ЖҮЙЕЛІ ЗЕРТТЕУ ӨЛКЕТАНУДАН БАСТАЛАДЫ

Жиында көтерілген мәселелерге орай жақында Орал қаласындағы Жәңгір хан атындағы аграрлық-техникалық университетінде «Қазақстанның ұлттық тарихын зерделеу: қазіргі жағдайы мен болашағы» атты тарихшылардың өңірлік кеңесі болып өтті. Онда тарихқа қатысты өзекті мәселелер жан-жақты талқыланды.
Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан-2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Біз ұлттың тарихи санасын қалыптастыру жұмысын жалғастыруымыз керек» деп айрықша атап өткен болатын. Төл тарихымыз ұлттық рухымызды көтеру үшін аса қажет.
Тарихсыз қоғамның, халықтың, мемлекеттің болуы еш мүмкін емес. Тарих туралы әңгіме қозғағанда бір жағынан тарихтың өзін дәлдікпен, деректілікпен маңыздылығы қандай болса, оның түпкі мазмұнының шырқын бұзбай, соншалықты нақтылықпен келер ұрпаққа жеткізу – парыз. Негізінен, «тарихтың өзі екшейді, өзі әділдігін айтады, өзі бағасын береді» деген сөз бар. Демек, тарихтың қоғамның, халықтың, жеке адамның сана-сезіміне, зейін-зердесіне және мәдени дәрежесіне тікелей байланысты екендігін жоққа шығаруға болмайды. Тарих мемлекеттің, қоғамның өркениеттілігін көрсетеді. Өкінішке орай, біздің еліміздің талай ұрпағы Кеңес үкіметі заманында тарихты тек бұрмаланған жағдайында ғана оқып білді.
Мемлекетіміз тәуелсіздігін алып, бұрынғы идеологиялық, әкімшілік-әміршілдік құрсаудың бұғауы үзілген соң, тарихымызға да шыншылдықпен бет бұрдық. Осы тұста тарихты білу күрделілігіне кереғар жағдай, қазақ тарихын жазушы «білгіштердің» көбейіп кеткені де шындық. Осыдан келіп «төл тарихымызға деген адалдықты, әділдікті бойымызға қалай сіңіреміз?» деген заңды сұрақ туындайды. Тарих ғылымының салалары сан алуан екендігі айғақты дүние. Соның ішінде халқымыздың рухани өміріне қатысты мәдениет тарихы мен қоғамымыздың, мемлекетіміздің даму тарихының орны да, маңызы да ерекше. Тарихты жазу методологиясын қалыптастыру – күрделі мәселелердің бірі.
Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін халқын дағдарыстан шығару жолын қарастырған жапон зиялылары: «Бізді дағдарысқа ұшыратқан – жапондығымыз. Одан арылмай, бұрынғы салт-санамен жүрсек, өрлеу жоқ. Сондықтан, тез арада ағылшын (жеңгендер) салтына, тіліне көшуіміз керек, сонда ғана ғылымда, экономикада, технологияда алдыңғы қатарлы ел боламыз» деген екен. Бірақ, үкімет комиссиясы: «Дүниедегі жетістіктермен бірге ұлттық әдет-ғұрыпты, салт-сананы қатар игеріп, барлық ғылыми әдебиетті, қажетті ақпаратты жапон тіліне аудару керек» деп басқа жол ұсынған. Одан жапон халқы ұтылған жоқ.
Әлемнің тарихын білуге ұмтыла отырып, қазақ халқының тарихын білумен рухани сұранысымызды байытқанымыз абзал. Сондықтан, толыққанды тарихымызды көпшілік санасына жеткізуді мақсат етсек, онда тарихты ұлттық дүниетанымымыз арқылы жазу басты алғышарттардың бірі болуы тиіс.
1998 жылдың 17 наурызында Алматыда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев республикамыздың өнер, мәдениет және ғылым саласындағы шығармашылық зиялы қауымның танымал өкілдерімен болған кездесуде «Біз өз тарихымызды өзгелер тұрмақ, өзімізге де толық таныта алмай келе жатқан халықпыз. Зерттемесек, жазбасақ, жарияламасақ, кім не деп таниды? Қалай мойындайды?»-деп, ұлт мәселесін төтесінен қойған еді.
Рас, тарихымызда зерделейтін мәселелер көп. Біз қазір соның бір-екеуіне ғана тоқталғалы отырмыз. Қазақ елінің тарихында отарлау заманында ешқашан үзілмеген, сабақтаса өрілген азаттық үшін 300-ден астам көтеріліс болған екен.
Бүгінгі тарихымызда көтерілетін көптеген мәселелердің бірі – осы ұлт-азаттық көтерілістер тарихы, оның себеп-салдарлары, тактикасы жөнінде тереңірек зерттелуі қажет. Тарихымызда «феодалдық-монархиялық қозғалыстар», «сұлтандар көтерілісі» қатарына жатқызылып келген көтерілістер отарлық езгіге қарсы қозғалысының тарихын жаңа методологиялық тұрғыдан зерттеудің ғылыми маңыздылығы мен өзектілігін айқындай түседі. Және бұл көтерілістердің тарихы тек мектептер мен жоғары оқу орындарында ғана емес, сонымен қатар, әскери оқу орындарында да кеңінен, әрі тереңірек оқытылса деген де пікіріміз бар. Себебі, болашақ елін қорғайтын ұландар үшін бұл аса қажет.
Ұлы дала қолбасшылары мен сарбаздарының ұлан-байтақ қасиетті туған жерін қорғауда небір айла-тәсілді қолданғанын көпшіліктің біле бермейтіндігі де рас. Олардың соғыс тактикасының өзі арнайы зерттеуді қажет ететіндігі сөзсіз.
Екінші дүниежүзілік соғыс кезеңіндегі тарихымыздың «ақтаңдақ» беттерінің бірі – соғыс тұтқындары, Түркістан легионы туралы да тереңірек қарастырылған жөн. Бұл туралы өлкеміздің тарихында арнайы зерттеу жұмыстары жоқ. Өлкемізде археологиялық жұмыстар өте баяу жүргізілуде. Археологиялық жұмыстарға да ерекше көңіл бөлетін уақыт жетті. Бұл сала бойынша маман тапшылығы бар. Осы саланы жандандыру мақсатында университет тарапынан игі істер атқарылып жатыр. Оның бір дәлелі Ә.Марғұлан атындағы Археология институтымен шартқа отырып, алдағы атқарылатын жұмыстар пысықталуда. Өлке тарихшыларының алдында көптеген міндеттер мен жұмыстардың тұрғаны да айқын.
Өлке тарихын тың мұрағат құжаттары негізінде кешенді түрде зерттеуді, жаңаша тұрғыдан зерделеуді жүзеге асыру қажет. Осы зерттеулердің нәтижесінде өлкеміздің жаңа энциклопедиясы түзілсе құба-құп болар еді.
Туған өлкені зерттеп білу әрбір адамға қажет екендігі есте болғаны жөн. Өйткені, өз өлкесін, оның өткені мен бүгінін, мәдениеті мен экономикасын жақсы білмейінше, өз Отанының патриоты болу қиын. Ал, өлкетанушы дегеніміз – белгілі бір мамандықтың иесі емес, бұл әрбір азаматқа қатысты мәселе. Осы тұрғыдан алғанда жас жеткіншектер санасына, олардың келешекте қай мамандықтың иесі болса да өз өлкесін жақсы білетін азамат болып шығуы қажеттігін ұғындыра білудің маңызы зор.
Еліміздің, өлкенің өміріне арналған тақырыптарға әңгімелер мен лекциялар оқу, соғыс және еңбек ардагерлерімен кездесулер өткізу, достық, мерекелік кештерін өткізу, достыққа, адамгершілікке, имандылыққа тәрбиелейтін өлкетану материалдары негізінде алуан түрлі конкурстар мен викториналар өткізу, іздестіру-зерттеу жұмыстарын жүргізу, туған өлкеге экскурсиялар мен жорықтар ұйымдастыру сияқты жұмыстар қазіргі кезде оқушылар мен студент жастарға отаншылдық, патриоттық тәрбие берудің негізгі формаларына айналуы тиіс.

Аққали АХМЕТ,
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау
мемлекеттік университетінің проректоры, тарихи ғылымдарының докторы, доцент.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*