Жүректе жатталған есім

Ұстаз тәлімі мен ұлағаты әрбір шәкірт жүрегінде мәңгілік сақталары белгілі. Соның ішінде студент шағыңда өз мамандығының қыр-сырына қанықтырған, оның тылсым сырына бойлатқан ұстазыңның орны бөлек. 1974 жылдың қоңыр күзі әлі күнге көз алдымнан кетпейді. С.М.Киров атындағы Қазақтың Мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне қабылдандым. Алып ұшқан қуаныш, жалын жігер тасып-ақ тұр. Бәріміздің асыға күткеніміз – бұрын осы мамандық жайлы кітаптарын оқып, журналистика туралы алғашқы білігіміз қалыптасқан Тауман ағайымыз.

%d1%82%d2%b1%d0%bb%d2%93%d0%b02

…Ол күн де келіп жетті. Оқу дәрісханасына кербез басып, таяғына сүйенген, күндей жарқырап, жүзінен ақ нұр төгілген Таукең кіріп келе жатты. Жалғыз емес, қасында мұртты, кең кеуделі, кесек тұлғалы азамат бар. Ағайымыз асықпай журналды ашып, студенттерді түгендеп, әрбірінен қайдан келгенін, қашан бітіргенін сұрап, жете танысты.Содан кейін:

– Бүгінгі сабағымыздың тақырыбы – журналистикаға кіріспе, сіздердің алдарыңыздағы қонағымыз – Қазақ КСР-нің Халық әртісі, режиссер Асқар Тоқпанов ағаларың, ендігі сөз тізгіні осы кісіде, – деді. Біз аң-таңбыз.

Асекең сөздің дәмін келтіретін, ақпа-төк адам екен. Абайдан бастап төгілтті, қазақтың небір шешендерінің ойлы да, сұңғыла сөздерінен зерлеп, нақышына келтіре айтты. Қазір ойлап қарасам, бұл да Тәкеңнің «шәкірттерім бірінші күннен сөз құдіретін түйсінсін» деген ізгі ойы екен-ау!

Тауман ағаның өз лекциялары да өте тартымды өтетін. Шәкірттеріне ақыл-кеңесін айтудан жалықпайтын. «Шырақтарым, өзің сүйгенді емес, өзіңді сүйгенді ал», «бас екеу болмай, мал екеу болмайды. Әйел таңдағанда мұғалімнен таңдаңдар» деп отыратын.

Амандосовтай бірегей тұлғаның есімін есте қалдыруға тек тәуелсіздігімізге қол жеткеннен кейін ғана мүмкіндік алдық. Өзі туып-өскен, еңбек еткен Атырау қаласындағы бір көшеге есімі берілді. Бұл жолда шәкірті, журналистика ардагері Құмар Кенжеғалиев ағамыз көп тер төкті. Бірақ, бұл  Таукеңнің халқы алдындағы еңбегіне жетімсіз еді.

Осы олқылықтың орнын толтыруға көп іздендім. Ақыры Атырау облыстық әкімдігінде қызмет еткен кезде қол жеткізіп, оның есімі Атырау халқының ортасына мәңгілікке оралды. Ең алдымен ақпарат басқармасында жүргенімде алғашқы журналистер арасында өткен спорттық бәсекені Т.Амандосов атындағы жүлде етіп ұйымдастырдық. Одан кейін облыс әкімінің Тауман Амандосов атындағы сыйлығы белгіленіп, бұл 2001 жылдан бері беріліп келеді. Ендігі мақсат ұстаз-ғалымның есімін өзі туған ауылындағы мектепке беру болды. Сол үшін Берік Қорқытов   бастаған ардагер журналистермен бірге Кеңөзек орта мектебіне барып, жиналыс өткіздік. Ұстаздар мен ауыл тұрғындары біздің пікірімізге қолдау білдірді. Сөйтіп, 2002 жылы осы ұсыныс облыстық ономастикалық комиссияда мақұлданып, республикаға жолданды. Алайда, созылыңқырап кетті.

Содан 2004 жылы осы мәселені қозғау үшін Астанаға арнайы барып, ҚР Мәдениет министрлігіне қарасты Тіл комитетінің төрағасы Бауыржан Омаровқа  кірдім. Ол мән-жайға толық қаныққан бойда ұсынысты таптырып алып танысты. «Тауман аға – менің де ұстазым, міндетті түрде Үкіметке ұсынамын» деп шығарып салды. Келер жылғы 3 наурызда ҚР Үкіметінің №200 қаулысымен профессор Тауман Салықбайұлы Амандосов есімі Кеңөзек орта мектебіне мектебіне берілді.

Атырау топырағында ұстаз, ғалым, қаламгер ағаның есімі әркез ұлығыланып, құрметтеліп келеді. Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде Т.Амандосовқа арналған республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізіліп, оның құрметіне арнайы дәрісхана ашылды. Облыстық тарихи-өлкетану мұражайында «Тау тұлғалы Тауман» атты экспозициялық көрме жасақталды. Оны облыс халқы мен қонақтары қызыға тамашалауда.

%d1%82%d2%b1%d0%bb%d2%93%d0%b021

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті шығарған «Тауман Амандосов» атты кітаптың облыста тұсаукесері кең көлемде өткізілді. Оған осы өңірдегі шәкірттері, белгілі журналистер Төлеген Берішбай, Исатай Балмағамбетов, немере інісі Қалыбай Төлеулиев айрықша белсенділік танытып, есімі берілген мектепке, облыстық тарихи-өлкетану мұражайына, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетіне, Ғ.Сланов атындағы облыстық әмбебап кітапханаға осы кітаптарды табыс етіп, мазмұнды кездесулер ұйымдастырдық. Бұл кітапқа Исатайдың да ұстазы туралы көлемді эссесі енгізілген.

Біз – шәкірттері осылайша Тауман аға есімін ұлықтауға қатысты шараларға аз да болса үлесімізді қосқанымызға қуаныштымыз. Ол барша журналистер жүрегінде мәңгі жасай береді.

Әбілхан ТӨЛЕУІШОВ,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, ҚР Мәдениет қайраткері.

 

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*