Жаңару жолы жобадан басталады

БАС СХЕМАНЫҢ БАСТЫ МАҚСАТЫ

Қазақстан Республикасының аумағын ұйымдастырудың ең маңызды бөлігінің бірі өндіруші күштерді орналастыру мен дамыту болып табылады. Мұнда негізінен экономиканы дамытудың бағыттары мен принциптері отандық және шетелдік тәжірибені зерделеу арқылы жасақталып отыр. Соның ішінде Атырау облысы – табиғи ресурстарға бай, мұнай-газ өнеркәсібі қарқынды дамып келе жатқан аймақ.
Соңғы зерттеулерге сәйкес, облыс аумағында мұнай-газ және газ конденсаты шикізатының ірі кен орындары табылып отыр. Бүгінде облыста көмірсутегі шикізатын өндіретін 87 кен орны, оның ішінде 66 мұнай, 21 мұнай-газ және газ конденсаты кеніштері бар. Өңірдегі мұнай-газ секторының ірі инвесторлары – «Теңізшевройл» ЖШС мен Аджип ҚКО компаниялары. Атырау өңірі сондай-ақ әртүрлі минералдар мен құрылыс материалдарына да бай. Соның ішінде Индер ауданындағы борат кені минералды-шикізат базасының көзі саналады.
Жалпы өңірлік өнімнің 60 пайызын өнеркәсіп иеленсе, облыстың әлеуеті мұнай-газ өндіру саласының дамуымен анықталады. Аймақтағы негізгі өндіріс көздері – мұнай-газ саласы, балық шаруашылығы және құрылыс материалдарын шығару ісі. Аманжол Чиканаевтың атап өткеніндей, 2020 жылға дейін Атырау облысында экономикалық белсенді тұрғындар саны 409,3 мың адамға жетеді және сол жылға дейін облыс аумағында 31 мемлекеттік үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасын (МҮИИДБ) жүзеге асыру нәтижесінде 3994 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.

АТЫРАУ АЛЫП
ҚҰРЫЛЫС АЛАҢЫНА АЙНАЛАДЫ

Қазіргі таңда МҮИИДБ аясында Атырау мұнай өңдеу зауытында хош иісті көмірсутегін өндіру мен мұнайды терең өңдеу кешендері салынуда болса, газ-химия кешенінде полиэтилен мен полипропилен өндірісі қолға алынады. Сонымен қатар, өңірде цемент зауытын салу, сондай-ақ керамика, шыны, гипс блоктары, жеңілдетілген құрылыс панельдері мен құрылыс қоспалары кәсіпорындарын ашу қарастырылған. Экономиканы әртараптандыру үшін облыста құрылыс материалдары өнеркәсібі мен балық шаруашылығы әлеуетін қалпына келтіру де көзделуде. Бір қызығы, ауыл шаруашылығы саласында өңірде түйе шаруашылығы мен жылқы табынын дамыту қолға алынбақшы, соның ішінде қазіргі мәлімет бойынша Атыраудағы түйе саны республиканың 18,2 пайызын құрап отыр.
Атырау облысында көгілдір отынның барлық елді мекендерге жеткізілуіне орай және ауыл халқының жұмыс көзіне тәуелділігін ескере отырып, облыста отбасылық жылыжай өндірісін дамыту іске асырылмақшы. Мұндай тәжірибе қазіргі уақытта Шымкент қаласының Асар ауылында бар екен. Онда әр үйдің өз жылыжайы бар, ондағы өнімдері арқылы ол тұрақты табыс көзін жасай алады. Соған сай, Бас схемада ауылдардың жаңа типін жасау ретінде агроқалаларды қалыптастыру қарастырылып отыр. Тәжірибе көрсетіп отырғанындай, ірі тауарлы өндірісті дамыту ауыл тұрғындарының тұрмысын жақсартады, инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылым дамиды, көгалдандыру жолға қойылады. Ал, бұл факторлар шағын ауылдардың ірі орталыққа айналуына септігін тигізеді. Нәтижесінде, вахталық әдіспен қызмет ететін кең егіс алқаптары мен мал фермалары пайда болады.
Статистикалық мәліметтерге сәйкес, облыс халқының саны соңғы жылдары туу деңгейінің өсіміне қарай артып келеді, оған қоса, мұнайлы аймақта еңбек етем деп келуші мигранттар ағыны да мол болып отыр. Қазіргі болжам бойынша Атырау облысы халқының саны 2030 жылдарға қарай 37,1 пайызға өсу мүмкіндігі бар. Сондықтан да, өлкеде көптеген жобалар жүзеге асырылады.

САҒЫЗДАН
ШАЛҚАРҒА ЖОЛ САЛЫНАДЫ

Бас схема бойынша облыста 2020-2030 жылдарға қарай бірқатар жобалар ұсынылып отыр. Атап айтқанда, 2020 жылға теміржол саласы бойынша «Ақсарай-Атырау-Бейнеу» мен «Никельтау-Мақат» учаскелерін қайта жаңарту және «Мақат-Қандыағаш» теміржол учаскесін электрлендіру қарастырылған. Ал, 2030 жылға дейін «Атырау-Орал» теміржолының құрылысын салу және «Атырау-Индербор-Александр Гай (РФ шекарасы)» теміржол учаскесін салу арқылы Саратов қаласына, одан әрі Ақтау теңіз портынан Орталық Азия мен Грузия, Әзірбайжан, Иран және Түркия елдерінен транзитті жүк тасымалдау үшін Шығыс және Батыс Еуропаға шығатын мүмкіндік жасау жоспарланған.

МИЯЛЫҒА ҰШАҚ ҚОНАДЫ

Автокөлік бойынша, 2020 жылға дейін «Котяевка-Атырау-Ақтау», «Атырау-Ақтөбе» жолдарын қайта жаңарту және «Сағыз-Шалқар» жолының құрылысын жүргізу, әуе көлігі бойынша Атырау әуежайын қайта жаңартып, халықаралық санатқа ауыстыру, сондай-ақ Құлсары, Миялы, Азғыр елді мекендерінде жеңіл әуе ұшағы мен тікұшақтар қабылдап-жөнелту үшін жергілікті аэродром алаңдарын қайта қалпына келтіру және салу жоспарланған.
Қазіргі таңда ішкі су көлігі қозғалысы Жайық-Каспий су бассейнінде жүзеге асырылып келеді. Жайық өзені сағасындағы Атырау өзен порты мұнай өндіруші компаниялардың қызметін қамтамасыз ету үшін құрғақ және үлкен көлемді жүктерді тиеуге пайдаланылып жүр. Атырау өзен порты арқылы халықаралық бағыттарға жүк тасымалдау үшін Жайық-Каспий каналын қайта жаңарту және кеме жағдайын жыл сайын күтіп ұстау қажет. Бұл жұмыстар да алдағы жылдарда жасалады.

ӨНЕРКӘСІПТІ ӨҢІРГЕ – ҚУАТТЫ
ЭЛЕКТРОСТАНЦИЯ

Энергетика саласында да бірқатар істер атқарылмақ. Қазіргі таңда облыс энергодефицитті аймаққа жатқызылып отыр. Өңірдегі электр энергиясына қажеттілікті өтеу мақсатында 2015 жылға қарай қуаттылығы 230 мВт газтурбинді электростанциясының құрылысы, Қазақстан зияткерлік энергожүйесін қалыптастыру аясында 500 кВ жоғары кернеулі Ақтау-Бейнеу-Құлсары желісін салу жоспарланып отыр. Аймақтың үнемі желді болуына қарай қуаттылығы 50 мВт жел электростанциясының құрылысы да жүргізіледі.
Болашақта өңірдегі жерасты суларын көбірек пайдалану көзделуіне орай, Атырау облысының халқын жерасты суларымен қамтамасыз ету үшін Ақтөбе облысының Көк Жиде кен орнынан бастап су құбыры құрылысын жүргізу ұсынылуда. Сонымен қатар, облыс халқын көгілдір отынмен 100 пайыз қамту қарастырылып отыр.

СОЛТҮСТІК КАСПИЙ РЕЗЕРВАТЫ ҚҰРЫЛАДЫ

Экологиялық шараларды жүргізуге де көңіл бөлінуде. Әсіресе, Каспий қайраңынан мұнай өндіру, Жайық және Жем өзендерінің, «Азғыр» полигонының проблемаларын шешу мәселелері бар. Бүгінгі күні шешімін таппай отырған мәселенің бірі – қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеу ісі. Соған сәйкес, 2020 жылға дейін Атырау қаласында халықаралық стандарттарға сәйкес қатты тұрмыстық қалдықтарды басқару жүйесін жаңарту ісін қолға алу және табиғи аймақты қорғау бойынша «Солтүстік Каспий» аймағын мемлекеттік табиғи резерват санатына жатқызу жоспарланған. Сондай-ақ өңірде киік көшкіні үшін де жағдай туғызу шаралары қарастырылған. 2020-2030 жылдары Еділ-Жайық мемлекеттік табиғи резерватын, Индер мемлекеттік табиғат қорығын құру жоспары да бар. Ал, туристік базаны жақсарту мақсатында Сарайшық мемориалды кешенін жаңарту, Жылыой ауданындағы Сарыбұлақ және Шевченко жерлеріндегі жылы су кен орындарында бальнеологиялық курорт салу көзделіп отыр.
Міне, негізінен алғанда болашақта Атырау өңірінде осындай іргелі істер қолға алынбақ. Бұл жұмыстардың бәрі еліміздің бас схемасын құру жүйесіне енгізіліп қойған. Соған сәйкес, аталған жұмыстарды жүзеге асыру алдағы жылдардың еншісінде.

Қосұйым МҰҚАШЕВ.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*