«Жәннат» драмалық қойылымы сахналанды

Құрманғазы атындағы мәдениет сарайында Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрының режиссері Мұқанғали Томановтың «Жәннат» атты драмалық қойылымы сахналанды.

Қойылым

«Жас интеллектуал» жастар қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған игі шараға облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы қолдау білдірді. Мақсат – көпшіліктің діни сауаттылығын арттыру, жастарды жат ағымнан сақтандыру.

– Театр – тәрбие мен тағылым ордасы. Түрлі діни ағымдар идеологиясына өнер арқылы қарсы тұруды көздедік. Өйткені, рухы мықты адам ғана сыннан сүрінбейді. Тура жолдан тайып, опық жегендердің жан азабын көрген жұрт бұдан өмірлік сабақ алады деген сенімдемін, – дейді жастар театрының жетекшісі, әрі қойылымдағы ана ролін сәтті ойнап шыққан Гүлнұр Қайырлиева.

Оқиға басында көп балалы отбасы асқар тау әкеден айырылады. Енді оны жоқтатпай, шаңырақтың шырайын келтіру балалардың тұңғышы Сүйініштің мойнына түседі. Оның үстіне, ең кіші қарындасын абайсызда көлік қағып, темір арбаға таңылады. Жаны күйзелген жігіт жат ағымда жүрген жастармен жолдас болады. Сөйтіп, намазға жығылады.

Үйге тегін тағамдар келе бастайды. Ақыры, анасы жергілікті имамнан көмек сұрайды. Бірақ, ұлы оның да сөзіне құлақ аспайды. Тіпті, үйге келін әкелгенде, қазақы салтпен той жасаудан бас тартады. Жұбайының бет-жүзін тұмшалап, енесіне сәлем етуге тыйым салады.

Соңында бір шаңыраққа сыймай, бөлек пәтер жалдап тұруға шешім қабылдайды. Бауырлары анасының мерейтойын жасап жатқанда, құттықтауға жарамайды. Тұңғышын сарыла күткен ана жүрегі ақыры соғысын тоқтатады. Осылайша, өкінішпен аяқталған өмір көрінісі көрермендердің көзіне жас үйірді…

Оқу орындарында білім алып жүрген студенттер өз рольдерін жоғары деңгейде сомдап шықты.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*