ЖАҢА ДОКТРИНА ЖЕҢІСТЕРГЕ БАСТАЙДЫ

asasfa3

– Ерболат Елдосұлы, Доктринадан туындайтын негізгі міндеттерді қалай түйіндеуге болады?

– Баршаға мәлім, Елбасы мемлекетіміздің әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дамуының сонау2050 жылғадейінгі Стратегиясын белгілеп берді. Бұл ретте «нұротандықтарға»  жүктелер жүк те жеткілікті. Қазір түрлі деңгейдегі жетекші тұтқаларды «Нұр Отан» партиясының мүшелері ұстап отыр. Демек, даму Стратегиясын жүзеге асыру үшін солардың халықпен, атқарушы және өкілетті органдармен бірлескен іс-қимылы қажет. Ал, қабылданған Доктринада соның бәрі тайға таңба басқандай анық көрсетілген. Бұл саяси құжат – партия мүшелерінің бағыт алар бағдаршамы. Мұнда барлығы жан-жақты қамтылған.

Мәселен, Мемлекет басшысы халқымыздың әл-ауқатын одан әрі жақсартуды жүктеп отыр. Әрине, оған дүние жүзінің алдыңғы қатарлы мемлекеттерімен тереземізді теңестіріп, бәсекеге қабілетті жаңашыл бастамаларды жүзеге асыру арқылы ғана жетуге болады. Ол үшін тың жобаларұсынылып, жарқын жоспарлар жасалуыкерек.Міне, Елбасы біздің алдымызға осындай мерейлі міндетті қойып отыр. Өзін Партия Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлының сенімді көмекшісі санайтын әрбір «нұротандық» көзделген межеге бірге жету үшін ортақ іске өзіндік үлесін қосуы тиіс.Бұл үрдістен атыраулықтар да сырт қала алмайды.

Бүгінде «Нұр Отан» партиясы Атырау облыстық филиалы 27 мың мүшені біріктіріп отыр. Партияның 140 бастауыш ұйымы қызмет атқарады. Облыстық және қалалық мәслихаттардағы «нұротандық» депутаттар үлесі 94 пайыздан асты. Аудандық мәслихаттарда да басым көпшілікке иеміз. Мұны неге айтып отырмын? Демек, Доктринада көрсетілген мерейлі міндеттерді жүйелі жүзеге асыруға толық мүмкіндік бар. Ал, олар Мемлекет басшысының тапсырмаларымен қабысып жатыр. Сайып келгенде, бәрі де еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуын жалғастыруға, соның нәтижесінде халықтың әл-ауқатын одан әрі арттыруға бағытталған.

Елбасы шағын және орта бизнесті дамытуды жан-жақты қолдауды тапсырды. Ауыл шаруашылығы саласында фермерлер көптеп пайда болуда. Олар да Мемлекет басшысының қамқорлығына ие. Міне, солардың дені партия мүшелігіне өтуде. Яғни, «Нұр Отан» партиясы – тек басшылықтың, атқарушы және өкілетті органдар мен бюджеттік мекемелер қызметкерлерінің саяси құрылымы емес. Оның есігі барлық қазақстандыққа ашық.

– Әйтсе де, партия мүшелері арасында да тәртіпті сақтамаушылық, қылмыстық әрекеттерге жол берушілік кездесіп жүрген жоқ па?

– Қазақ «бес саусақ бірдей емес» дейді. Өте орынды айтылған сөз. Өкінішке орай, партия мүшелері арасында да осы атаққа лайықты болмай шыққан жандар болды. Біз мұндай олқылықты жасырып та отырғанымыз жоқ. Мәселен, өткен жылы сыбайлас жемқорлыққа барған, соның жолын кесуге бағытталған заңдылықтарды өрескел бұзған  20 адам партия қатарынан шығарылды. Сапымызда тек адал жандарды ғана қалдыру үшін алдағы уақытта да осындай қатаң жазаны қолданатын боламыз.

Қазір облыста жемқорлықпен күрес жөніндегі тоғыз қоғамдық кеңес бар. Оның мүшелері халықпен тығыз қарым-қатынас орната жүріп, өңірдегі ахуалды жан-жақты таразылайды. Сонымен қатар, тоғыз партиялық бақылау комиссиясы жұмыс жасайды. Оған жүктелген міндет те ауқымды.

Былтырғы қазанға дейін 96 партиялық бақылау бекеті болған-ды. Әйтсе де,  саннан гөрі сапаны таңдап, біраз қысқартулар жүргіздік. Негізінен салынып жатқан әлеуметтік нысандарға көбірек назар аудару қажеттігі туындады. Бүгінде осындай құрылыстарда 43 бекет жұмыс жасауда. Олардың мүшелері объектілерді жиі аралап, істің барысымен тиянақты танысып тұрады. Бұдан күтер нәтиже – бюджет қаражатына тұрғызылып жатқан әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлердің сапалы салынуы. Халық қаржысы сонда ғана талан-таражға түспейді.

– Жасыратыны жоқ, жұртшылық арасында мемлекеттік органдар қызметіне көңілі толмайтындар да бар.

– Партияның негізгі міндеті – Елбасының барлық  тапсырмаларының  орындалуын, әлеуметтік бағдарламалардың жүйелі жүзеге асырылуын бақылау. Халықтық Тұғырнаманың барысын, мемлекеттік қызметкерлердің сапасын, бюджет қаражатының тиімді жұмсалуын қадағалау да бар. Әсіресе, бюджеттен бөлінген қаржының әр тиынына дейін мақсатты жұмсалуын назардан шығармау – барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары мен тексеру комиссиялары мүшелеріне жүктелер жауапкершілік. Халықтың партиядан күтетіні  де – осы.

Енді, соны қалай жүзеге асыруға болады? Бұл үшін біз мәслихаттардағы фракциялардың, тексеру комиссияларының, бақылау бекеттері мен жемқорлыққа қарсы күрес комиссияларының әлеуетін толық пайдалануымыз керек. Сондықтан, алдағы уақытта саяси кеңес бюросының отырыстарына партияға мүше әкімдер мен басқарма басшыларын шақырып, олардың атқарған істерін таразылайтын боламыз.

– Алыс ауыл тұрғындарының орталықтағы партия филиалына арнайы келіп шағымдануы қиындық туғызады. Оның үстіне, қалалықтардың да қызметтен қолы босамайды. Сонда халықпен байланыс қалай жүзеге асырылады?

– Жалпы, уақыт тауып, біздің қоғамдық қабылдауымызға келіп жатқандар жеткілікті. Өткен жылы ғана 4000 шамасында өтініш түсіп, соның 40 пайызға жуығының шешімі алынды. Өзгелеріне заңды негізде түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Осы орайда «Нұр Отан» партиясы Атырау облыстық филиалының «Law Companies Group Lunev Waters» заңгерлік компаниясымен Меморандумға қол қойып,  «Сіздің халықтық кеңесшіңіз» атты жобаны іске асыруы жұртшылыққа жағымды жаңалық болды. Соның нәтижесінде өткен жылдың қарашасынан бастап халыққа тұрақты түрде тегін заңгерлік көмек көрсетілуде.

Осы аз ғана уақыт ішінде заңгерге 38 адам түрлі мәселемен келіп, қажетті кеңестерін алды. Сауалдардың басым бөлігі – сот шығарған шешімдерге және сот орындаушыларының қаулыларына келіспеушіліктер. Сонымен қатар, ел азаматтығын алу, жер қатынастары бойынша даулар, жұмыстан заңсыз шығару, т.б. бар.

Ал, енді, алыс ауылдар адамдары, жалпы жұртшылық бізбен қалай жедел байланыса алады? Осы орайда замана ағымына сәйкес ғаламтордың мүмкіндігін кеңінен пайдаланбақпыз. Қазір халықтың 48 пайызы соны қолданады. Бұл, әсіресе, жастарға тән. Сондықтан, «Нұр Отан» «Электрондық партияны» жасақтауды қолға алып, аудандық филиалдар «орталықтандырылған электронды база» жүйесіне қосылды. Бұған дейін тұрғындардың арыз-шағымдарын тек қағаз жүзінде ғана қабылдап келсек, енді «электрондық қоғамдық қабылдау» енгізілді. Соның нәтижесінде аз ғана уақытта порталға 451 өтініш түсті.

Жалпы, электрондық біртұтас жүйені енгізу арқылы, ең алдымен, партияның барлық аудандағы филиалдарының жұмыстарын тікелей қадағалау мүмкіндігі туады. Яғни, облыс орталығында отырып-ақ аудандар мен шалғай мекендерде нендей мәселелер көтеріліп жатқандығын біліп отырамыз. Демек, олардың шұғыл шешілуіне де жағдай жасалады. Бұл – халық пен партия арасындағы ашықтықты, қалыпты қарым-қатынасты жүйеге келтірудің бірден-бір жолы. Ендеше, өңірлік филиалдар да осы үдеріске белсене қатысып, интернет желісінде, әсіресе, әлеуметтік желілерде,  сайттарда  жұмысын  жандандырғаны жөн.

– Соңғы сауал: Жастармен жұмыс қалай жүргізілмек?

– Жастар – біздің тек қана болашағымыз емес, әрі бүгініміз. Біз қазір-ақ көп шаруаны солармен бірлесіп тындырып жатырмыз. Халқымыздың үштен бір бөлігі – жастар. Олар қоғамдық  белсенділігі  жоғары, бастамашыл, жігерлі, көзі ашық, көкірегі ояу азаматтар. Олардың жастық жалыны «Қазақстан-2050» Стратегиясын тиімді жүзеге асыру үшін қажет.

Осы орайда «Жас Отан» жастар қанаты мақсаты мен мүддесі бір жандардың жергілікті ұйымдарымен етене жұмыс жасап келеді. «Сәтті қадам», «Жастар – ауылға!», «Жастар кадрлық резерві» атты жобалар бойынша жүйелі жұмыстар атқарылып, соның нәтижесінде  жастар арасында әлеуметтік мәселелер әлі де жеткілікті екендігін білдік.

Олар нендей проблемалар? Әсіресе, жұмыссыздықты, тұрғын үй мәселесін, нашақорлықты, маскүнемдікті, т.б. алдымен атауға болады. Бүгінде осы басты проблемаларды жоюға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар бар. Олар ретімен  жүзеге асуда. Әсіресе, Елбасы бастамасымен қолға алынған «Қолжетімді баспана – 2020», «Жас отау» бағдарламалары жастар мен жас отбасыларының тұрғын үйге деген сұранысын едәуір қанағаттандырмақ.

Қорыта келгенде, партияның алға қойған мақсаттарына жету үшін барлық жағдай жасалып, өңірлердегі материалдық- техникалық база нығайтылды, аудан орталықтарында партия филиалдарының жаңа типтік ғимараттары салынып, қатарға қосылды.

Партияның XV съезінде қабылданған жаңа Доктрина жаңа жеңістерге бастайды. Ендеше, біз де осы меже биігінен көрінуіміз керек.

Меңдібай СҮМЕСІНОВ.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*