Жүрекжұтқан

Фархат Базарғалиевтың полиция қатарында қызмет ете бастағанына көп бола қойған жоқ. Қоғамдық тәртіптің күзетшісі ретінде бастаған жұмысы енді жол қозғалысының сақталуына да жауапты болуымен жалғасын табуда. Күнделікті жұмысын тындырымды атқаратын полиция сержанты бала кезден қоғамдық тәртіп сақшысы болуды армандапты. Қазір Атырау қалалық ішкі істер басқармасындағы әріптестері арасында есімі құрметпен аталады. Өйткені, Фархат – тек әріптестерінің ғана емес, жұртшылықтың да шынайы құрметіне бөленген қаһарман полицей.

Фархат

Оның есінен 2014 жылдың 18 маусымында болған оқыс оқиға кетпейді. Дәл сол күні ертеңгілік «112» жедел қызмет кезекшісіне «Жайық өзенінде қайық аударылды» деген телефон хабарламасы түсті. Арты өкінішке ұрындырар шұғыл хабар рация арқылы «Батыс-1» жылжымалы жол-патрульдік экипажына хабарланады. Экипаж құрамындағы полицейлер – аға сержант Ерболат Досжанов, сержант Фархат Базарғалиев және кіші сержант Руслан Танашев санаулы минуттардан кейін оқиға орнына жедел жетті. Сөйтсе, Жайық өзенінің жағалауында дірдек қаққан үш жігіт отыр. Олар өзен ортасында аударылған моторлы «Казанка» қайығында болғандар екен. Жағаға дейін өздері әрең жеткен. Ал, өзен ортасында жартылай суға батқан қайық жанында бір адамның басы қылтияды. Қайықта бірге болған жігіттердің айтқанындай, суға бір батып, бір шығып, аласұрған бойжеткен екен. Шұғыл көмек қолын созбаса, баяу болса да ағысы бар өзен суының тұңғиығына батып барады. Не істеу керек?

Жігіттердің арасынан Фархат Базарғалиев ойланбастан өзенге қарай «атылды». Тіпті, киімін шешуге мұршасы болмады. Ойы – өмір үшін арпалысқан қызды аман алып қалу. Киіммен құлаштай жүзу қиындық тудырғанымен, айтып келмейтін ажал апанындағы қызға жақындай түсті. Суды мөлшерден тыс көп жұтып қойған қорғансыз қызға қолы жетісімен, жағаға қарай сүйрей жөнелді. Мұндайда жаға да жеткізбейді екен. Құдды алыстап кеткен секілді. Абырой болғанда, оларды жағада «жедел жәрдем» дәрігерлері де күтіп тұрды. Сол жерде ес-түссіз жатқан қызға алғашқы медициналық көмек көрсетілді. Кейін біраз күн ауруханада емделіп, ортаға қайта оралды.

Тұрымтайдан зорлық көрген
бозторғайдай әрі қорқып, әрі абдырап қалған бойжеткенді құтқарған Фархат Базарғалиев әріптестерімен бірге кезекшілігін атқаруға аттанып кетті. Оған дәл сол сәтте демалуға болмайтын еді. Өйткені, полицейлерге кезекшілігі біткенге дейін қызметін атқару міндеті жүктелген. Дегенмен, полиция сержанты Фархат Базарғалиевтың жүрекжұтқан батырға тән батылдық танытып, суға батқан бойжеткенді құтқарған қаһармандық ісі әуелі қалалық басқармаға, кейін облыстық ішкі істер департаментіне лезде тарады. Басшылар оған жеке құрам алдында алғыс жариялады. Бірақ, Фархат Базарғалиевтың өзі «Қаһармандық іс атқарған жоқпын. Менің орнымда болған әр полиция қызметкері дәл солай әрекет еткен болар еді» деп қана жымияды. «Қиын сәтте көмек сұраған жанға қолұшын созу – азаматтық парызым» дегенді де қосып қойды.

Иә, полиция сержанты Фархат Базарғалиев тек азаматтық парызын атқарып қана қойған жоқ, бір адамды ажал апанынан суырып алып, өмірін сақтап қалды. Сөйтсе де мақтануды білмейтін Фархаттың қарапайымдылығы ата-анасынан дарыған қасиет екеніне шүбә жоқ. Өйткені, оның әкесі Жеткіншек пен анасы Гүлсофия да өте қарапайым жандар. Қоғамдық тәртіптің сақшысы  Фархат Базарғалиевтың бейбіт күндегі батыл ісі атаусыз қалған жоқ. Алдымен, Ішкі істер министрлігі ұйымдастырған «Қазіргі заман қаһармандары» атты республикалық акцияға атыраулық полицейлер атынан қатысып, министр Қ.Қасымовтың Алғыс хатына ие болды. Ал, 2014 жылы Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында Президент Жарлығымен «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды. Жеке құрам алдында мемлекеттік марапат  табыс етілген сәтте жүрекжұтқан сержант Фархат Базарғалиевтың «Қазақстан Республикасына қызмет етемін!» деген дауысы саңқ етті. Бейбіт күннің батыры атанған полиция  сержанты марапатты алысымен ел тыныштығы үшін қызметін атқаруға аттанып бара жатты.

Жолдасбек Көшербайұлы

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*