ЖАҢА ЖҮЙЕ – ТИІМДІЛІК ЖОЛЫ

 

Бүгінде мемлекеттік қызмет саласында айта қаларлықтай жаңалық көп. Соның алғашқысы, мемлекеттік қызметтің мансаптық моделіне көшу жайы.

– Бұл модель аясында мемлекеттік қызметке алғаш кіргендер кәсіби қызметін тек төменгі лауазымнан бастайтын болады. Бұл үшін олар заңнаманы білу бойынша тестілеу және қабілеттілік деңгейін анықтау, агенттікте комиссиялық түрде өткізілетін мемлекеттік қызметтің құндылығына сәйкестігін бағалау мақсатында әңгімелесу – іріктеу кезеңдерінен өтетін болады. Сонымен қатар, үміткердің  кәсіби біліктілігінің деңгейі анықталады, – деді департамент басшысы Марат Ахметжанов.

Мемлекеттік қызметке алғаш кіргендерге қазіргі күні ерекше міндет жүктеліп отыр. Бұл – 3+3 формуласы бойынша сынақ мерзімінің тағайындалуы туралы талап. Атап айтқанда, жаңа қызметкер үшін 3 ай мерзімге сынақ тапсырмалары бар жеке жоспар жасалады. Осы сыннан өту үшін үміткерге тәжірибелі тәлімгерлер көмектеспек. Егер қызметкер сынақтан сүрінсе, оның уақыты тағы үш айға созылады. Немесе тиісті агенттікпен келісе отырып, жұмыстан босатылады. Екінші үш айлық сынақ мерзімінің қорытындысы қызметкердің қызметке қаншалықты ынтасы барын анықтамақ. Теріс бағаланса, мемлекеттік қызметші отырған орнын босатады.

Марат Мұратұлы жоғары тұрған лауазымдарға жарияланған байқауға ең алдымен сол мемлекеттік орындарда төменгі лауазымдардағы мемлекеттік қызметшілер қатысатынына тоқталды. Бұл жағдайда оның жұмыс тәжірибесі де ескерілмек. Нақты үміткерлер болмаған жағдайда, іріктеу барлық мемлекеттік органдардың қызметкерлер арасында өткізіледі.

– Мемлекеттік қызметшілердің белгілі бір санаттары үшін (мысалға, орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелерінің басшылары) кәсіби дамуы шеңберінде тікелей немесе горизонталь бойынша алмастыру (ротация) (конкурстан тыс) көзделеді. Алмастырылған (ротацияланған) қызметкерлер арнайы қызметтік баспана қоры арқылы баспанамен қамтылады. Сондай- ақ, бұл ресурстар Ұлттық комиссия шешімімен міндетті түрде 5 жылдың 3 жылын аймақта өтеуге міндетті «Болашақ» бағдарламасының түлектеріне де қолданылатын болады, – деді брифинг қонағы.

Жаңа модельдегі басты жаңалықтың бірі – ауыстыру тәртібімен енді тек бірінші басшылардың көмекшілері, кеңесшілері мен баспасөз хатшылары ғана тағайындала алады. Ал, «Б» корпусының кадрлық резерві және қолданыстағы ауысу тәртібімен тағайындалу институттары таратылмақ. Департамент басшысы 2016 жылғы 1 қаңтарынан бастап факторлы-балдық шкала бойынша төленетін еңбекақы төлеу жүйесіне ерекше тоқталды. Мұндай әдіс қазір АҚШ, Ұлыбритания, Жапония секілді әлемнің көптеген белді мемлекеттерінде қолданып келеді екен. Ол және өзінің тиімділігін көрсеткен. Жаңа жүйе басшы қызметкерлердің жауапкершілікті сезінуіне, атқарып отырған міндетіне сәйкес  еңбекақы алуына мүмкіндік береді.

Басқарма басшысы, сонымен қатар, мемлекеттік қызметшілер арасында өтетін аттестациялау мәселесін де сөз етті. Брифингке қатынаса отырып естігеніміз, енді бұл сынақта еңбеккердің қабілетін толық ашу мүмкіндігіне маңыз беріледі.

Азамат БАЗАРБАЕВ. 

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*