Жағажайлар маусымға дайын ба?

Атырауда 15 маусымда суға түсу науқаны басталады. Сонымен бірге, жазғы демалыстағы мектеп оқушылары, жастар мен ересектердің табиғат аясына шығып, демалысын өзен жағасында ұйымдастыруы да жиілейтін мезгіл. Ал, күннің ыстығынан қашып, өзен-көлдерге түсетін тұрғындардың саны артқан сайын  құтқарушылар да тынымсыз жұмыс жасайды. Себебі, көбісі рұқсат етілмеген жерлерге шомылып, түрлі қайғылы оқиғаларға тап болып жатады.

????????????????????????????????????

«Су – тілсіз жау» десек те…

Қазіргі уақытта оқыс оқиғалардың алдын алу мақсатындағы шаралар адам шығынына, соның ішінде балалардың өліміне жол бермеуге бағытталуда. Бұл өзекті мәселе халық арасында кеңінен насихатталып, тұрғындардың барлық санатына түсінік жұмыстарын жүргізгенде ғана шешілмек. Осы орайда төтенше жағдайлар департаменті  қоғамдық ұйым және білім беру орындарымен бірлесіп қызмет атқарып келеді. Алайда, алдын-ала қажетті шаралар қолға алынғанымен, өткен жылы су айдындарында 33 оқыс оқиға орын алып, 21 адам ажал құшқан. Оның 10-ы – кәмелетке толмағандар. Құтқарушы мамандардың мәлімдеуінше, судағы адам өлімінің басты себебі – рұқсат етілмеген орындарда шомылу, азаматтардың жеке қауіпсіздік ережелерін сақтамауы, балаларды қараусыз қалдыру, мас күйде суға сүңгу.

Биыл суға түсу маусымы басталмай жатып, облыс аумағында орналасқан су айдындарында үш бала қаза болған. Нақтырақ айтсақ, 29 сәуірде Ширина елді мекенінде орналасқан пирстан 2008 жылы туған бала Жайық өзеніне абайсызда құлап кетіп, қаза болды. Ал, 3 мамырда Талғайраң ауылынан бес шақырым жерде өзеннен балық аулау кезінде 2002 жылғы жасөспірім  суға батып кеткен. Сондай-ақ, 13 мамырда Жылыой ауданында 18 жасар тұрғын рұқсат етілмеген жерде шомылып, арты өкінішке айналды. Бұл статистика – суға түсу маусымы басталғанға дейін тіркелген деректер.

Жағажайлар маусымға дайын ба?

Атырау қаласында үш жағажай бар. Нақтырақ айтсақ, олар — «Атырау» дене шынықтыру спорт кешені жанындағы жағажай, Тұрғындар қалашығында орналасқан «Малибу» жағажайы және Мечников өткелі тұсындағы жағажай. Қалалық әкімдіктен білгеніміздей, қазіргі кезде қосымша 3 жағажай бойынша мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланып, «Мұнайшы», Балықшы мөлтекаудандарында, К.Мәмекұлы көшесі тұсында жағажайлар ашу жұмыстары басталды.

Айта кету керек, шомылуға рұқсат етілген орындардан басқа «жабайы жағажайлар» саны 15-ке жеткен. Құтқарушы мамандардың зерттеулеріне қарағанда, батып кету оқиғасының 90%-ы шомылу үшін жабдықталмаған су айдындары мен учаскелерде орын алады. Облыстық Төтенше жағдайлар департаменті төтенше жағдайларды жою бөлімшесінің бастығы, азаматтық қорғау майоры Сырлыбай Өтеулиев осы мәселеге орай былай деді:

Жағалаудағы қайғылы жағдайларға жабдықталмаған орындарда шомылу, ата-аналардың балаларын жағада қараусыз қалдыру, балық аулау кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтамау, ішімдік ішкен күйінде суға түсу сынды жауапсыздықтар себеп болады. Мезгілсіз уақытта және салқындығын ескерместен шомылып, суға түсу ережелерін сақтамаудың соңы орны толмас өкінішке әкеледі. Жалпы, құтқарушылар 1 маусымнан бері күшейтілген режимдегі қызметке көшірілді. Адамдардың судағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін департаментпен бірлескен Батыс өңірлік аэроұтқыр жедел-құтқару жасағы және облыстық ІІД Жергілікті полиция қызметкерлерімен рейдтік шаралар атқарылуда.

 «Сақтансаң сақтаймын…»

Облыс бойынша суға шомылу барысындағы қайғылы жағдайлардың алдын алу мақсатында атқарылған жұмыстарды саралап көрелік. Атырау қалалық ішкі саясат бөлімі мен төтеншеліктердің бірлескен жұмысының нәтижесінде жағажайға жақын орындарға арнайы ескерту тақтайшалары мен қауіпті жағдайды түсіндіретін ақпараттық билбордтар ілініп, халық көп шоғырланатын орындарға LED-экран арқылы суға кетудің алдын алуға арналған бейнероликтер көрсетіле бастады. Сондай-ақ, тұрғындарға судағы қауіпсіздікті сақтау шараларына байланысты жадынамалар таратылып, мектеп пен балабақшаларда арнайы сабақтар ұйымдастырылды.

Бүгінде жергілікті әкімдіктіктің қолдауымен Тұрғындар қалашығында орналасқан Орталық жүзу бассейнінде ақылы және тегін жүзуге үйретіп, машықтану курстары жұмыс жасайды. Осындай шаралардан нақты нәтиже шықса, игі. Әйтпесе, қала тұрғындары адам өлімі фактілерін ести тұра, бейберекет суға шомылу әрекеттерінен арылар емес.

Құтқарушылар үнемі суда жүзу ережелерін қатаң сақтау қажеттігін ескертсе де, оған құлақ түретіндер сирек. Мамандар демалушыларға суға түсу қауіпсіздігі туралы ережеден басқа әрбір адам біліп жүруге тиіс бірқатар қағидалар бар екендігін ескертеді. Мысалы, суда жүзу дені сау адамға ғана пайдалы болмақ. Ал, дене ыстығы көтерілген кезде шомылуға болмайды. Сондықтан, суға түсер алдында дәрігерге көрініп, кеңесін алу қажет. Суға түсудің қолайлы уақыты – таңғы сағат 8-10-ның және кешкі сағат 17-19 аралығы. Сондай-ақ, тамақ ішкеннен кейін бір сағат өтпей, суға түскен денсаулыққа зиян екенін көпшілігі қаперге алмайды. Тамаққа тойып, немесе ішімдік ішіп алып, суға түскен адамның қан қысымы бірден көтеріледі. Құтқару қызметінің өкілдері жағадан алыс жүзбеу, ескерту белгілерінен әрі өтпеу, арнайы белгіленген жерлерде ғана шомылу, балаларға сақ болу, суда алысып, күресіп ойнамау секілді қарапайым ескертпелерді жасағанымен, қайғылы жағдайға ұшырап  жатқан адамдардың саны азаяр емес.

P.S. «Сақтансаң, сақтаймын» деген даналық сөз бекер айтылмаса керек. Сондықтан, суға түсу кезіндегі қауіпсіздік шараларына бейжай қарамаған жөн. Аптап ыстықта суға шомылып, жағажайда демалатын жұртшылықтың қауіп-қатердің де орын алуы мүмкін екендігін есте сақтап, қауіпсіздік шараларына назар аударғаны артық емес. Себебі, адам өмірі бәрінен де маңызды.

Майра ОРАЗҒАЛИЕВА

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*