ЖҰҚПАЛЫ АУРУЛАР АЗАЯТЫН ЕМЕС

Баяндамада айтылғандай, ағымдағы жылдың өткен алты айы ішінде облыс аумағында санитарлық-эпидемиологиялық ахуал бірқалыпты, тұрақты болған. 
Ал, өткен жылдың бірінші жартыжылдығымен салыстырғанда ағымдағы жылы облыста жұқпалы аурулардың сегіз түрі бойынша аурушаңдық деңгейі (100,0 адамға көрсеткіш) төмендеп, алты түрі бойынша өсуі байқалған. Өткен алты айда 43 ротавирус жұқпасы анықталған. Бұл жұқпа Атырау қаласы, Жылыой, Құрманғазы, Махамбет аудандарында біршама жоғарылағаны байқалады.
Эпидемиологиялық тексеріс кезінде ішек ауруының 47,9 пайызы сапасыз, дұрыс сақталмаған тағамдарды пайдаланғаннан балалар тағамдарын дайындау ережелерінің үй жағдайында бұзылуы, 42,1 пайызы аналардың бала бағу кезінде жеке тазалық ережесіне салғырт қарауынан болғаны анықталды. Жіті вирустық гепатит аурушаңдығы былтырғы жылмен салыстырғанда Атырау қаласында төрт жағдайда өскен. Осы кезеңде «В» вирустық гепатитінің созылмалы түрімен 15 жағдай тіркелсе, оның басым бөлігі Атырау қаласы, Махамбет, Исатай, Қызылқоға, Құрманғазы, Индер аудандарында орын алған. Осы сияқты эхинококкоз ауруы былтырғыдан жеті жағдайға жоғарылаған. Ал, антирабиялық көмекке жүгінген адамдар саны былтырғы кезбен салыстырғанда Атырау қаласы мен Мақат ауданынан басқа аудандардың барлығында дерлік көбейген.
Айта кету керек, жергілікті бюджеттен бұралқы иттермен күрес жұмысына биыл облыс көлемінде 22 351 580 теңге қаржы бөлінген. Сөйтіп, бұралқы иттерді жою былтырғы жылға қарағанда биыл 6,5 пайызға көбейген. Осы кезеңде облыста бруцеллезбен 14 адам ауырса, оның басым бөлігі Қызылқоға ауданының еншісіне тиіп отыр.
Сондай-ақ өңірде АИТВ жұқпасының таралуы да жоғарылап, эпидемиологиялық ахуал қалыптасса, халықтың туберкулезбен аурушаңдығы былтырғы жылдың бірінші жартыжылдығымен салыстырғанда 3,34 пайызға азайды. Десе де, ағымдағы жылдың өткен алты айында туберкулезбен жаңадан 289 адамның ауруы тіркеліп, 100 мың адамға шаққандағы көрсеткіш 52,63 пайыз құраса, республикалық көрсеткіш 39,36 пайыз деңгейде. Бұл аурушаңдық облыста Атырау қаласы, Махамбет, Қызылқоға, Құрманғазы аудандарында жоғары.
Бұдан соң сөз алған облыстық жұқпалы аурулар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Альмира Сабырғалиева емдеу қызметінде әлі де болса түрлі аурушаңдықтың орын алып отырғанын тілге тиек етті. Ересектер мен балалар арасында жұқпалы вирустық гепатиттерге шалдығушылардың біршама өсіп отырғанын, осы ретте өз денсаулығына жүрдім-бардым қарайтындармен түсінік жұмыстарының өз мәнінде болмай отырғандығына тоқталды.
Атырау қалалық денсаулық сақтау бөлімінің бастығы Еркін Сабыров кейбір теріс ағымға ерген ата-аналар балаларға вакцина салуға қарсылық білдіретінін сынға алды. Осы ретте балалар құқығын қорғау департаменті, басқа да жауапты орындар түсінік жұмыстарын жүргізсе деген ойын білдірді.
Мінбеге көтерілген облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының ветеринарлық бөлімінің басшысы Адайбай Хамиев көп жағдайда бруцеллездің адамға малдан жұғатынына нақты дәлел келтірді. Өңірде бұрынғыдай мал соятын орын немесе зертханалардың болмауынан бруцеллез ауруына шалдыққан малды он бес күн ішінде өртеп, көзін жою жүзеге асуда. Осы аурудың ошағы болып отырған Қызылқоға ауданында санитарлық сақтандыру жұмыстарын жүргізуде ветеринария қызметі санэпидмамандарымен бірлесіп жұмыс атқаруда.
Қоғамдық тыңдауға қатысқандардың көптеген сауалдарына орай облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Меңдіхан Өтепқалиев жауап берді. Облыста туберкулез ауруының алдын алуда туберкулезге қарсы диспансер мен аудандық өкпе аурулар ауруханалары тарапынан жасалынып жатқан жұмыстардың аз еместігін, облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының жаңа ғимараты осы жылы пайдалануға берілетінін, облыстық балалар ауруханасының 100 орындық қосымша ғимаратының іске қосылуы, сондай-ақ мамандардың жетіспеушілігі, осы ретте «Жас отау» бағдарламасы аясында 100 орындық жатақхана салу, аудандарға баратын жас мамандарды баспанамен қамтамасыз ету басты назарда ұсталып отырғаны жайында хабардар етті.
Қоғамдық тыңдауды қорытындылаған Кеңес Темірұлы әлі де болса жұқпалы аурулармен күрестің өз деңгейінде болмай отырғанына сын айтты. Әсіресе, қаладағы кейбір базарларға сырттан әкелініп сатылатын еттің ветеринариялық тексеруден өткізіле бермейтінін, немесе сапасы төмен азық-түліктердің сатылатыны, оларды санитарлық тексеруден өткізуге көңіл бөлінбейтінін атап өтті. Мұның өзі тұрғындар арасында түрлі жұқпалы ауруларды тудыруға жол ашады.
Тағы бір айтар жайт, балаларына вакцина салдыруға қарсы болып жүрген ата-аналар арасында түсінік жұмыстарын, яғни ақпарат беруге жете көңіл бөлінуі тиіс. Бұл істе медицина саласына ғана иек артып қоймай, қоғамдық ұйымдармен бірлескен іс қажет екеніне тоқталды.

Ғайнолла ЗИНУЛЛИН.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*