ЖҰМЫСЫ БАРДЫҢ ТҰРМЫСЫ ЖАМАН БОЛМАЙДЫ

 

– Клара Фазылқызы, басқармаға үлкен міндеттер жүктеліп отырғандығы белгілі. Осы орайда негізгі назар нендей бағыттарға аударылып отыр?

– Алдымен, әрине, халықты жұмыспен қамту қажет. Облыста экономикалық белсенді халық саны соңғы он жылда 230,5 мың адамнан 301,3 мыңға көбейді. Бұл, біріншіден, демографиялық ахуалдың оңалғанын білдіреді. Алайда, екіншіден, осыншама адамды қызметпен қамту біраз проблема да тудырады. Рас, жұмыс жасайтын адамдар саны да артуда. Мәселен, бұдан он жыл бұрын олар 209,5 мың адамды құраса, қазір 286,1 мыңға жетті.

Жұмысы бар адамның тұрмысы да жақсы. Отбасы бюджетіне тұрақты табыс түседі, тіршілік түзеледі. Жалпы, сарапшылардың пайымдауынша, қай өңірде де әлеуметтік ахуалдың нашарлауының, соның салдарынан саяси тұрақсыздықтың орын алуының бір себебі – жұмыссыздық. Мен, тіпті, негізгі себебі дер едім. Расында да, екі қолға бір күрек табылмай, текке сенделіп жүрген жандар түрлі тәртіпсіздікке барады. Отбасын асырай алмағандар басын тауға да, тасқа да соғып, теріс жолға түсіп те кетуі ықтимал. Міне, халықты тұрақты жұмыспен қамтудың маңызы мен мәні осындай.

Дегенмен, тұрақты жүзеге асырылып жатқан шаралар нәтижесінде соңғы он жылда мемлекеттік атаулы әлеуметтік жәрдемақы алушылар саны 9391 адамнан 2100 кісіге дейін қысқарды. Яғни, көрсеткіш 4,5 есеге төмендеді. Сонымен қатар, аз қамтылған отбасыларындағы мемлекеттік жәрдемақы алушы балалар саны 2006 жылы 25,9 мың болса, қазір – 11 мың. Ақырында, күнкөріс деңгейінен төмен табыс алатындар саны 2009 жылы он пайыз еді, былтырғы көрсеткішпен 2,8 пайызды құрады. Демек, едәуір төмендегенін көреміз.

Міне, осыдан келіп біздің тағы бір міндетіміз туындайды. Ол – Қазақстанға келіп еңбек ететін шетелдік мамандарға рұқсат беруді рәсімдеу. Үкімет белгілеген квота шеңберінде осы мәселені шешеміз. Турасын айтқанда, бұл – оңай шаруа емес. Қазір Атырауда бірнеше ірі жобалар жүзеге асуда. Теңіз және Қашаған кеніштері, мұнай өңдеу зауыты, мұнай-химия кешені тәрізді іргелі істерге жұмыс күші керек. Бұлар әлемдік технологияға сүйенген, аса жоғары талаптарға сай өндіріс ошақтары болғандықтан, тәжірибелі шетелдік мамандар қажет-ақ. Әрі сырттан құйылып жатқан қомақты инвестиция бар. Демек, қайткенде де, тыстан келетін кадрларға қолданыстағы заң аясында рұқсат беріледі.

Бірақ, сол компанияларда жергілікті жастарға да жұмыс орындары ашылуы шарт. Қазақстандық мамандардың да қамтылуы қажет. Оның үстіне, егер тыстан жеткізілетін мамандық иелері осында да табылса, онда оларды алыстан алдырып неге керек? Ақырында, осындай ірі жобаларда отандық кадрлар керекті тәжірибе жинақтамай ма? Сайып келгенде, Теңіз кенішіндегі, «Болашақ» зауытындағы, т.б. құрылыстарға қатысқан атыраулықтар кейін мұнай өңдеу зауытында, индустрияландыру бағдарламасы бойынша тұрғызылған өзге де нысандарда жұмыс жасады.

Ақырында, интернат үйлерінің жұмысын үйлестіру де бізге жүктелген. Олар – қоғамның назарынан тыс қалмайтын ең әлсіз буын. Мұндағы тұрғындарды барлық қажеттілікпен қамтамасыз ету, мұң-мұқтаждарына ортақтасу – әркімнің парызы. Ал, біздің тікелей міндетіміз.

– Осы орайда халықты жұмыспен қамтудың нақты бағдарламалары бар емес пе? Қазір, жасыратыны жоқ, дүние жүзін тағы да қаржы дағдарысы меңдеді.

– 2011 жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан «Жұмыспен қамту–2020» бағдарламасы аясында аймақта 18 мыңнан аса адам тұрақты қызметпен қамтылды. Сонымен қатар, 1816 атыраулық жеңілдетілген несие алып, өз кәсібін ашты. Ал, 14 мың шамасындағы жас жаңа мамандық меңгерді. Ақырында, 132 отбасы жаңа пәтерге көшіріліп, мұнда тұратын 204 адам жұмысқа орналастырылды. Үстіміздегі жылы осы бағдарлама аясында республикалық бюджеттен бөлінген 1 млрд. 13 млн. 776 мың теңгеге 1500 адамды қамту көзделген.

«Жастар тәжірибесі» бағдарламасы – оқу орындарының түлектеріне өте қолайлы бастама. Қазір 197 мекемемен келісім жасалды. Демек, дипломды мамандар соларға барып, алғашқы тәжірибе жинақтайды. Осы орайда бір тілек – мекеме басшыларының жас мамандарды дұрыс қабылдап, мақсатты пайдалануы.

– Жоспарлы жұмыстарды қозғаған екенбіз, биылғы меже қандай?

– Алдымен, барлығы 1138 адам мемлекеттік және салалық бағдарламалар шеңберінде тұрақты қызметпен қамтылмақ. Сонымен қатар, 992 адам кәсіби оқуға, 5288 адам қоғамдық және 305 адам әлеуметтік жұмыстарға, 180 түлек Жастар тәжірибесіне жіберіледі. Сондай-ақ, 282 тұрғынға шағын несие беріледі. Ақырында, 6700 кісі жұмыс берушілерден түскен тапсырыс бойынша бос орындарға орналастырылады. Міне, осындай межеміз бар.

Биыл облыста 16800 жаңа жұмыс орны ашылуы жоспарланған. «Өңірлерді дамыту», «Үдемелі индустриялық-инновациялық даму», «Бизнестің жол картасы–2020», «Жұмыспен қамту–2020», «Саламатты Қазақстан», «Қолжетімті баспана», т.б. бағдарламалар бойынша құрылыс өрістейді. Міне, соның бәріне жергілікті жұмыс қолы қажет.

Соңғы он жылда облыста жұмыссыздық деңгейін тоғыз пайыздан беске дейін төмендету мүмкін болды. Бұл – үлкен жетістік. Осы көрсеткішімізді нашарлатып алмауымыз керек. Қазіргі жастардың сұранысқа лайық мамандықтарды таңдағаны жөн.

Меңдібай СҮМЕСІНОВ.

 

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*