрлерінің әзірлемелері мен енгізілуі саласында инновациялық серпіліс жасауы қажет. Сондықтан, болашақ энергиясын дамытудың 2013-2017 жылдарға арналған тиісті кешенді жоспарын қабылдау жайын анықтап алуды тапсырамын. Ол жоспар барлық өңірді, ұлттық холдингтерді, зерттеу институттары мен әлеуетті отандық және шетелдік инвесторларды қамтуы тиіс. Бағдарламалық барлық құжаттарды үйлестіру керек» деген тапсырмасы жадымызда сақтаулы. Демек, кемел келешекке айқын бағыт-бағдары бар мемлекет айтулы оқиғаға қамдана кірісуі шарт. 

Елордада қонақ үйлер көбейеді

Жыл басталысымен-ақ «Астана ЕХРО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесіне дайындық аясында  Астанада 2017 жылға дейін 38 қонақ үй салу жоспарланып отыр. Бұл туралы astana.kz сайтында қаланың Бас жоспарымен таныстыру барысында белгілі болды. 

Бас жоспарда әлеуметтік инфрақұрылым жабындарының радиусынан бастап бәрі ескерілген. Атап айтқанда, балабақшалар мен мектептер, өрт сөндіру депосы және тағы басқалары бар. Сондай-ақ, Бас жоспар бөлімінде коммерциялық орынжайлар бойынша баланс та қарастырылған. 

Ал, күні бүгінге дейін Астанада 75 қонақ үй ресми тіркеліп, жұмыс істеп келетін көрінеді.

Бау-бақшаға оранады

 Көрмені өткізу мерзімі жақындаған сайын Елорда экологиялық қалаға айналып, жас көшеттерді отырғызу жайы қолға алына бастады. 2017 жылға дейін Астана аумағының 40 пайызға жуығы орман-тоғай болады деген болжам бар. 

Астананың Сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Виталий Силецкий өз сұхбатында шаһардың әкім-шілік шекарасы 71 000 гектар екенін, бас жоспарға қосымша ағаштарды отырғызу парктерге ұласатынын айтқан еді. 

Оның сөзіне қарағанда, қалада негізгі 7 магистраль бар, ал көшеттер солардың арасына Есіл өзенінің арнасына дейін отырғызылады. Бұл Елорданы экологиялық, әрі жайлы қалаға айналдырады.

«Қазіргі уақытта 14 мың гектар жерге жас көшеттер отырғызылды, бұл көрсеткіш 32 мың гектарға жеткізілмек, ал, барлық құрамдас бөліктер кіретін аумақ 38 мың гектарды құрайды. Нәтижесінде оның 40 пайызға жуығын табиғи парктер, орман-тоғайлар алатын болады», – деді ведомство басшысы Виталий Силецкий.

Әзірлік бағдарламалары бастау алды

Астананы «EXPO-2017» көрмесіне дайындау үшін Елорда әкімдігі «Astana – green city», «Astana mobility» және «Welcome to Astana» бағдарламаларын әзірлеп отыр.Атқарушы органның «EXPO-2017» көрмесіне дайындық және оны өткізу дирекциясының басшысы Бауыржан Жансейітов Орталық Коммуникациялар Қызметінің сайтына берген сұхбатында осынау айтулы оқиғаға дайындықтың барысымен таныстырды. 

«Посткеңестік кеңістікте «жасыл экономикаға» ауысудың нақты және ұғынықты стратегиясын жасап отырған жалғыз ел – біздің Қазақстан», – деді Б.Жансейітов. Дирекция басшысының айтуынша, «Welcome to Astana» бағдарламасы бойынша көрмеге қажетті қонақ үйлер қоры анықталады, олар халықаралық сертификаттау стандарттарына сәйкестендіріліп, қонақ үй қызметкерлері оқытылады. Мұның бәрі Астананы орнықты дамытудың аясында атқарылады. Себебі, «ЕХРО-2017» – қаладағы сервисті және инфрақұрылымды жақсарта түсудің зор мүмкіндігі».

Б.Жансейітов, сондай-ақ, қаланы халықаралық көрмеге дайындаудың аясында еріктілер қызметін дамыту жұмысы күшейтілетінін айтты. «Еріктілер «ЕХРО-2017» көрмесінде де, оған дайындық аясында әуежай мен вокзалдағы жұмыстарға да тартылатын болады», – деді ол.

Қауіпсіздік шаралары күшейеді

Астананың ішкі істер департаментінде өткен шұғыл кеңесте ҚР ІІМ басшысының орынбасары, полиция генерал-майоры Ерлан Тұрғымбаев полицияның қоғамдық тәртіпті және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жұмысына жаңашылдықтар енгізу қажеттігін атап өткен еді. Ведомоство басшысы «EXPO-2017» көрмесін өткізу қарсаңында елордалық полицейлерге қоғамдық тәртіпті сақтау және қаладағы криминогендік жағдайды бақылау бойынша үлкен жауапкершілік артылатынын хабарлады. 

Ерлан Тұрғымбаев атап өткендей, полиция қызметкерлері өзге елдердің тәжірибесін қолдануы қажет. Оның ішінде шетелдік азаматтарды тіркеу рәсімін жеңілдетіп, бейнебақылау камераларының санын арттыру, «EXPO-2017» көрмесі қарсаңында полицейлерге шет тілдерін үйрету жұмыстарын жүргізу маңызды. 

Сондай-ақ, елордалық полицейлерге қоғамдық және жол қауіпсіздігін сақтау, қылмысты ашу және тергеу тиімділігін арттыру бойынша бірқатар міндеттер жүктелді. Мемлекет басшысының «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты биылғы Жолдауында айқындалған міндеттерді жүзеге асыруға ерекше көңіл бөлінді.

Ал, «ЕХРО-2017» көрмесінің объектілерін өрттен қорғау үшін 2 өрт сөндіру депосы және орталық өңірлік аэромобильді жедел құтқару жасағының базасы салынады. ҚР Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко 2017 жылы елімізде өтетін универсиада объектілерінің өртке қарсы қорғанысын күшейтуге де үлкен көңіл бөлінетінін жеткізді.

Мұнымен қатар, Қорғас өзенінде селден қорғау және тасқынға қарсы құрылыстар салынбақ. Бұл «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығының халықаралық орталығын қорғауды қамтамасыз етеді.

Әзірлеген Айбөпе САБЫРОВА.

(Материалдар «ҚазАқпарат», «BNews.kz» сайттарының мәліметтері бойынша дайындалды).

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*