Жаңа қоқыс полигоны

Махамбет ауданы аумағында салынады

Ірі кәсіпкерлік және құрылыс нысандарынан шығарылатын қоқыс пен тұрмыстық қалдықтардың айналаны бүлдірмеуіне кім жауапты? Бұралқы ит-мысықты аулаудың белгіленген тәртібі бар ма? Атырау қаласының көшелеріне толыққанды тазалық жұмыстарын жүргізуге техника жеткілікті ме? Әсіресе, қолмен атқарылатын жұмыстарды автоматтандыруға не кедергі?

бұқара

Міне, журналистердің осы және өзге де сауалдарына Атырау қаласы мен оған қарасты елді мекендердің тазалық жұмыстарымен айналысатын «Арнаулы автобаза» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Самат Тұрниязов өңірлік коммуникациялар қызметі орталығында өткен брифинг барысында жауап берді.

– Біздің мекеме көше, көпір мен саябақтарды қоқыс, қар және жаңбыр суынан тазалаумен қатар, қатты тұрмыстық қалдықтарды Атырау қалалық қоқыс полигонына тасымалдаумен де айналысады. Бірақ, бір ескере кететін жайт, кәсіпкерлік пен құрылыс нысандарының қоқыстарын тасымалдау, бұ-ралқы ит-мысықтарды ұстау немесе ату (Бұл арнайы ветеринария бөліміне қатысты мәселе. Авт.) кәсіпорын қызметіне жатпайды. Бүгінде серіктес-тікте 320 жол жұмысшысы (штат бойынша 350 адам) және 114 көлік жүргізуші жұмыс жасайды. Бұл – өткен жылмен салыстырғанда жоғары көрсет-кіш. Қазір маман тапшылығы байқалмайды. Себебі, былтыр қыркүйек айынан бастап жол жұмысшыларының айлық еңбекақысы 41 мың теңгеден – 77 мыңға, ал, жүргізушілердікі 65 мыңнан 90 мың теңгеге өсті, – дейді С.Тұрниязов.

Оның айтуынша, күні бүгін 202 техника есепте тұр. Оның 39-ы – өткен жылы Атырау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және автокөлік жолдары бөлімі арқылы алын-ған. Осы бөлімнің арнайы тапсырысына сәйкес, қазір қоқыс полигонын жаңалау үшін «Lisma BB» ЖШС жобалық-сметалық құжаттарын жасақтауда. Олай болса, айналаны әр уақытта таза ұстауға толық мүмкіндік бар деген сөз.

Өз кезегінде бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері тұрғындарды мазалаған бірқатар сауалдарға жауап алды.

бұқара2

– Жаз мезгілінде қоқыс жәшіктерінің сапасына қатысты көп сын айтылды. Қазіргі ахуал қандай?

– Бұл бағытта 2013 жылы 500, 2014 жылы 1500 және өткен жылы 632 жаңа контейнер орнатылды. Биыл да қосымша тағы бір мың контейнер қондырылмақ.

– Жаңа қоқыс полигоны жөнінде көптен бері мәселе қозғалып келеді. Ол қашан салынады?

– Рас, қазіргі қоқыс полигоны Атырау қаласының солтүстік батысында бес шақырым жерде, шаһарға тым жақын орна-ласқан. Ол 1977 жылы пайдалануға берілген екен. Аумағы 35 гектарды құрайды. Айналасы үш метр биік темір қоршаумен қоршалған. Мұнда күніне 236,3 тонна, ал, айына  7089 тонна, сөйтіп, бір жылда 85 068 тонна қоқыс тасымалданады. Бір қуантарлық жаңалық, Махамбет ауданы территориясынан жаңа қоқыс полигонын салу үшін аумағы 50 гектар болатын арнайы жер телімі бөлінді.

 – Көктем мен күзде қала маңы су ортасында қалады. Бұл бағытта биыл қандай шаралар жоспарлануда?

– Атырауда 13 су сорғыш көлік (вакуум) толық қуатында жұмыс жасайды. Ал, нағыз жетпеген жағдайда арнайы келісім-шарт негізінде «АтырауСуАрнасы», «Вест Дала» мекемелері мен жеке кәсіпкерлер көмекке келеді. Келісім-шарт демекші, қазірде Атырау қаласы бойынша 2004 заңды, 60240 жеке тұлға және ауылдық округтерден 4990 жеке тұлға кәсіпорынмен өзара меморандум жасасқан. Осы ретте «РЦКУ-Атырау» (Коммуналдық қызметтерді төлеу орталығы) ЖШС  қосымша қызмет көрсететінін де айта кеткен жөн. Ал, қазіргі, яғни, қыс мезгілінде мөлшерден тыс қар жауған жағдайда, жол жұмысшыларымен бірге арнайы құрылған жедел топ мүшелері де жұмыс жасайды.

– Орталық көпірлер тазалана ма?

– Әрине, тазаланады. Облыс орталығында сегіз көлік пен екі жаяу жүргінші және тоғыз шағын дренаж көпірі бар. Олар да тазалық жұмыстарын қажет етеді. Күнделікті кестеге сай, арнайы техника көмегімен жуылып, күтіледі.

– Кәсіпорын басшылығына жаңадан тағайындалып отырсыз. Сіздің ойыңызша, жұмыста оң өзгерістер байқала ма?

– Иә, былтыр «Арнаулы автобаза» мекемесіне аймақ басшысы Нұрлан Асқарұлының өзі келіп, жұмыс барысымен және техника түрлерімен танысып шықты. Ол кезде жұмыстың бәрін небәрі 12 қоқыс тасушы көлік қана атқарды. Алар айлығы 40 мың теңге шамасында, бар болғаны 200-ге жетер-жетпес жұмысшы болған-ды. Тұрмыстық қатты қалдықтар     3-4 ауысыммен шығарылып жүрді. Қала тазалығы сын көтермей, тұрғындар тікелей «ватсап» желісі арқылы фотоайғақтар жолдап отырды. Қазір жағдай түзеліп, шағымдар да азайды. Облыс әкімінің қамқорлығы арқасында қоқыс тасымалдайтын он «КамАЗ-53605КО 440В» автокөлігі алынды. Ендігі мәселе тек тұрғындардың өзіне, яғни, олардың сана-сезімі мен ар-ұятына келіп тіреледі.

Р.S.: Жеке тұрғындардан қатты тұрмыстық қалдықтар үшін 2015 жылы 182 миллион теңге қаржы түсіп, бережақ көлемі 59 млн. теңгені құраған екен. Ал, былтыр 194 млн. теңге түсіп, қарыз мөлшері 84 млн. теңге болыпты. Серіктестік тарапынан сот арқылы 2015 жылы 27 заңды тұлғадан 2 128 551 теңге, былтыр 111 борышкерден 12 774 809 теңге қаржы өндіріп алынған. Ендеше, тұрғындар бұл тұрғыда түсіністік танытып, төлемақыларын мерзімінде төлеуі тиіс.

Амандық Сағынтайұлы

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*