Жаңартылған білім мазмұны – заман талабы

Ел дамуының негізі – білім мен ғылым. Ал, жаңартылған білім мазмұнын терең игеру – бүгінгі заманның талабы. Осы орайда зияткер ұрпақ тәрбиелеп, олардың үйлесімді дамуы мен тұлға ретінде қалыптасуында ұстаздың кәсіби шеберлігі қандай деңгейде? Жаңа жүйенің тиімділігі мен ерекшелігі неде? Білім сапасын арттыруда қандай жаңашылдықтар бар? Осы және өзге де сауалдар аясында «Атырау» газеті редакциясында өткен «қауырт желіде» облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Роза ҚАБДОЛОВА оқырмандар сауалдарына жауап берді.

????????????????????????????????????

Телефон арқылы қойылған сауалдар

Назарбаев Зияткерлік мектептеріндегі білім беру жүйесін басқа білім ордаларында тарату жұмыстары қалай іске асуда?

Алтынай ТҮГЕЛБАЕВА.

– Оқытудың бұл жүйесін енгізу арқылы академиялық білімі терең, аса өнегелі, қоршаған ортаның өзгерістеріне өзіндік баға беретін, экономикалық және әлеуметтік процестерді болжайтын зияткер ұрпақты қалыптастыру көзделді. Өйткені, бәсекелестік ортада сұранысқа ие, заманауи дағдыларды игерген маман  – қашан да ел экономикасының негізі. Бұл ретте Елбасының «Назарбаев Зияткерлік мектептеріндегі оқыту стандарты елдегі барлық мемлекеттік білім беру мекемелеріне енгізілуі қажет. Осылайша, мектептердегі білім берудің реформаларын аяқтаймыз» деген тапсырмасына сәйкес бұл оқытудың тәжірибесін енгізудің республикалық пилоттық жобасы облыста Исатай ауданындағы Ж.Мырзағалиев атындағы орта мектепте және Атырау қаласындағы №17 мектеп-лицейінде өтуде. Бүгінде барлық мектепте  1, 2, 3, 5, 6, 7, 8 сыныптар жаңартылған мазмұн бойынша білім алуда. Жалпы, 2021 жылы бұл жүйеге барлық білім ордалары  толық көшуі тиіс. 

Жаңа жүйе бойынша аттестациядан өткен мұғалімдерге белгіленген санаттың коэффициенті әлі нақтыланбағандықтан, өскен қаржы үстемақы ретінде ғана бұрынғы санатқа қосылуда. Арамызда бұрынғы алған санаттары (І, ІІ және жоғары) 2019 жылдың мамырында бітетін мұғалімдер бар. Олар бұрынғы жүйе бойынша ол санаттарын растай алмайды. Бұл ретте еңбекақы қай санатпен есептеледі? Сондайақ, қазір педагогзерттеуші атағын алғандар әртүрлі себептермен жұмыста болмаған әріптесінің сабағын жүргізгені үшін де оған еңбекақысы бұрынғы санатымен ғана есептеледі. В1, В2 сияқты арнайы коэффиценті анықталмағандықтан, қазір мұғалімдердің ақшасы төмен есептелуде. Бұл қалай реттелмек?

Роза ДӘУЛЕТОВА.

 

– «Білім туралы» Заңның 87-1 тармағына сәйкес, «педагог-модератор», «педагог-сарапшы», «педагог-зерттеуші», «педагог-шебер» біліктілігі белгіленген мұғалім және оларға теңестірілген тұлғаларға егер тест тапсырғанға дейін педагог еңбекақысын біліктілік санатынсыз алып жүрсе, жоғарыда айтылған атақтарды алғаннан кейін тиісті біліктілік санатына, оқылған сағаттарына  сәйкес және оның үстіне 30 пайыздық лауазымдық жалақы қосылады.  Алайда, бұл аптасына 18 сағаттық заңды түрде бекітілген оқу жүктемесінен аспайды.

 Жоғары оқу орнын филология мамандығы бойынша бітірген маман мектепке мұғалім болып жұмысқа орналаса ала ма?

Салтанат ЕРМЫРЗАҚЫЗЫ,

Қызылқоға ауданы.

– Мектепте педагог болып қызмет ету үшін диплом міндетті түрде сәйкес келуі тиіс. Филология дипломымен жұмысқа қабылданғанымен, білім беруді бақылау департаменті, прокуратура тексерген кезде бұл заңсыздық болып есептеледі. Егер штат болса осы дипломмен мектептерде аудармашы, жоғары оқу орындарында оқытушы болып қызмет ете аласыз.

 Атырау қаласындағы Амангелді атындағы орта мектепте бірінші сынып оқушылары үшін оқулық әлі де жеткіліксіз. Жуырда сауат ашу, математика оқулықтары ғана берілді. Басқа оқулықтардың жоқтығы баланың сабаққа дайындалуына кедергі. Мәселе қашан шешімін табады? Сондайақ, пәннің жұмыс дәптерлерін атаана сатып алуы тиіс пе?

Гүлмира БАТЫРҒАЛИЕВА,

Атырау қаласы.

– Негізінен жаңартылған білім мазмұны бойынша барлық мектептің оқушылары жүз пайыз оқулықпен қамтылуы тиіс. Осы орайда оқулық тасымалына қосымша қаражат бөлініп, кітаптар толық жеткізілді. Ал, таратылымы жөніндегі мәселені бақылауға аламыз. Жұмыс дәптері мектеп кітапханасында болмаған жағдайда ата-ананы сатып алуға міндеттеуге болмайды. Жай жазу дәптерін пайдалану қажет.

 Бұған дейін облыста қосымша білім беру ұйымдары желісінің әлі де аздығы айтылды. Мәселені шешуде бүгінде қандай жұмыстар атқарылуда?

Айжарқын ҚАБИЕВА,

Қызылқоға ауданы.

– Биылғы оқу жылының басында облыста оқушыларды қосымша білім берумен қамту  72  пайызды құрады. Қосымша білім беру ұйымдарының саны – 45, оның үшеуі биыл ашылды.  Мектеп жанындағы спорттық 1581 үйірмеге 35 446 бала қатысады.

 Негізгі мамандығымқазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Алайда, оның негізінде жұмыс жасамадым. Он жылдан бері басқа саладамын. Ендігі уақытта мектепте педагог болып қызмет етуге бола ма? Бұл жағдайда диплом жарамды  ма?

Марина.

– Педагогикада еш тәжірибеңіз болмаса мектепке қызметке орналасарда «Өрлеу» біліктілікті арттыру  ұлттық орталығынан ақылы негіздегі курстан өту қажет. Алайда, облыста мектептерде қазақ тілі пәні мұғалімдеріне сұраныс жоқ. Бүгінде бізде бастауыш сыныптарына, математика, физика, химия пәндеріне орыс тілді мұғалімдер жетіспейді.

 Балаларға мектепке дейінгі ұйымдарға жолдама алуда проблема жетіп артылатын. Мәселені шешу үшін автоматтандырылған электронды кезек жүйесі енгізілді. Бүгінде оның тиімділігі қандай?

Айдана,

Атырау қаласы.

– Мектепке дейінгі  балаларды кезекке қою және оларға жолдама беру қызметтері қазіргі кезде толықтай автоматтандырылды. Garden.atyrau.gov.kz сайты арқылы балабақша кезектілігін қарап білуге және бос орынның болуына қарай мектепке дейінгі ұйымға баланы орналастыруға болады. Жуырда ғана іске қосылған жүйенің тиімділігі жөнінде дәл қазір тап басып айту қиын. Дегенмен, аталған жүйе жұмысы бұған дейін орын алған мәселелерді жоюға себепші деп есептеледі. 

 Елбасы келесі жылы «Педагог мәртебесі туралы» заңды әзірлеп, қабылдау қажеттігін тапсырды. Осы орайда сіздердің тараптарыңыздан заңға енгізу үшін нақты қандай ұсыныстар әзірленуде?

Ғабит САПАР.

– Өткен оқу жылында еліміздің Білім және ғылым министрлігіне орта білім беру ұйымдарында оқу процесінде қолданылатын нормативтік құқықтық актілерге өзгеріс енгізуге ұсыныстар жолданды. Соның ішінде мұғалімдерге түсетін жұмыс жүктемесін азайту, еңбекақысын арттыру, қағазбастылықты жою жөніндегі пікірлер қамтылды. Келер жылы аталған заң қолданысқа енсе, бұл құжат мұғалімдер мен мектепке дейінгі мекемелер қызметкерлері үшін барлық игілікті қарастырып, жүктемені азайтуға, жөнсіз тексерістер мен міндеттен тыс функциялардан арашалауға тиіс.

Елбасы Жолдауында балалар қауіпсіздігінің маңыздылығын ескеріп, бүкіл мектептер мен балабақшаларды бейнебақылау жүйесімен қамтамасыз етуді, мектеп психологтарының жұмысын күшейтуді және басқа да дәйекті шараларды жүзеге асыруды тапсырды. Бұл міндеттер өңірде қаншалықты іске асырылуда?

Айтолқын НӘУТИЕВА,

Махамбет ауданы.

– Бала қауіпсіздігі – қашан да басты назарда. Бұл ретте  білім беру ұйымдарының  92 пайызы  бейнебақылау жүйесімен қамтылды. Яғни, барлық 194 мектепте 1939  сыртқы,  3605 ішкі бейнебақылау жүйесі бар. Сондай-ақ, 188 балабақша мен 16 мемлекеттік колледждің барлығы да осындай құрылғымен жабдықталды. Білім беру ұйымдарының қосымша сұраныстары бойынша (салынып жатқан, күрделі жөндеудегі, тағы басқа себептермен) бейнебақылаумен қамтамасыз ету мүмкіндіктері қарастырылуда.

Ал, мектептердегі 292 психолог және 132 әлеуметтік педагогтың қызметін арттыруда тәжірибе алмасу мақсатында облыстық ғылыми-практикалық конференция, облыстық форум,  Атырау қаласында және әр ауданда көшпелі оқу-әдістемелік шаралары мен біліктілік арттыру курстары ұйымдастырылуда.

 – ҰБТ-ға қатысты жыл сайын жаңалық енеді. Былтырғы оқу жылында сынақтан сүрінгендер үшін тестілеуді ақылы негізде тапсыруға бірнеше рет мүмкіндік берілген-ді. Жуырда ҰБТ қаңтар айында басталатыны айтылды.  Мұндай өзгерістер бізге қаншалықты тиімді? Жалпы, ҰБТ-дағы биылғы ерекшеліктер қандай?

Гүлбану ЕРҒАЗИЕВА,

Исатай ауданы.

– Жоғары оқу орнына түсуге ниет білдірген мектеп бітіруші түлектер үшін ҰБТ тегін өткізіледі. Ал, тестілеудің нәтижесі бойынша шектік деңгейдегі балл жинай алмаған талапкерлер жоғары оқу орындарына шартты түрде қабылдануы мүмкін. Олар бірінші семестрде бірінші курстың барлық студенттерімен бірге  бағдарламаны оқиды. Сондай-ақ, қосымша кешенді тестілеудің төрт пәнін меңгереді. Қаңтар айында тыңдаушы кешенді тестілеуді сәтті тапсырып шекті баллды жинаған жағдайда студент қатарына қабылданып, оқуын жалғастырады. Жалпы, ҰБТ бойынша биылғы оқу жылына өзгерістер әзірге енген жоқ.

 – Жаңартылған білім мазмұнында педагогтардың кәсіби біліктілігін шыңдау, білім сапасын көтеру жұмыстары қандай деңгейде?

Қанат ҒҰМАРОВ,

Құрманғазы ауданы.

– Бүгінде жаңартылған бағдарлама бойынша 7395 мұғалім біліктілігін арттырды. Педагогтардың ұлттық бірыңғай тестілеуіне 2723 мұғалім өтініш білдірді. Жалпы, бүгін 1925 педагогтың санаты белгіленді. Мұғалімдерге арналған аттестациялаудың бұл түрінің ІІ кезеңі қараша айында өткізіледі.

 – Жаңартылған білім мазмұнындағы сынып оқулықтарындағы тапсырма оқушыға оңай емес. Бір сабаққа берілген уақыттың ішінде оқушының күрделі тапсырманы меңгеріп алуы қиын. Бұдан басқа кейбір оқулықтарда «әттеген-ай» деген тұстар кездесіп жатады. Осы орайда  оқулықтағы олқылық жөніндегі ұсыныс, пікірлерді кімге жолдаймыз?

Айжамал ҚОҢЫРБАЕВА,

Исатай ауданы.

– Жыл сайын жаңартылған білім беру мазмұны бойынша оқулық авторларымен  кездесу ұйымдастырылады. Биылғы кездесу 16-17 қарашаға жоспарланды. Алқалы басқосуда оқулықтың олқы тұстары айтылып, ұсыныстар беріледі. Ал, ата-аналар өз пікірлерін республикалық оқулық орталығының сайтына жолдай алады. Мұнда тіркелген әр ұсыныс негізге алынады. Сондай-ақ, облыстық әдістемелік орталыққа да байланысуға болады.

Әлеуметтік желіге түскен сауалдар

 – ҰБТ қорытындысында Атырау облысының білім деңгейі қандай болды?

Бибінұр.

– Өткен ҰБТ нәтижесінде 74 балл жиналды. Бұл өткен оқу жылымен салыстырғанда екі баллға жоғары.

– Атырау қаласындағы Жаңаталап ауылына мектеп интернаты салына ма?

  Тілепберген.

– 2019-2021 жылдар аралығында Жаңаталап ауылында 100 орындық интернаты бар, 200 орындық мектептің құрылысын салу жоспарлануда. Қазіргі уақытта жобалық-сметалық құжаты жасақталуда.

 – Әр мектеп өзінің атауына сай болуы тиіс. Білім ордасында мектептің есіміне лайықты жабдықталған көрнекіліктер болғаны жөн ғой. Менің айтпағым, Атырау қаласындағы №6 мектепке Мұрат Мөңкеұлының есімі берілгеніне біраз уақыт болғанымен, ғимаратта оның атына сай дүниелер жоқ. Біле білсек, биыл Мұрат Мөңкеұлының туғанына – 175 жыл. Осы айтулы датаға орай мектепте қандай жұмыстар қолға алынды? Жалпы, ақын мен мектептің атауын байланыстыруда қандай жоспар бар?

Нұридин ЕСМАҒАМБЕТОВ,

еңбек ардагері.

– Өткен жылы 15 маусымда Атырау қаласындағы №6 мектепке Мұрат Мөңкеұлының есімі берілді.  Білім ордасында ақынның шығармашылығына байланысты бірқатар тәрбие сағаттары өтіп тұрады. Алайда, мектептің атауына сай  келетіндей көрнекілік немесе ақын портреті жоқтығын біз де аңғардық. Бұл ретте мектеп басшысына осы жұмысты ұйымдастыруға нақты тапсырма беріледі.

 – Жаңартылған білім мазмұнына сай бірқатар мектептерде робототехника кабинеттері ашылуда. Бұл қай мектептерде қолға алынды және қай сыныптар қамтылды? Жалпы, робототехника үйірмесіне бала неше жастан бастап қатысады?

Батырхан МҰХАМБЕТҚАЛИҰЛЫ,

Атырау қаласы.

– «Робототехника» үйірмесі Атырау қаласындағы Оқушылар орталығынан 2016 жылы ашылды. Оған жергілікті бюджеттен 1 млн. теңге қаржы бөлініп, роботтың сегіз түрі алынды. Үйірмеге қала мектептерінен 53 бала қызығушылық танытып, қатысты. Қазіргі уақытта «Лего-конструктор» үйірмесі жүргізілуде. Атырау қаласы бойынша Д.Байбосынов атындағы №13 ұлттық мектеп-гимназиясы және Ф.Оңғарсынова атындағы мектептерде робототехника үйірмесі бар. Оған оқушылар  бесінші сыныптан бастап қатысады.

 – Кейбір білім ордаларында мектеп формасын сақтамай жүрген оқушыларды  көреміз. Мұндай оқушылардың ата-аналарымен қандай жұмыстар жүргізілуде?     

   Ерболат ШОҚАН.

– Биылғы оқу жылынан бастап бірыңғай мектеп формасы енгізілді. Оқу жылының басында міндетті мектеп формасын сақтамай, сабаққа келмей жүрген 20 оқушы қыз анықталды. Білім беру ұйымдарының басшылары олардың ата-аналарына  әкімшілік шара қолдану үшін тиісті құжаттарды жасақтап, облыстық білім беруді бақылау департаментіне жолдады. Ал, білім беру басқармасы мамандары қаладағы мектептерге рейдтерге шығып, қосымша түсініктер берді. Осындай  жұмыстар қалалық, аудандық білім бөлімдерінде де жүзеге асты. Нәтижесінде мектептегі  талапқа бағынбай жүрген 20 оқушының саны 8-ге азайды.  Мұндай жұмыстар  жалғасуда.

 – Белгіленген талаптарға сәйкес бір сыныпта қанша оқушы оқуы қажет? Қазір  сыныптағы бала саны неге тым көп?

Асылай  МҰХТАРҚЫЗЫ.

– Білім беру объектілеріне қойылатын санитариялық қағидаларда бір сыныпта 25 оқушыдан артық болмауы белгіленген. Жалпы білім беретін мектептердің жоғары сыныптарында, мамандандырылған білім беру ұйымдарында, гимназияларда және лицейлерде сыныптардың толықтыруын 20 оқушыға дейін азайтуға жол беріледі. Алайда, бүгінде Атырау қаласы бойынша оқушылар өсімі байқалуда. 2017-2018 оқу жылының аяғында қала мектептерінде 58884 оқушы болса, биылғы оқу жылында бала саны – 63764. Яғни, бүгінгі бала саны мектептің жобалық қуатынан асып түсті. Бұл мәселені шешу мақсатында  Нұрсая, Самал, Береке, Жұлдыз-1, Жұлдыз-2 ықшамаудандарында салынатын мектептердің жобалық-сметалық құжаттары жасақталуда. 300 орындық Ғ.Мұратбаев атындағы орта мектебінің құрылысының жобалық-сметалық құжаттары дайын.

Дайындаған: Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА.

Суретті түсірген: Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*