Жаңа әріптен жасқанудың жөні жоқ

Зиялы қауымның қазақ әліпбиін латын графикасына ауыстыру жөнінде әңгіме қозғап, түрлі пікір айтып келе жатқанына да біршама уақыт өтті. Ал, жуырда ел Президенті бұл іске кірісу керектігін ресми түрде мәлімдеді.

323555_1492773752

Латынға ауысудың жанашыры ретінде бұл шешімді қуана қарсы алдым. Әрине, тіл мамандары, басқа да жауапты мамандар өз жобаларын дайындау жолында еңбектенуде. Десек те, еліміздің қарапайым азаматы ретінде мен де көтерілген мәселе жөнінде өз ойымды көпшілік талқысына салып, ұсыныстарымызды білдірсем деймін.

Ең басты мәселе – әліпбиде қанша әріп болатыны. Менің ойымша, қазіргі қолданыстағы 42 әріптің 11-і, яғни, ё, й, х, ц, ч, щ, ъ, ь, э, ю, я әріптері шығып қалуы тиіс, ал, қалған 31 әріп  жаңа әліпбиді құрамақ. Бұрынғы латын әліпбиінде 32 әріп болған және ешбір қосдыбысты әріптерді қолданбаған.

Екінші мәселе – осы 31 әріпті тіл мамандарының да, халықтың да  көңілінен шығатындай таңбалау. Бұл істі жүзеге асыруда бір әріп – бір дыбыс ұстанымынан ауытқымай, бізден бұрын  латын графикасына ауысқан түркітілдес елдердің тәжірибесінен сабақ алсақ, мәселенің оң шешім табуына ықпал етер еді. Сол секілді бұрынғы латын әліпбиін негізгі тұғыр ретінде қарастырудың да мәні зор. Бірақ, бұл бұрынғы әліпбиді сол қалпында қайтадан қабылдай салу деген сөз емес. Мәселен, «Ұ» және «Ғ» әріптерінің түсініксіз таңбаланып тұрғанымен бәрі келісетін болар.

Енді қазіргі әліппедегі мына жұпдыбыстыларға назар салсақ, А-Ә, Ж-Ш, Ғ-Г, Қ-К, Н-Ң, Ұ-Ү, О-Ө, Ы-І. Бұларға қатысты талас-тартыс, келіспеушілікті қалай оңтайлы шешуге болады? Оның да аса бір қиындығы жоқ секілді.

Мәселен, «Ә, Ө» әріптерінен қандай себеппен бас тартуға болады? Бұл ретте барды жоқ етіп, оның орнына жоқты іздеудің қажеті бар ма? Басқа бір әріпке дәйекше қосып, мыналар жаңа «Ә, Ө» деп белгілегеннен не ұтамыз? Сол себепті, менің ойымша бұл әріптерді осы қалпында қабылдау керек.

Ал, «Қ» әрпін бұрынғы әліпбиге сай, «Q» деп белгілегеннен артығын таба алмаспыз. Ендігі кезекте – «Ң» әрпі. Бұрын «N, n» деп таңбаланған. Бірақ, бас әріптің көрінісі қарауға да, жазуға да үйлеспей тұр. Осы себепті тек кіші түрін алған жөн секілді.

«Ұ, Ү» әріптері де «Ә, Ө» сияқты өзгеріссіз жаңа әліпбиге қабылданса, нұр үстіне нұр болар еді. «Ы», «І» әріптерін таңбалау. Жаңа әліпбиге «У» дыбысы ретінде латынның өз әрпі U оралатындықтан,  босаған «У» әрпін «Ы»-ның орнына пайдалануға болады. Мысалы, Almaty. Осы әріптің үстіне дәйекше қойып (у) «І»-ні белгілейміз.

«Ж» әрпін таңбалауда, әрине, латынның «J» әрпі бар. Бірақ, қосдыбысты емес, бірдыбысты ретінде. Көпшілік осыны қалайтын болар.

«Қ, һ, Х» әріптері бір-біріне өте ұқсас. Біріншісі таза қазақы сөздерде, екіншісі – араб тілінен енген сөздерде, үшіншісі орыс, т.б. шет тілдерден кірген сөздерде қолданылып жүр. Біздің ойымызша, соңғы екеуінің бірі, яғни, «Х» әліпбиден шығып қалуы керек. Оның бұрынғы қызметін, аз-кем айырмашылығы болса да «НҺ» атқара алады. Салыстырып қараңыз: ағылшынша: Hanoi, Helsinki, ал, орысша-қазақша Ханой, Хельсинки. «Ғ» әрпін таңбалауда түрікшеге ұқсастырып «Gg» таңбасымен белгілейтін боламыз. Басқа жолы табылып жатса, оны да қарастыруға болады. «Й» әрпі сөз ішінде өзіне екпін түспейтін реттерде  кездеседі, бұрынғы әліпбиде оны белгілемеген, солай болуы дұрыс. Ескеру керек бір нәрсе, Наина, Фаина, Аиша сияқты жекелеген екпін түсетін сөздерді дұрыс айту үшін әріптің үстіне екпін белгісін қойса немесе қосарлап жазса жеткілікті.

Белгілі ғалым Амангелді Айталы айтқан бір әңгіме еске түседі. Ол студенттерге дәріс оқып тұрып: «қазақ тілінде «В» деген дыбыс жоқ, сондықтан «вокзал» емес, «бокзал» деп айтылуы керек» дегенде студенттер жаппай ду күліп жіберген екен.  Шынтуайтына  келсек, «В»-дан басқа «ф,х,Һ» дыбыстары тілімізде ертеректе болмаған. Басқа халықтармен араласып, түрліше мәдени, қоғамдық қарым-қатынастар орнағанда тілімізге де азды-көпті өзгерістер  енгендігінің белгісі болар,  бұл  әріп-дыбыстар да санамызға біршама  сіңісіп кетті.

Керектіні қосып алсақ, тілді молайтқанымыз, ал, бардан айырылып  қалсақ, нағыз жоғалтқан сол болар.   Тағы бір мысал. Бұрында түрік тілінде біздегі сияқты «Қ» дыбысы болған екен. Қандай себеппен екенін білмеймін, сол дыбыс қазірде қолданыстан шығып қалыпты, орнын «К» әрпі алмастырыпты. Міне, нағыз жоғалту осы болар. Меніңше, түркі халықтары  әліпбилерінің бір-бірінен екі-үш, тіпті төрт-бес әріпке өзгешелігі болса да, тіл үйренгісі келетін кісіге мұндай айырмашылық ешбір кедергі бола алмайды.

Керекті әріптерді  іздеу барысында әріптің асты-үстіне  дәйекшелермен толтыра  беруден сақтанайық. Осындай мәтінді көз алдыңызға елестетіп көріңіз.  Қалай болса да сөздің ажарын кетірмей, әрі оқуға қиындық келтірмейтіндей болсын делік.

Әрине, ересектер үшін талай жылдар бойы санаға  сіңіп жатталып қалған бұрынғы әріптер жаңамен салыстырғанда дұрысырақтау болып көрінер. Бірақ, бұл – уақытша құбылыс, уақыт өте келе бәрі тез-ақ қалпына келеді, жүрексінетіндей ештеңе жоқ.  Ал, бұрынғы әліпбимен таныс емес жас жеткіншектер үшін оңайдың оңайы, тез үйреніп кететініне сенімдімін.

Қонысбай АҚПАН,

зейнеткер,

Құлсары қаласы.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*