ЖҮРЕГІМДЕГІ ЖАРҚЫН БЕЙНЕ

Қожахмет аға 1935 жылы 15 шілде күні Атырау облысы, Құрманғазы ауданы, Ганюшкино селосында қарапайым отбасында дүниеге келген. Оның балдәурені мен жалынды жігіттік шағы ежелгі Қиғаш бойындағы МРС, Сафоновка селоларында өтті. Ф.Энгельс атындағы орта мектепті аяқтаған соң Алматыдағы Қазақ мемлекеттік дене тәрбиесі институтының «Қазіргі бессайыс» бөліміне оқуға түсті. 1957 жылы оқуды бітірісімен туған жерінде еңбек жолын бастады. Алдымен Ганюшкино селосындағы М.Ломоносов атындағы орта мектепке дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі болып орналасты. Көп ұзамай спортқа іңкәр шәкірттерін шыңдаған мұғалімнің ұйымдастырушылық қабілеті мен ізденісін байқаған аудан басшылары оған Теңіз аудандық дене шынықтыру және спорт комитетінің төрағасы міндетін сеніп тапсырды.

Қожахмет Жүсіпұлының басшылығымен ауданның жастары облыстық, республикалық ауыл жастары спартакиадаларында оза шауып бәйге алды.

Кейін Қожахмет аға Балықшы ауданындағы Ә.Жангелдин атындағы орта мектепте қызмет атқарып, 1966 жылы конкурстық сынақтан өткесін сол кездегі Гурьев педагогикалық институтының дене тәрбиесі кафедрасына аға оқытушылыққа қабылданып, келесі жылы кафедра меңгерушілігіне тағайындалады. Осы қызметті ол табан аудармастан 35 жыл мінсіз атқарды. Кафедраны басқарған тұста осы оқу орнында жаңа мамандықтардың ашылуына байланысты спорттық білімі бар оқытушылар қатары өсті. Солардың қатарында гимнастшылар Б.Нечаев, А.Саркенов, жеңіл атлеттер Н.Мәмбетов, С.Дариева, Т.Лысенко, Г.Датукашвили, И.Сапрон, В.Наумов, Х.Ахметов, М.К.Нұрғалиев, Т.Ботағариев, боксшылар А.Амиров, Е.Бекбосынов, палуан В.Морозов және басқалары бар еді. 1982 жылы осы оқу орнында «Дене тәрбиесі және спорт» мамандығын дайындайтын бөлім ашылып, республикамыздың батыс аймағы үшін қажетті маман кадрлардың сұранысы да шешілді. Кафедраның басшылығымен спорттың әр түрінен секция үйірмелері жасақталып, студенттер облыс, республика және халықаралық деңгейдегі жарыстарда облыс намысын қорғап, жүлделі орындарды иеленді. 2000 жылы басталған Иран, Әзербайжан, Түркіменстан, Ресей, Қазақстан мемлекеттерінің Каспий жағалауында орналасқан университеттердің студенттері арасындағы универсиадаға спортшылар дайындауға қомақты үлес қосты.

Ұстаз Қожахмет Жүсіпұлының ұзақ жылғы педагогикалық ізденісі нәтижесінде бірнеше әдістемелік оқу құралдары жарық көрді. Сондай-ақ, ол Мәскеу, Тарту (Эстония), Винница (Украина), Алматы, Қарағанды, Семей, Шымкент қалаларында өткен ғылыми-тәжірибелік конференцияларға қатысып, мазмұнды баяндамалар жасады. Облыста шахмат мектебінің негізін салушылардың бірі ретінде де көпке танылды. Бүгінде сол мектептен дәріс алған Б.Жұмиев, Ғ.Мардашев, С.Гайсин, С.Даутов, Б.Жұмашев және басқаларының есімдері  кеңінен танымал.

«Ғалымның хаты өлмейді, жақсының аты өлмейді» дегендей, университетімізде жыл сайын шахматтан Қожахмет Шамбилов атындағы ашық біріншілік өткізіледі және бұл сайысқа облыс орталығындағы барлық жоғары оқу орындарының оқытушы-профессорлары қатысады.

Бүгінде тірі болса, сексен жастың сеңгіріне шығатын Қожахмет ағаның өзі тәрбиелеген шәкірттері І.Ахметов, М.Таңжаров, профессор А.Аралбаев, доцент С.Жұбанов, А.Мұхамбетқалиев және басқалары ұстаздарының ізін жалғап, жемісті еңбек етіп келеді. Олардың барлығы да ұлағатты ұстаз есімін ардақ тұтады.

Ұстаз ағамыздың отбасында үш ұл-қызы әке жолын жалғастырып келеді. Үлкен ұлы Тахир мен кенжесі Айбар мұнай саласында еңбек етсе, ал қызы Гүлбаршын – химия ғылымдарының докторы, профессор. Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде ғылым және инновациялар департаментінің директоры болып еңбек ететін Гүлбаршын Қожахметқызы сағынышпен еске алады.

– Менің әкем бізге айрықша тағылым-тәрбие берді. Ол үнемі барлық адамға, туған-туысқандарға қол ұшын беруге әзір тұратын. Ақылды, парасатты, қарапайым қасиеттері бізге өмірлік үлгі. Әкемнің ақылымен ғылым жолына түстім, нәтижесі жаман болған жоқ. Анаммен бақытты ғұмыр кешті, оның бейнесі менің бала жүрегімде мәңгі сақтаулы, – деді бізге Гүлбаршын. – Осы тұста анам жайлы да бір үзік сыр айтсам ба деп едім. Ол – Орда ауданының төл тумасы. Оқуды аяқтағасын есеп саласында еңбек етіп, зейнекерлікке шыққанға дейін Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде абыроймен еңбек етті. Бүгінгі күні сексен жасқа толып отыр, немере-жиендерінің ортасында бақытты да шаттықты ғұмыр кешуде.

Иә, өмірлік жарқын мұрат жолында талмай тер төгіп, талай дарынды шәкіртінің өн-бойындағы ұшқын-сәулені көре білген, есімі әрқашан да үлкен әріппен жазылатын ұлағатты ұстаз Қожахмет Жүсіпұлының жарқын бейнесі біздің жадымызда да ұдайы жаңғырып, жан-жүрегімізге жылы шуақ шашып тұрары хақ.  

Қылышбай СҮНДЕТҰЛЫ,Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті тарих-филология факультетінің  деканы, тарих ғылымдарының кандидаты.

 

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*