ЖАҢАША ЖҰМЫС ЖАҚСЫ ІСТЕРГЕ БАСТАЙДЫ

Мемлекет басшысының 2014 жылғы 11 қарашадағы Қазақстан халқына арнаған Жолдауының маңыздылығы айқындық пен уақыттылыққа негізделген. Бұл Қазақстан дамуының жаңа экономикалық стратегиясы болып табылады.

«Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» Жаңа экономикалық саясаты Қазақстанға қиын уақытта кедергілерге төтеп беріп, экономиканы қайта бағдарлауға мүмкіндік берері анық. Жолдауда көрсетілген Қазақстан дамуының әрбір бағыттары маңызды және ауқымды.

Жаңа экономикалық саясат еліміздің құрылымдық реформаларын одан әрі жетілдіріп, экономиканың даму қарқынына жаңа серпіліс береді. Себебі, әлем жаңа сындармен бетпе-бет келгенде Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев экономиканы тұрақтандыру мен өсімін қамтамасыз ету үшін мемлекеттің даму бағыттарын анықтап берді.

Бұл ретте Елбасы Жолдауындағы жаңа саясаттың арқауы – көліктік-логистикалық, индустриялық, энергетикалық, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, су және жылумен қамтамасыз ету желілері, тұрғын үй, әлеуметтік  инфрақұрылымдарды дамыту. Солардың ішінде, экономиканың дамуына үлкен үлес қосатын шағын және орта бизнесті, ірі кәсіпкерлікті жеңіл түрде несиелендіруді қамтамасыз ету, банк секторын сауықтыру, жаңа инвестициялар тарту үшін тиісті жағдайларды  жақсарту, жалдамалы тұрғын үй салу, мектептер тұрғызу мен балабақша санын арттыруға көңіл бөлуі қуантады. Бұған қоса, Президент алдағы тапсырмалар мен міндеттерді саралай отырып, Ұлттық қордан қомақты қаражат бөлінетінін де айтып өтті. 

Осылайша, «Нұрлы жол» – Жаңа экономикалық саясаты дамыған 30 елдің қатарына кіруге мүмкіндік беретініне сеніммен қарап, қоғам болып бірлесе еңбек етуге бастайтын сара бағыт, нық қадам. Президент Жолдауында әлеуметтік-экономикалық жаңғыруды орындауға бағытталған тапсырмалардың барлығы да тайға таңба басқандай айқын. Бұл халықтың ертеңгі күніне үлкен сенімділікпен қарап,  азаматтардың әл-ауқаттарын жақсарту мен геосаяси дағдарыс кезеңін еңсеруге  толықтай жағдай туғызып отыр.

Президенттің бастамасымен биліктің жүйелі мемлекеттік механизмін құрайтын әкімшілік-мемлекеттік басқарудың мейлінше тиімді және оңтайлы моделі құрылды. Қазақстанның мемлекеттік басқару жүйесін жаңғырту және оның тиімділігін арттыру, мемлекеттік аппаратты оңтайландыру және Қазақстан Республикасының жинақы Үкіметін қалыптастыру мақсатында «Қазақстан Республикасы мемлекеттік басқару жүйесінің реформасы туралы» Жарлығы бекітілді.

Елбасының Жарлығымен ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі қоғам және мемлекет күшін біріктіріп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мен кадрлық саясатты тиімді жүргізу үшін құрылған болатын. Азаматтық қоғам институттарымен өзара іс-қимыл жасау арқылы мемлекеттік қызметшілердің жоғары беделі мен кәсібилігін, мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын арттыру және жобалар мен жоспарларды іске асыруда қоғам белсенділігін таныту құрылымдар негізінің бірі болып табылады. Сондықтан, Елбасы  белгілеген «Біздің міндет – халыққа қызмет» ұранын нық ұстап, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу – біздің басты міндетіміз.

Елбасы Жолдауындағы тапсырмаларды ескере отырып, Президенттің Жарлығымен бекітілген «Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресу стратегиясы» қабылданды.

Мемлекеттік қызмет істері мен сыбайлас жемқорлық мәселелері жөніндегі уәкілетті орган құқықтық мәдениетті қалыптастыру үшін қоғамға ашық және қолжетімді болып, қойылған мақсаттарға жету жолында өз жұмысын бастады. Ел бірлігі мен тұрақтылығын сақтай отырып, Елбасымен қойылып отырған үлкен де, жауапты міндеттерді сапалы, әрі уақтылы орындауымыз қажет.

Марат АХМЕТЖАНОВ,

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департамент басшысы.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*