«ЖҰЛДЫЗДЫ ЖҰМЕКЕННІҢ» ТЕМІРҚАЗЫҒЫ

 «Жалғыздық – сөзбен түсіндіретін, айтып таусылмайтын тақырып. Әлемдегі өткен-кеткен ғұлама-ойшылдар, бәрі тегіс жалғыздық туралы айтқан, бірақ сарқып тауыспаған», – дей отырып, өзінің де осы бір мұңды жалғыздықпен бірігіп, біте қайнап кеткенін оқырманға сезіндіреді жазушы. «…Жалғыздық-адамның пердесі ашылмаған мұңы» екенін Жұмекен жырлары арқылы дәлелдейді. «Метафора философиясы» аталған бірінші тарауда ақын поэзиясына герменевтикалық-философиялық, мәтіндік талдаулар жасайды. Есімін 1967 жылдан білетін ақынның қалыптасуын, Кеңестік дәуірде, өзінің көзі тірісінде неліктен аты озбағанын, даңқы шықпағанын философиялық толғаулармен қарастырған.

 Ғалым әп-сәтте өзінің «Жұмекенге» айналғанын мүмкін сезбеген де шығар, алайда ол ақын өлеңдерінің тереңіне сүңгіп, мөлдіріне малтиды, тұнығына шомылады. «Ақындық бәсеке, бәйгеде Жұмекеннен кейін келетін сәйгүлік ақындардың бір парасы, оның алдына түсіп кетті. Мұндай оқастықты, мүмкін, олардың да іштері сезетін шығар, бірақ заман саясаты оларды көтеріп кетті. Бәрі жарыса атақ алып, марапатқа ие болып жатты»,- деп шындықтың шырқау шыңынан тіл қатады.

Теңеулер, образдар араласып,

келіп ең сен де өнерге дара басып.

Өлеңде шешіп алып бәтіңкеңді –

құтылып кетті біреу ала қашып.

 

Сыртыңнан, бүйір тұстан әлі аңдыған

біреулер жүр, әнеки, қараң-құраң.

Андатр бөркің бар-ды жырда сенің,-

қашып кетті біреу ап қараңғыда, – деп жазған ақынның жан дүниесіндегі жалғыздық мұңын тап басып таниды, алағай-бұлағай сезімдер көшкінін көріп, жан дертінің салмағын түсінеді. Жұмекен Нәжімеденовтің «Оңашада» деген өлеңіндегі әр сөзді, әр тармақты бөліп қарастырады. Сөйтіп, «Жұмекен поэзиясы адамды таңдандырмайды, тамсандырады. Тамсану-тылсым күшке ену» деген тұжырымға келеді.

 Ғарифолла Есімнің адамның, әсіресе, ақынның жан дүниесіндегі жарылысты жағдайды бейне бір өз жүрегінің дүмпуіндей сезінуінің астарында жаратушының сыйлаған құпия сезгіштігі мен қасиетті болмысы жатқанында дау жоқ. Өйткені, кез келген адам ақын жүрегінің лүпілін сезіне алмайтыны ақиқат.

 Сәл шыдай тұр, ағайын, мен өнерде енші алам,

ұқсамайтын ешкімге жаңадан бір жол салам.

Сай қуалап, жұрт құсап, соқпақ қуман жымысқы,

басқан ізін ешкімнің аңдымаспын тіміскіп,

керек болса, ағайын, нағыз бұлақ, нағыз ән,-

қара шыңның төбесін тесіп тұрып ағызам,- осы жолдар арқылы Жұмекен ақынның ішкі потенциалының қандай екенін тамыршыдай тап басады. Оның ешкімге еліктеп-солықтамай өзінің өнердегі бірегей соқпағын, дара жолын қалыптастырғанын философиялық толғаммен тұжырымдайды.

 «Бір адамдай айта алам-ау сөзді мен,

кейде от жатты әр сөзімде шарпысып.

Бірақ, соның қақ жартысы-ақ өлең

Қара өлең – қақ жартысы»,- деген ақынның өз сөзі арқылы айтайын деген ойын жүйелеп, жолын айқындап алады ғалым. «Ақ өлең ақындықтың тереңдігі, биіктігі, ой еркіндігі, сөздің көркемдігі»,- екеніне оқырман көзін жеткізеді. Қара өлеңде басты талап – ұйқас болса, ақ өлеңде – ой басым болуы керек. Міне, осыны айта отырып, өзінің тұжырымын ақын Ғафу Қайырбековтің Жұмекен ақындығы туралы пікірімен және өлеңімен түйіндейді.

 Ақын шығармашылығын зерттеген Ғарифолла Есім Жұмекеннің туған жері – Қошалақта болып, өз көзімен көреді. Туған жерін қасиетті Қағбадай көрген Жұмекеннің жырларындағы «…Қошалақтың табанын жерге тигізбейтінін» бұлтартпас дәлелмен дәйектеген. «Менің Меккем – Қошалақ, ескі мекен, сары жұрт» – ақынның «тынысы, ырысы, сарқылмайтын сағынышы болған топырағы»,-дейді ғалым. Оған сөз бар ма?!

Кітаптың екінші тарауы – «Образ философиясы». «Сюжеттері пышыраған мен де жаздым үш роман», – деген ақынның өлеңін эпиграф етіп алынған еңбекте «Ақ шағыл», «Кішкентай», «Даңқ пен Дақпырт» трилогиясына философиялық, көркемдік талдау жасалыпты. «Ақ шағыл», «Кішкентай» романдарының басты кейіпкерлері – Темірәлі, Қарашаш, Талжібек, Әжімгерей, Идаят болса, зерттеуші осы кейіпкерлердің қандай образ екеніне айрықша тоқталып өтеді. Романдағы оқиға Қошалақ өңірінде өтеді. Осы аймақтың тіршілік-тынысын, салты мен дәстүрін, оны қоныстанған адамдардың характерін сол қалпында, айнытпай сомдаған алғашқы да соңғы көркем әдеби туынды. Зерттеуші осы жағына тоқтала келе социалистік қоғамның бітеужарасы-дінсіздік болғанын, және оның аталмыш романда көрінуін тайға таңба басқандай етіп зерттеп, оқырманға танытуды мақсат еткені көрініп тұр. Социализм кезіндегі жалғандықпен арпалысам деп өзіне жау табатын Темірәлі образы өзіндік ерекшелігімен таңырқататын, өзіне тартатын бейне. Ал, Талжібек болса, өнер мен өмірдің ортасында бөліне алмай, өзін түсінбейтін адамдардың кесірінен опат болады. Не деген трагедия?! Осының бәрін ғалым жік-жігімен жіліктеп, философия мен әдебиет теориясын тығыз байланыстыра отырып ашып береді.

 «Даңқ пен дақпырт» романының басты кейіпкері Идаят Садықжановтың прототипі Шәмші Қалдаяқов екенін айта отырып, Арыс жағасында туған Шәмшіні Қошалақта туған етіп суреттеген себебіне дейін нақтылайды. Ақынның Шәмшімен арадағы рухани байланысын алға тартады. «Неге адамды қырсық шалған? Идаят бұл халді өзінше түсінеді. Алла Тағала Адам атаны саздан жаратыпты. Бұған шайтан-ібілістің көңілі толмай, Адам атаға бас имеген. Алла Тағаланың бұйрығын орындамаған. Былайша айтқанда, Жаратушының жаратқанына күмән келтірген. Қарғыс алған, сөйтіп, бұрынғы періште лағнет атанып, шайтандық оянғанын» алға тартқан зерттеуші философиялық тұжырыммен пайымдайды. Өз биігінен ой түйеді. «Композитор Идаят Садықжановтың әлемін баяндауда автор ақындық тәсілді қолданған. Ол – метафора. Ұғымдар метафораның діңгектері. Ұғымдарсыз метафора жоқ. Жұмекең ауық-ауық Идаяттың көзімен ой орманына бойлап-бойлап кетіп отырған» дегені нақты ғылыми тұжырым.

Бір ерекшелігі, Ғарифолла Есім нақты ғылыми көзқарасты жазған кезінде өзі де метафораға бас сүйейді. Ғалымның ішкі жан дүниесінің шабыты мен сезім сергектігі, өзіндік сезгіштігі қосылып оқырманға үлкен ой айтады, философиялық тұжырымға жетелейді. Философ Ғарифолла Есім ақынның дүниетанымын терең танып, оның өлеңдері мен романдары көтеріп тұрған ғарыштық сана шеңберіндегі ойды тылсым түйсік арқылы ашқандығына, өзі айтқандай, «таңғалмайсыз, тамсанасыз». Сондықтан, оқырманға жол тартқан «Жұлдызды Жұмекеннің» жұлдызы жарық екеніне сенім мол.

Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*