Әзербайжан кәсіпкерлері Атыраудың экспорттық потенциялын зерттеп жатыр

Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев Әзербайжан Республикасының Қазақстандағы өкілетті және төтенше елшісі Рашад Маммадовты қабылдады. Кездесуде қос тарап мұнайлы өңір мен Әзербайжан елі арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды дамытуды талқылады.

ЕАС 1050

– Біздің алдымызда бірінші кезекте аймаққа инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындарын ашу, салық түсімдерін арттыру, қос тарап арасындағы сауда-экономикалық байланысты дамыту мәселесі тұр. Сондықтан, сіздерді әріптестікті нығайта түсуге шақырамын, – деді Нұрлан Ноғаев.

Қазір, статистика департаментінің мәліметіне сәйкес, Атырауда Әзербайжан капиталының қатысуымен құрылған 42 кәсіпорын жұмыс істейді. Олардың ішінде, металл өңдеу, дәрігерлік қызмет көрсету, дайын тамақ өнімдерін өндірумен айналысатын компаниялар бар. Қос тарап арасындағы тауар айналымы биылғы алғашқы төрт айда 1,8 миллион АҚШ долларын құраған. Ал, Атырау облысы Әзербайжанға тұщы суда өсетін балық, күкірті бар газойл мен мазут, газ құбырлары және басқа да өнімдерді сатады.

– Біз аймақтың экономикалық әлеуетін зерделеп, бірігіп жұмыс істеу үшін Атырауға ірі трансұлттық компаниялардың өкілдерін әкеліп отырмыз. Бұл сапарымызда аймақтың экспорттық әлеуетін зерттесек дейміз, – деп елші ұсыныстарымен және жоспарларымен бөлісті.

Облыста қазір жалпы аумағы 210 гектар болатын Индустриалды аймақ құрылуда. Инвесторларға қолайлы жағдай жасау үшін инфрақұрылымды жергілікті әкімдік жүргізіп береді. Сондай-ақ, аймақта әлемдік стандарттарға сай өнеркәсіптік-өндірістік кешендер құру жоспарланған.

Инвесторлар мемлекеттік-жекеменшік серіктестік шеңберінде «Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы ұлттық компаниясы» АҚ-мен бірлесіп әр-түрлі салада инвестициялық жобаларын жүзеге асыра алады. Айта кететін бір жайт, бірігіп жұмыс істеу кезінде ұлттық компанияның үлесі 49 проценттен аспауы керек.

Анықтама:

Кедендік статистика мәліметіне сәйкес, биылғы жылдың қаңтар-наурыз айларында Атырау облысы мен Әзербайжан Республикасы арасындағы тауар айналымы 1,8 млн. АҚШ долларды құрады. Оның ішінде,  тауарлар экспорты 1,2 млн. АҚШ доллар, импорт 0,6 млн. АҚШ долларға жетіп отыр.

Айгүл ЕРТІЛЕУ

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*