«Жақсы кісі»

 Жаксы кисиӨткен аптада Махамбет атындағы қазақ драма театрында тағы бір жаңа қойылымның тұсауы кесілді. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы Әкім Таразидің «Жақсы кісі» атты трагикомедиясын сахналаған жас режиссер – Дания Ғабдуллина. Дания – Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының биылғы түлегі. Өзінің дипломдық жұмысы ретінде Атыраудағы театрда алғашқы режиссерлік жұмысын қорғап шықты. Қоюшы суретші – театр суретшісі Тимур Қоесов.
«Жақсы кісі» қойылымы Атырау театрына өз жаңашылдығымен келді. Сахнада фортепиано пернелері, 50 см биіктікте орналасқан ақ пен қара түсті алаң, тербетпе тұрды. Біз жақсыдан үлгі алуға тырысып, жақсы кісіні іздеп отырдық. Аз ғана уақытта бір отбасының ішкі дүниесін аша білген қойылым өз мақсатын толықтай дерлік орындай алды деуге болады. Спектакльдің ерекшелігі де жоқ емес. Рөлдегі актерлер: анасы – Балзия (Гаухар Қабиева), әкесі – Ахмет (Сәбит Қожабеков), жанұяның көршісі – Мұңтаз (Дастан Пышанов), үлкен қызы (Меруерт Танашева), ортаншы қызы (Әйгерім Қабдешова), ұлы – Марат (Асхат Мұса), сөзжұмбақ шешушілер (Бақытжан Өтеғалиев пен Бекет Зинуллин) жоғары деңгейде өнер көрсетті.
Үй іші абыр-сабыр. Дастархан жасау қамымен әрлі-берлі жүгірген үш әйел. Бірі – анасы, қалған екеуі – қыздары. Анасының ерке қызы терезеге телміре береді. Шамасы, біреуді күтіп жүр-ау. Күткені – маңызды адам болуы мүмкін. Өйткені, жас арудың жанары жылт-жылт етіп, жүрегі кеудесіне сыймай, қобалжып жүр. Өзін алдандырмақ болып, анасынан әңгіме айтуды өтініп қояды. «Мама, осы сіздің өміріңіз қызық болған, иә? Айтып беріңізші, мама, папамызбен қалай таныстыңыз?» – деп бойжеткен анасына қолқа сала береді. Анасы: «бұл жайлы бұрын талай айтып ем ғой» – десе де, кенже қызы қолқалап қояр емес. Сәл қартайса да, ажарын әжімнің торлауына жол бермеген ана қыздарына ылғи айта беретін, бірақ, жарты жолға келгенде іркіп қалатын сол баяғы әңгімесін тағы бастады.
Үйге біреу келгендей болды. Жанұшыра жүргірген ерке қыз терезеден қараса, інісі Марат екен. Бір мезгілде қолында папкасы бар әкесі де күндегіден көңілді келді. Әндетіп кірген үй иесі бір дөкей болса керек. Әйтеуір, ірі адам екендігі байқалады. Жұмыстан шаршап келген әкелерін құрметпен күтіп алып жатқан мына бір отбасы неткен бақытты еді!..
Бұл тамаша көріністің ғұмыры ұзақ болғанын қаладық та, қойылымға қайта ден қойдық. Біз сахнадағылардың арасынан жақсы кісіні іздедік. Алғашында беті жылтыраған балалардың әкесіне осы атты бергіміз келген. Бірақ, «жылтырағанның бәрі алтын емес» екен…
Бір мезетте күткен адамымыз келді. Сөйтсек, ол ортаншы қыздың ата-анасымен таныстырмақ болып жүрген жігіті екен. «О, жақсы кісі осы шығар» деп іштей тынып отырмыз. Шыттай болып киінген сымбатты жігіт табалдырықты аттады. Бір-бірімен танысып, білісіп жатыр. Неге екенін қайдам, әйтеуір, осы үйдің кенжесі Маратикке болашақ жездесі жағар емес. Қонаққа қонақ қосылып, үй иесі Ахметтің әрі көршісі, әрі досы Мұңтаз келіп, орта толды. Әлде, біз іздеп отырған жақсы кісі осы ма екен?..
Бір қарағанда адам сүйсінетін мына отырыстың да бізге жасырын саясаты бар екен. Не болса да, мұның бәрі ең соңында ашыларын түсіндік.
Мына шаңыраққа алғаш бас сұғып тұрған Шалкез есімді күйеу жігіттің сүйгені – осы үйдің еркетотайы емес, жақын арада қызметтік дәрежесі өсетін оның қалталы әкесі.
Үстелдің аяқ жағында басы салбырап отырған ананың бір күйініші бар. Ылғи қыздарына бастаған әңгіменің аяқ жағы көңілсіз аяқтала беретін. Ортаншы қызы Қатира екеуі жалғыз қалғанда сол әңгімеге нүкте қойды-ау, әйтеуір. «Ұзын бойлы, қара мұртты әдемі жігіт» деп тоқтап қалатын әңгімені айтамын… «Ұзын бойлы, қара мұртты әдемі жігіттің жанында сендердің әкелерің бар еді. Мұңтаз бен әкелерің…».
Бәрі басында былай болған екен. Балзия жасында Мұңтазды ұнатып, екеуі біраз уақыт сөйлесіп жүріпті. Ахмет те Балзияға өзінше ғашық. Екі дос бір жерде қызмет атқарған көрінеді. Бір күні Ахметке бәле жабылғанда, Мұңтаз досын қорғаймын деп бес жылға темір торға қамалып қалады. Осы кезде Ахмет досының сүйіктісін ары жүріп, бері жүріп уысына түсіріп алады. Екі ғашық қосыла алмағанымен, өмірге Ұлжан келеді, сосын Қатира, сосын Марат туылады. Досының опасыздығына қатты күйінсе де Мұңтаз оған кешірім-мен қарауға тырысады. Екеуі тағы да бірге жұмыс жасай береді. Міне, бүгін ғана Ахмет бастық болып, Мұңтазды қызметтен босатып жіберді. Балзияның әңгімесі осылай бітті.
Режиссердің шешімі: көрермен бір отбасының тірлігін көріп отырғанымен, соңында отбасын емес, жындыхананы көрсеткен екен. Жеңі ұзын ақ көйлекпен шыққан әртістердің қимылынан осыны білдік. Қойылым басынан бастап сөзжұмбақ шешуі болып жүрген екеудің бір-біріне сұрақ қойып, оның шешімін таба алмауымен қорытындыланды. «Білмей-тін нәрсеңді қалай шешпексің?» дейді біреуі. Екіншісінің: «ойлану керек, ойлану керек» деген сөзімен аяқталды.

Нұргүл ЫСМАҒҰЛОВА.
Суреттерді түсірген: Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*