«Жүзден – жүйрік, мыңнан – тұлпар!»

Атырауда «Жыл үздігі – 2016» жастар сыйлығы табыс етілді

Ел егемендігінің 25 жылдығына орай Атырау қаласы әкімдігінің тапсырмасымен «Жас қоғам» жастар қоғамдық бірлестігі жастар арасында екінші мәрте «Жыл үздігі – 2016» байқауын жариялаған болатын. Құрманғазы атындағы мәдениет сарайында осы байқау қорытындыланып, қала әкімінің орынбасары Мейірім Қалауи және түрлі сала майталмандары «Жыл үздігі – 2016» сыйлығын иелеріне салтанатты түрде табыс етті.

anu_8608

– Бүгінгі шарада жыл бойына әртүрлі салаларда өзінің еңбегімен, ынтасымен, белсенділігімен еңбек еткен, сол арқылы қаламыздың көркеюіне үлесін қосқан әртүрлі саладағы жастарды марапаттайтын боламыз. Бұл шара өте маңызды. Жастарды ынталандырудың бізде әзірге  көп түрі жоқ. Біз келесі жылы да қалалық әкімдіктің қолдауымен бірнеше жобаларды жүзеге асыратын боламыз, – деді шаһар басшысының орынбасары Мейірім Жоламанұлы.

Одан соң жастар қозғалысының дамуына, елдің саясаты мен қоғам өміріне белсене араласып, зор үлес қосқан көшбасшылар, әр салада өз мамандығының шеберлері  15  аталым бойынша марапатталды.

Атап айтқанда, «Үздік жас ұстаз» атағын  М.Өтемісов атындағы орта мектептің мұғалімі Нұргүл Темірғалиева иемденді. Ол өткен жылы Кембридж  бағдарламасы бойынша  Алматы қаласындағы  «Өрлеу» біліктілікті арттыру орталығынан директордың орынбасарларына арналған курсты оқып, республикалық  сертификатқа  ие болды.

«Үздік жас мәдениет қызметкері» болып Н.Жантөрин атындағы облыстық филармониясының және Құрманғазы атындағы мәдениет сарайының әншісі Әсет Әлиев атанды. Жас дарын  Бурятияда өткен халықаралық «Белый месяц» байқауынан жүлдемен оралды.

«Үздік жас спортшы» аталымы Азамат Өтемісовке бұйырды. Ол – кадеттер арасындағы 2011 жылғы Қазақстан чемпионы, 2013 жылы ересектер арасында өткен Қазақстан Чемпионатының күміс жүлдегері, 2014 жылғы Қазақстан Республикасының чемпионы. 2014 жылы Римини қаласында өткен әлем чемпионатының қола жүлдегері, ағымдағы жылы ел чемпионы болумен қатар, Будапешт қаласында өткен әлем кубогінің иегері атанды.

Жастар сыйлығының «Үздік жас ғалым» номинациясы бойынша С.Мұқашев атындағы Атырау политехникалық колледжінің мұнай бөлімінің меңгерушісі Нұрлы Нұржан үздік танылды. Ол «Үздік авторлық бағдарлама», «Үздік куратор» және тағы басқа облыстық сайыстардың жеңімпазы. 2016 жылы арнайы пән оқытушыларына арналған республикалық семинарда тәжірибесімен бөліскен. Сонымен қатар, республикалық «2016 жылдың үздік педагогі» байқауының жеңімпазы атанған.

«Үздік дәрігер»  номинациясы бойынша «Геолог емханасы» жалпы тәжірибе дәрігері Данагүл Құттыбаева жеңімпаз атанды. Ол еңбек жолын Геолог ауылында орналасқан емхананың учаскелік жалпы тәжірибе дәрігері қызметінен бастаған. Биыл емхана әкімшілігінің Алғыс хатымен марапатталды.

«Үздік мемлекеттік қызметкер» номинациясы бойынша Атырау қаласы әкімі аппараты  Атырау қаласы әкімі аппаратының мемлекеттік-құқықтық жұмыс бөлімінің бас маманы Жігер Ибатоллаұлы жеңімпаз болды. Ол 2010 жылдан бері тиісті мемлекеттік органдарда Атырау қаласы әкімінің және қала әкімі аппаратының мүддесін қорғап келеді. Сот органдарында 500-ге жуық азаматтық іске қатысып, жақсы нәтижелерге қол жеткізді.

anu_8626

Атырау қаласы ішкі істер басқармасының жергілікті полиция қызметінің учаскелік полиция  инспекторы Асылбек  Халел «Үздік жас тәртіп сақшысы» атанды. Ол өткен жарты жыл аралығында жеке іздеу шаралары барысында болған 15 қылмысты әшкерелеген. Сонымен қатар, өз учаскелік аумағында жергілікті тұрғындармен танысып, атқарылған қызметтер жөнінде есеп беріп келеді.

Аталмыш байқауға әріптесіміз, «Қазақстан-Атырау» телеарнасының редактор-жүргізушісі Гүлдана Ерназарова да қатысып, «Ең үздік жас журналист» атанды. Ол «Тұжырым» апталық ақпараттық-сараптамалық бағдарламасының жүргізушісі. «Арнайы репортаж»  және  «Журналистік зерттеу» жобасының редактор-жүргізушісі.

Облыстық «Прикаспийская коммуна» газетінің тілшісі Максим Стадниченко  «Үздік фотосуретші» атанды. 2015 жылы өткен «Жыл үздігі – 2015» байқауының «Ең үздік жас журналист» номинациясының дипломымен, 2016 жылы «AtyrauLIVE» фото-конкурсында «Ең үздік сәулет өнерінің фотосуреті» номинациясында жүлделі орын алған.

«Жыл үздігі – 2016» атанған «Үздік жас оператор» номинациясын «Бәйтерек» студиясының директоры Қуаныш Таңатаров иемденді. Ол 2015 жылы «Үздік жас кәсіпкер» атанды. Осы уақытқа дейін оннан астам шеберлік сабақтарына  қатысып, үнемі біліктілігін арттырып келеді. Студияның түсірген видеолары түрлі сайыстардан   жоғары  орындарға  ие болып жүр.

«Үздік студент» деп атануға Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің физика-математика және ақпараттық технологиялар факультетінің 4 курс студенті Ақерке Еркінова лайық деп танылды. Ол 2016 жылы жаратылыстану-техникалық, әлеуметтік-гуманитарлық және экономикалық ғылымдар бойынша студенттердің ең үздік ғылыми жұмысына арналған республикалық байқауында ІІ дәрежелі дипломмен  марапатталды. Кәсіп-керлік қызметін дамыту шеңберіндегі «EXPO-2016» ұлттық жарысында топтық есеппен жартылай финалда екінші орынды иеленді.

«Үздік жас мұнайшы» атағын «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамына қарасты «Ембімұнайэнерго» басқармасының рельлік қорғау, автоматика және метрология бөлімшесінің инженер-метрологы Әсет Бо- ранғалиев иеленді. Жас маман қоғамдық жұмыстарға белсенді қатысушы, «Нұр Отан» партиясының мүшесі, Елбасының қатысуымен Астана қаласында өткен «Жас Отан» жастар қанаты ІІ съезінің делегаты.

Жыл сайын «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы ұйымдастыратын ғылыми жобалар байқауына қатысып, Қызылорда қаласында өткен жарыста топ жарып, екінші орынды иеленді.

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің жастар саясаты департаментінің маманы, «Логос Атырау» қоғамдық қорының төрайымы Бибігүл Шайхиева «Үздік көшбасшы» атанды.  Ол 2015 жылы өзі төрағалық ететін «Логос Атырау» қоғамдық қорын ашып, жастармен көптеген жұмыстар атқарып келеді. Жастармен бірге «Атырау облысының төлқұжаты», қалалық «Таланттар әлемінде» фестивалі, «Алақай» қуыршақтар театры жобаларын жүзеге асырып келеді. 2014 жылы «Нұр Отан» партиясы жанындағы «Жас Отан» жастар қанаты, республикалық «Жастар кадрлық резервінде» жеңіске жетіп, Атырау облыстық әкімшілігінің ұйымдастыру бөлімінде тағылымдамадан өткен. 2016 жылдың қыркүйек айынан бастап «Заңғар» жобасы аясында «Табысқа жетелейтін төлқұжат» бағдарламасы бойынша студенттерге тренинг өткізіп келеді.

«Дәулет» индустриалдық аймағының басшысы Сүлейман Ақдрашев  «Үздік кәсіпкер» атанды. Қор биржасы саласы және халықаралық NACE-2 бояудың сапасын бақылау бағдарламасы бойынша сертификаттарға ие болып жүр.

Ал, жастар сыйлығының ең басты жеңімпазы – «Жыл үздігі – 2016»  болып «Жүректен жүрекке» қоғамдық қорының жетекшісі Әйгерім Досқалиева танылды. «Жүректен жүрекке» тобы 550-ге жуық қайырымды іс атқарып, 25 000 000 теңге көлемінде қаражатты қайырымдылыққа жұмсады. Төрт  адамнан басталған топ қазіргі таңда республиканың 14 өңірінде мыңдаған жастың басын қосуда. Ауған соғысы ардагерлерінің қайырымдылығы үшін «Сауап» медалімен, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қайырымдылыққа қосқан үлесі үшін Алғыс хатымен, Атырау облысы әкімдігінің «Қоғам жанашыры» номинациясы, Атырау қаласы әкімдігі – «Жыл үздігі-2015», «Үздік жас еріктілер тобы» атағымен және  республикалық  «Таным-2016»  сыйлығы, «Волонтерлік қозғалысқа қосқан үлесі үшін» номинациясымен, Атырау қаласының әкімі Серік Шәпкеновтің, Атырау облысы әкімінің орынбасары Әлібек Нәутиевтің Алғыс хаттарымен марапатталған.

Салтанатты рәсімнің соңы жергілікті өнерпаздардың ән-күйіне, отшашу жарқылына ұласты.

Абай АҚМҰРЗИЕВ

Суреттерді түсірген:

Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*