ЖҮРЕККЕ ОТАНЫ ЖҮРЕКТІ ДӘРІГЕР ЖАСАЙДЫ

 

Гүлжан Нұрбайқызы бұл мамандықты тектен-тек таңдамапты. Бұдан он үш жыл бұрын Шымкент мемлекеттік медицина институтын емдеу бөлімі бойынша тәмамдап, облыстық ауруханада бір жыл интернатурада, одан екі жылдай осы емдеу орнының жан сақтау бөлімінде кардиолог -дәрігер болып жұмыс жасайды. Бұдан әрі дәрігерлік қызметі облыстық кардиохирургия орталығында жалғасады.
Оның айтуынша, адамдар арасында көп таралған дерт жүрек-қан тамырлары ауруы көрінеді. Бұл дерттен Атырау халқы да шет қалып отырған жоқ. Өңірде үш адамның біреуі осы ауруға шалдыққан. Өйткені, өз денсаулығына атүсті қарайтын адамдар барған сайын көбейе түсуде. Осының салдарынан жас та, кәрі де жүрек- қан тамырлары дертінің құрбанына айналуда. Әсіресе, артериялық гипертензияның (қан қысымының көтерілуі) салдарынан туындайтын қауіпті асқынулар – жүрек талмасы, миокард, көз т.б. ағзалардың аурулары сияқты қауіпті дерттер белең алып барады. Дер кезінде емделмеген гипертензия, жүрек талмасы, қант диабеті, семіздік, дұрыс тамақтанбау, аз қозғалыс, арақ ішу немесе шылым шегу секілді зиянды әрекеттер – жүрек-қан дертіне шалдығуға бірден-бір себепші болатын факторлар.
Біз аталмыш ауруханада болған кезімізде Гүлжан Нұрбайқызы туралы көптеген емделушілердің ризашылықтарының куәсі болған едік.
– Менде, – деді Құрмет Байқонов есімді жігіт ағасы, – ревматизмнің салдарынан асқынып кеткен жүрек ақауы болды. Жүрегімнің бір құлақшасы жұмысын мүлдем тоқтатыпты. Өміріме қауіп төнді. Көптеген дәрігерлер: «Жасыңыз ұлғайған. Операцияны ағзаңыз көтере алмайды» деп нүкте де қойып тастаған. Осы ретте Гүлжанның сенімімен операция үстеліне жаттым. Операцияны білікті хирург Ардақ Бақтыбайқызы жасады. Өміріме араша тұрған ақ желеңді дәрігерлер Гүлжан мен Ардаққа айтар алғысым шексіз. Міне, бұл – бір ғана науқастың лебізі. Ал, олар өңірде мыңдап саналады.
Айтса айтқандай-ақ, Гүлжан ауруханаға түскен науқастарды барынша ілтипатпен қарап, ем беруге тырысады. Кімді болса да бейне танысындай жайдары қарсы алады. Содан да емделушілер оған қаралуға ықыласты. Өйткені, ол –жүрек сырқатының білікті маманы. Ресей, Израиль, Украина сынды медицинасы дамыған мемлекеттерде арнайы курстардан өтіп, тәжірибе жинақтаған жоғары санаттағы кардиолог-дәрігер.
– Бүгінгі таңда, – дейді ол, – әлем ғалымдары «өркениет кеселі» деп ат таққан жүрек-қан тамырлары ауруы асқынып барады. «Өркениет кеселі» деп атаудың себебі, бұл дерт, негізінен, АҚШ, Жапония, Ресей, Германия, Ұлыбритания секілді дамыған, жоғары технологияларға бай елдерде көптеп кездеседі.
Жүрек-қан тамырлары ауруларының адамдар арасында өте жиі кездесетіні – артериалды гипертония мен жүрек еті ішіндегі қан тамырларының атеросклерозға ұшырауы. Атеросклероз қан тамыр түтікшелерін тарылтып, ағзаға оттегі мен қоректік заттардың келуін азайтады. Сөйтіп, тамырда қан ұйып, тромб түзіледі де, жүрек ишемияға, артынша некрозға (қурау, өлу) ұшырайды. Нәтижесінде адам инфаркт, инсульт кеселіне шалдығады.
Осы ретте Гүлжан бізге түсінікті болуы үшін алдындағы компьютерін қосты. Жүрек-қан тамырлары жайындағы бейнероликтен ұққанымыз, жүрек қанды бүкіл денеге таратып, насос секілді жұмыс істеп тұрады. Жүрекке қан айдап тұратын тамырлар әлдебір факторлардың әсерінен бітеле бастайды, яғни тромб түзіліп, адам өміріне қауіп төндіретін көрінеді.
– Осы саланың маманы болуыма, – дейді әңгімесін одан әрі жалғаған Гүлжан Тұрғанова, – аурухананың бас дәрігері, медицина ғылымының докторы, кардиолог-оташы Марат Қонысов, кардиология бөлімінің меңгерушісі Светлана Абросимова, кардиолог-дәрігерлер Марина Тасқарина, Жанна Балгереева, Ғани Ермекованың көп көмегі болғанын айтқым келеді. Барлығы да – біліміне білігі, жүрегіне тілегі сай, жайдары жандар. Емдеу ісінде азды-көпті еңбегім болып жатса, осы әріптестерімнің арқасы деп білемін. Ал, Ата Заңымызда «адам өмірі – ең қымбат қазына» деп жазылуы тектен-тек болмаса керек. Мұның өзінен біздерге аса жауапкершіліктің жүктеліп отырғанын жақсы ұғынамыз. Яғни, жүрекке жан бітіру оңай емес, оған жүректілік керек, – дейді көптің алғысын арқалап жүрген ақ халатты абзал жан ағынан жарылып.

Ғайнолла ЗИНУЛЛИН.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*