Жүрегіне жылылық ұялаған…

Қазақта «Жақсы әйел азаматын сұлтан етер, жаман әйел азаматты ұлтан етер» деген қанатты сөз бар. Шындығында, ер адам – түздің адамы. Сондықтан, үйдегі бар тіршілік, ұйыған ынтымақ пен береке о бастан-ақ әйел-анаға байланысты. Әр әйел күрделі болмыс иесі, мынау жарық дүниеде бар бақытын отбасынан, азаматы мен балаларынан іздейді және содан ғана табады. Анасыз отбасының, қала берді мемлекеттің келешегін елестету мүмкін емес. Сондықтан болар, ата-бабамыздан келе жатқан ұлы ұғымда әйел мен отбасы ажырамас бірлікте болып келді және солай болып қалуы тиіс. Қазақтың дәстүрлі тіршілігінде түз-ердікі, үй-әйелдікі емес пе? Үйде жылылық болса ғана түзде тыныштық орнайтыны баршамызға белгілі. Өмірге әйел болып келгеннен кейін отбасын құрып, аяулы ана атану міндет.

El ardaqtylary

Сонау жиырмасыншы ғасырдың перзенттері болған Таумұш Нұрышұлы мен Бәтіш Төреғалиқызының өмірбаянында ұрпаққа үлгі болатын тұстар көп-ақ. Өзі үнемі былай деп толғанып отырады екен: «Менің адам болуыма зор әсер еткен адам – әкем Нұрыш. Мен институт бітірген жылы әкем қатты ауырды. Сол кезде: «Аға, мен сізге ештеңе көрсете алмадым-ау» деп қынжылғаным есімде. Сонда әкем марқұм: «Таумұш қарағым, сен институт бітіргенде 1945 жылы «Социалистік Қазақстан» газетіне Хамит Ерғалиевтің «Білім босағасында» деген тақырыппен мақаласы шықты. Соны оқығанда менің құным толды. Мен саған ризамын, балам»деген еді». Иә, ата-ананың ақ батасы мен алғысын алғанға не жетсін! Бүкіл шыққан биігін әкесіне, анасына арнап отыратыны да ұрпаққа ұлағат екені сөзсіз.

Сонау 1936 жылы Гурьев мұнай техникумында оқып жүрген студент Гурьев қалалық кеңесінің мүшелігіне сайланады. Өрлеу жолы, өсу жолы осылай басталған. Техникумды үздік бітірген жалынды жас оқуын одан әрі жалғастыруды көздеп, Алматыға аттанады. Өзі ғұмыр бойы ұлы ұстазым деп өткен Қаныш Сәтбаевтан дәріс алады. Ұлы Отан соғысының қызып тұрған шағында, 1942 жылы ол кісіні Қаныш Имантайұлының ұсынысымен марганец кендерін іздеуші экспедиция құрамында Маңғыстау түбегіне жібереді. Оқудан қол үзіп, бұрын көрмеген жерге экспедиция құрамында сапар шегу – жас жігіт үшін сынақ. Ол одан сүрінбей өтті, сөйтіп, ұстазының батасын да алды. Оны өмір бойы қос қанатындай көтерген – әке батасы мен ұстаз сенімі.

Ал, Бәтіш Төреғалиқызы 1928 жылы дүниеге келген. Гурьев педагогикалық институтын бітіріп, өмірге жолдама алады. Облыстық ішкі істер басқармасында ғылыми сарапшы, Гурьев қалалық партия комитетінің үгіт-насихат бөлімінің нұсқаушысы қызметтерін абыроймен, асқан жауапкершілікпен атқарған. Облыстық кәсіподақтар кеңесінің курсын басқарды. Осындай қызметтерде жүргенде еңбегі еленіп, бағы жанды. Гурьев қалалық кеңесінің депутаты болып та сайланды. Бұның өзі – оған артқан ел сенімі. «Ерен еңбегі үшін», «Ұлы Жеңіске – 65 жыл» медальдарымен,  «Кәсіподақтар қызметіндегі белсенділігі үшін» төсбелгісімен марапатталған.

Таумұш аға мен Бәтіш ана – домбыраның қос ішегіндей үйлесім тапқан жандар. Бес күндік тірлікте бір-бірін құрметтеп, ілтипатқа бөлеу – көп отбасыларына бұйырмаған бақыт. Адам баласы мәңгілік жасамайтыны рас. Олай болса, жанындағы жан серігіне көңілінің шуағын түсіріп, көл-көсір мейірімге бөлеу – парасаттылықтың белгісі. Міне, Таумұш Нұрышұлы дүниеден өткелі сегіз жылдың жүзі ауды. Ал, Бәтіш ана болса, әр суретке, Таумұш аға туралы жазылған газеттердегі әр лебізге қарап отырып, «мәңгілік сағынышына айналған» жан жарымен іштей сырласады. «Өзің кеткелі менің серігім – жазып кеткен кітаптарың мен газет-журналдарға жарияланған мақалаларың. Соларды оқи отырып, іштей тебіренемін, даналығыңа тәнті боламын. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с. ғ.с.) хадистерінде жазылғандай: «Өз отбасы мен жарына тірлігінде асқар таудай сүйеніш, тірек болған, бақилық болғаннан кейін олардың рухани піріне айналған мүмін мұсылманның орны – пейіш» дейді ғой. Мен де Алладан күндіз-түні сенің жаныңның жәннаттан орын алуын сұрап, тілек етемін» депті өзінің жары туралы жазған лебізінде.

Екеуі қол ұстасып қырық жыл ғұмыр кешкен екен. Сол жылдарда бір-бірін қолдап, қорғап, сүйеніп тірлік кешкен осынау зиялы жандардан ұрпақтың алар өнегесі де көп екені даусыз. Мезгіл шапшаң өтеді. Әсіресе, бақыттан бас айналған күндер бейне бір құсқа айналғандай немесе қанат байланғандай көрінетіні де рас. Бүгінде Таумұш Нұрышұлы дүниеден өткенімен, соңында қалған ұрпағы жарасымын тауып, өсіп, өркендеуде. Осының бәрі де ананың ақылы мен ұлағатының бір көрінісі. Қазіргі таңда әке жолын жалғастырып, мұнай саласында жемісті еңбек етуде. Өздері өсіріп, болашағынан үміт күткен Еркіні де балалы-шағалы, бір әулеттің тірегіне айналып отыр.

Таумұш Нұрышұлы дүниеден өткеннен кейін, іле-шала жарық көрген шөбересінің атын Бәтіш анамыздың өзі ырым етіп: «Атасының жолын қуатын, адамшылығын жалғайтын шын мәніндегі Азамат болсын» деп, Азамат атандырған еді. Сол Азаматы да бүгінде өсіп келеді. Ананың ақ жүрегінен шыққан ақ пейіл осындай-ақ болсын!

Шежірені парақтап отырсаңыз, ақылымен ел билеген, айбатымен жауға қарсы тұрған аналарымыздың атымен бүтіндей ру мен ел аталып кеткен оқиғалар жиі кездесіп жатады. Бір ананың ақыл-парасаты бір рулы елдің өсуіне жол салған.  Олар сонау қиын-қыстау жаугершілік заманында елін қорғаса да, бір әулеттің киелі отын сөндірмеуді бәрінен маңыз тұтқан. Бұл да – қазақ әйелдерінің отбасындағы білгір саясаткерлігі мен бойына сіңген болмысы. Жүрегіне жылылық пен ұлылық ұялаған әйел – өмірдің мәні, тірші-ліктің сәні. Олардың қоғамдағы, жалпы адамзаттың өмірінде алатын орны ерекше. Олай дейтінім, әйел – алдымен отбасының ұйытқысы, ең бастысы «ана» деген киелі ұғымның иегері, сұлулықтың символы. Бәтіш анамызды да «әулетіне тұтқа болған, замандастарына сыйлы, өзінен кейін-гілерге ақылшы болған – ана» деуге толық құқымыз бар. Осындай аналар барда – еңсеміз биік, көңіліміз шуақты. Лайым, аналар аман жүргей!

Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА

 

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*