ЖҮЙКЕ СЫРҚАТЫ ЖИІЛЕП БАРАДЫ…

– Қуаныш Құлбайұлы, сізбен әңгімемізді ең алдымен аймақтағы психиатрия саласының бүгінгі ахуалынан бастасақ. Мәселен, аурухана жүйке сырқатын емдейтін бірден-бір емдеу орны болғандықтан, мұнда жыл сайын қанша науқас есепке алынады?
– Психикалық-жүйке тамырлары аурулары адамдарға, яғни мемлекетке орны толмайтын моральдық және материалдық нұқсан келтіретін, әлеуметтік қауіпсіздікке және жұмыс қабілетін жоюға соқтыратын науқастардың бірі болып отыр.
Нақты деректерге сүйенсек, әлемде 450 миллионнан аса адам түрлі жүйке ауруларымен ауыратын көрінеді. Оның үш жүз мыңға жуығы Қазақстанда тұрады екен. Мұндай психикалық-жүйке ауруларынан Атырау аймағы да шет қалып отырған жоқ.
Бүкпелейтіні жоқ, өлкемізде мұнай өңдеу зауыттары, Тайсойған, Азғыр сынақ алаңдары, мұнай-газ кеніштері, сыртқы орта, соның ішінде экологияның бұзылуының тигізіп отырған зардабы ерекше. Содан да өлкемізде психикалық- жүйке тамыр ауруларымен ауыратын адамдардың саны көбеймесе, азаяр түрі байқалмайды. Осы ретте облыстық психиатриялық жүйке-тамыр аурулары ауруханасы аймақтағы психикалық ауруларға емханалық, ауруханалық, үйден жедел жәрдем медициналық көмек көрсету және емдеу-сауықтыру мекемелеріне кеңестер беретін бірден-бір орын болып саналады.
Қазіргі уақытта ауруханада төсек орын саны – 210, онда төрт стационарлық бөлімшесі бар, оның біреуі психикалық аурумен қоса туберкулезбен ауыратын науқастарға арналған. Екі ауысымда 45 адам қабылдайтын диспансерлік бөлімше және тәулік бойы психиатриялық жедел жәрдем беру дәрігерлік тобы жұмыс істейді. Мұнда 22 психиатр-дәрігер, 45 орта буын медицина маманы қызмет көрсетеді.
– Аймақта осы ауруға шалдыққан адамдар аз болмас. Оларды емдеудің бүгінгі жай-күйі қалай?
– Психикалық ауытқуы анықталған адамдар есепке алынып, әдейі ережелер бойынша оларға бақылау, емдеу, өмірге, еңбекке қалыптастыру жұмыстары жүргізіледі. Осы тұрғыда Атырау қаласы бойынша алты дәрігерлік учаске ұйымдастырылса, оның үшеуі ересек аурулар үшін, біреуі жасөспірімдер болса, енді бірі балалар мүддесіне қызмет көрсетеді. Бұл емдеу бөлімшелері тұрғындарға психиатриялық дәрігерлік көмек көрсетуде барынша жұмыстанып келеді.
Бүкпелейтіні жоқ, облыс деңгейінде психикалық жүйке ауруларын анықтау кезінде бұл аурудың жылдан-жылға өсіп отырғаны байқалады. Мәселен, психикалық аурулардың түрлері 2010 жылы – 5540, 2011 жылы – 5760, 2012 жылы 5830 болса, күні бүгін 5950 психикалық ауру диспансерлік есепте тұр. Өңірде осынау сырқат түрімен ауыратындар әрбір 100 мың адамға шаққанда 1082,9-дан келеді. Бұл, әрине, психикалық аурулардың ауыр түрлері. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне қарағанда, психикалық аурулардың қоғамға тигізетін зиянды әсері барлық аурудың 11 пайызын құрайды екен. Зерттеулерге жүгінсек, елде нерв және жүйке, әсіресе, депрессия ауруларының көбейгендігі сонша, бұл дерт 2020 жылы жүрек ишемиясынан кейінгі екінші орынға шығады деген болжам бар.
– Қуеке, маман ретінде сырқаттар санының бұлайша өсу себебі неден деп ойлайсыз?
– Психикалық-жүйке ауруларының бұлайша өсуінің өзіндік себептері бар. Бұрынғы жылдары қазақ халқының қалыптасқан түсінігі бойынша ақыл-есінен алжасқан адамды халық емімен емдеп, үйде ұстап, көзге түсірмеуге тырысқан. Психикалық-жүйке ауруларына тұқымқуалаушылық, орталық ми жарақаты, жүктілік кезіндегі жарақаттану, әртүрлі сомматикалық аурулар ықпал етеді.
Сондай-ақ, бұл аурудың көбеюінде халықтың әлеуметтік жағдайы, яғни әрбір отбасының күнкөрісінің нашарлауы, қоршаған ортаның бұзылуы және басқа да келеңсіз жағдайлардың тигізіп отырған зардабы аз емес. Жетіспеушіліктің салдарынан тұрмыстарын түзейміз деп банктерден несие алып, соның салдарынан қарызға белшесінен батып қалатындар да бар. Немесе жастардың ақылы білім алуы, ертеңгі күніне деген сенімсіздік өз салқынын тигізеді.
Жұмыстан қысқаруда адамның психологиясына әсер етпей қоймайды. Осы сияқты күйзеліс немесе есірткіге бой алдырып, алкогольді ішімдікке салынушылар арасында өзіне-өзі қол жұмсау не улы дәрі-дәрмек ішіп, химикат пайдаланудың зардабынан өлім тұзағына түсіп жататындар да баршылық. Бүгінгі жастардың, ересектердің болсын, өз-өзіне қол жұмсап, өмірлерін өлімге қия салуы белең алуда. Әсіресе, мектеп жасындағы балалардың арасында да ақыл-есінің ауытқушылығы барлар жиі кездеседі. Дәрігердің жедел көмегінің арқасында олардың кейбіреулерінің өмірі сақталып та қалады.
– Сонда бұл психикалық-жүйке сырқатынан адамдарды сақтауға мүмкіндік бар ма өзі, бұған не дейсіз?
– Психикалық бұзылудың алдын алудың басты факторы – алдымен дүниеге дені сау бала әкелу үшін маскүнемдік пен нашақорлыққа қарсы алдын алу шараларын кеңінен насихаттау, әйелдерге жүктілік және босану кезінде біліктілік деңгейде медициналық көмек көрсету, әртүрлі жарақаттанудың алдын алу.
Психикалық мінез-құлықтық өзгерістерге ұшырататын аурулардан сақтандыру, салауатты өмір салтын кеңінен насихаттау да қажет. Ең бастысы, ата-аналарға айтарымыз, біріншіден, нәресте дүниеге келгеннен кейінгі дәрігерлік бақылауға, екіншіден, мектеп жасында, жасөспірім шағында баланың психикасының өзгеруін бақылауға алу керек, сол сияқты ересек адам өмірінің әр кезеңіне, сондай-ақ генетикалық бақылау, тексеру жүргізу артықтық етпейді.
– Қуаныш Құлбайұлы, соңғы сауал: жұмыс барысында шешімін күткен проблемалар қандай?
– Әрине, іс мүддесінде шешімін күткен мәселелер жетерлік. Соның бастысы – жоғары білімді дәрігерлермен қамту жылдар бойы өткір мәселе болып келе жатқандығы. Яғни, психикалық ауруларды бақылау, емдеу, қалыптастыру жұмыстарының сан қилы қиындықтарына, ерекшеліктеріне байланысты институт бітіруші жас мамандардың психиатр-дәрігер болуға қызығушылығы төмен. Себебі, олар психикалық ақыл-есі кем адамдармен жұмыс жасағысы келмейді. Өйткені, ондай адамдардың арасында дәрігердің өміріне қауіп төндіретіндердің бар болуы мүмкін. Десек те, биылғы жылы екі жас маман психиатр, екі психолог жұмысқа қабылданды.
Тағы бір айтар жайт, біздің ауруханаға түскен көптеген науқастардың тума-туыстары жоқ, кейбіреулері болған жағдайда да үйге алғылары келмейді. Ал мекеме оларды өмір бойы ауруханада ұстай алмайды, олар тек ауруы асқынған жағдайда ем алуы керек. Соған байланысты осындай науқастарды орналастыратын Сарайшықтағы психикалық ауруларға арналған мүгедектер үйінде орын болмай отыр, біздегі шешімі табылмай тұрған мәселенің бірі де – осы.
Әрине, аурухананың материалдық-техникалық базасын жақсы деп айту қиын. Себебі, емдеу орны өткен ғасырдың 40-шы жылдарында саман тастан салынса, жетпіс, тоқсаныншы жылдары құрастырмалы қалқандардан тұрғызылған, икемделген бірнеше ғимараттарда орналасқан, олар кезекпен қаржы жұмсалып, жөндеулерден өткенімен, пайдаға асуы төменгі деңгейде. Соңғы екі-үш жыл бойы тиісті басшы орындарға аурухананың жаңа ғимаратын салу жөнінде әлденеше рет мәселе етіп қойылды. Алайда, аурухананың жаңа жобасы дайын тұрғанымен, оның құрылысының басталуы әзір түпкілікті шешіле қойған жоқ.
– Әңгімеңізге рахмет.

Ғайнолла ЗИНУЛЛИН.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*