Үздіктің үрдісі – ұрпаққа үлгі

%d2%af%d0%b7%d0%b4%d1%96%d0%ba%d1%82%d1%96%d2%a3-%d2%af%d1%80%d0%b4%d1%96%d1%81%d1%96

Осыдан екі ай бұрын бүкіл ел көз тіккен Риодағы 31-інші жазғы Олимпиада ойындары мәреге жетті. Бақ пен шеберлік таразыға түскен әлемдік додада қазақстандық спортшылар ел мерейін тасытып, тарихта болмаған жаңалықтар парағын ашты. Дүбірлі додада 104  тарланымыз спорттың 26 түрінен бақ сынасып, ел намысын абыроймен қорғап, Алаш рухын күллі әлемге танытты. Төртжылдық додасында Қазақстан құрамасы 17 медаль жеңіп алып, жүлде бойынша рекордтық көрсеткішке қол жеткізген еді.

Өткен аптада Атырау топырағы осы әлемдік додада елдің абыройын асырған батырларымызды – Олимпиада ойындарының күміс жүлдегерлері Василий Левит, Әділбек Ниязымбетов пен қатысушылары Қайрат Ералиев пен Берік Абдрахмановты үлкен қуанышпен қарсы алды. Олимпиадашылар бокстан жасөспірімдер арасындағы облыстың аға жаттықтырушысы Айдос Дәулетовтің арнайы шақыртуымен келді. Ең алдымен, 2001-2002 жылғы туылған жасөспірімдер арасындағы облыстық біріншілікке қатысып, жас жүлдегерлерді марапаттады.

Ал, бұл доданы ұйымдастырудың басты себебі – ағымдағы жылдың желтоқсан айында Ақтау қаласында өтетін ел чемпионатына облыстың құрама командасын шығару болатын.

Рингтегі айқасқа облыстың әр түкпірінен жүзге жуық бала 15 салмақ дәрежесі бойынша сынға түсті. Нәтижесінде, алтын және күміс жүлде еншілеген  өрендер ел чемпионатына жолдама алды.

Ал, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Азамат Бекет олимпиадашылардың ерлігі қазіргі өскелең ұрпаққа үлгі екендігін жеткізді. Дода соңында «Евроспорт» букмекерлік кеңсесі басшылығының демеушілігімен былғары қолғап шеберлеріне қазақы дәстүрге сай есімдері жазылған шапан жабылды. Сондай-ақ, батырлардың өлкеге сапарына қолдау білдірген Ақтөбе мұнай өңдеу зауыты мен «Өркен» жарнамалық агенттігін де атап  кеткен жөн.

– Олимпиадашыларды шақыру, олармен кездесу ұйымдастырудағы басты мақсат – Рио олимпиадасындағы отандастардың ерлігін, жеңісін насихаттау арқылы жастардың бойына патриоттық рухты сіңіру, Олимпиаданың осынау ғажайып жетістіктері жастарымыздың жігеріне жігер қосып, оның лайықты жалғастырушылары болуға ықпал ету. Мұндай сапарлар, сөз жоқ, халыққа, соның ішінде жастарға алға қарай ұмтылыс, болашаққа сенім мен талпыныс береді. Олимпиададан кейін уақыт бөліп, шақыртуымызды қабыл алғандарына алғысымды айтамын. Өйткені, олардың жаттығу кестелері бірнеше айлар бойына жоспарланып қойған, – дейді аға жаттықтырушы Айдос Дәулетов.

Мұнайлы өлкеге сапарларының екінші күні «Атырау» дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде  олимпиадашылардың қатысуымен кіші аяқ добынан жолдастық кездесу өтті. Мұнда төрт команда бақ сынасты.

Ең алдымен, «Атырау city» және «Мұнайлы Атырау» командалары кездесті. Ал, екінші кездесуде «Бокс клубы» командасымен алаңға шыққан «Маңғыстау юнайтед» болды. Бұл бәсеке маңғыстаулықтардың үлесіне 8:2 есебімен аяқталды. Мұнда Лондон және Рио олимпиадаларының күміс жүлдегері Әділбек Ниязымбетов пента-трик (бес гол ред.) авторы атанды.

Ойын айналма әдісі бойынша өтті. Олимпиадашылар тек рингте ғана  шебер емес, алаңда да үздік ойыншы екендіктерін дәлелдеді. Ақтық кездесуде «Атырау city» командасын «Маңғыстау юнайтед» 2:4 есебімен жеңді. Ал, «Мұнайлы Атырау» командасы қола жүлдегер атанды. Жарыс қорытындысымен, Әділбек Ниязымбетов «Үздік ойыншы» атанса, Василий Левит «Үздік қорғаушы» ретінде танылды.

Олимпиадашылардың Атырауға сапары аясында спорт тарландары мамандандырылған бокс клубында жас боксшыларға шеберлік сыныбы өткізілді.

 

Василий ЛЕВИТ,

Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері:

pic_27e12d04955ac0dc4ae117ca8f8e86ad

«Токио Олимпиадасына қатысамын»

Олимпиадашылардың Атырауға сапары барысында күміс жүлдегерлер Василий Левит және Әділбек Ниязымбетовпен сұхбаттасудың сәті түсті.

Василий, мұнайлы өлкеге қош келдіңіз! Бұл сіздің Атырауға тұңғыш сапарыңыз ба?

– Біздің сапарымыз Атырау қаласының күнімен тұспа-тұс келіп тұр екен. Халықтың жайдары көңілін көріп, біз де қуанып жатырмыз. Бұдан үш жыл бұрын бұл өңірге келгенмін. Сонда да атыраулықтардың қонақжайлығына тәнті болған едім.

Олимпиаданың финалдық кездесуінен соң сіздің жанкүйерлеріңіз еселеп көбейе түскені белгілі. Өйткені, сіздің күмісіңіз алтынға бергісіз. Сондықтан, жанкүйерлерді спортқа қалай келгендігіңіз туралы сауал қызықтырары сөзсіз.

– Бірінші сыныпта оқып жүргенімде әкем бокс үйірмесіне ертіп әкелген. Спортқа деген сүйіспеншілігім содан басталды.

Бір сұхбатыңызда сіз кітап оқығанды жақсы көремін депсіз.

– Иә, бұл рас. Оқу-жаттығу жиындары айларға созылатын кез болады. Сондай кездерде кітап алып кетіп, бос уақытымызды оқумен өткіземіз. Бұл Қазақстан құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжановтың бізге үйреткен жақсы қасиеті деп білемін. Өйткені, кітап, көркем шығармалар оқу арқылы біз ойымызды салмақты жеткізуге, әдемі сөйлеуге үйренеміз. Сонымен қатар, жаттығудан бос уақытымызда футбол да ойнаймыз.

Енді әңгімені тарихи сәтке қарай бұрсақБұған дейін қазақстандық боксшылар 91 келіге дейінгі салмақта Олимпиадада өнер көрсетпеген болатын. Ал, сіз Олимпиаданың ақтық сынына дейін жеттіңіз. Марапаттау рәсімінде бүкіл әлем жұрты орындарынан тұрып, қошемет білдіріп жатқанда қандай күйде болдыңыз?

– Олимпиадада барымды салдым. Төрешілер жеңімпазды өздері анықтады. Бапкерлер де мені қолдады. Марапаттау рәсімінде төрт жыл бойы күткен, тыңғылықты дайындалған доданың осылай мәреге жетіп қалғанын ойлап тұрдым. Бірақ, әлі де алға ұмтылыс бар.

Яғни, Токио Олимпиадасында қазақстандық жанкүйерлер сізді көре ала ма? Кейбір бұқаралық ақпарат құралдарында, интернет сайттарында сізді кәсіби боксқа ауысқалы жатыр деген ақпарат тараған еді.

– Иә, бұл додаға жолдама алуға тағы тырысамын. Ендігі мақсатым — төрт жылдан кейін Токиода ел абыройын асқақтату. Ең бастысы, ниетім зор. Ал, кәсіби боксқа ауысу — жалған ақпарат. Әлі де кәсіпқой бокста өзімді шыңдап көрмекпін.

 

Әділбек НИЯЗЫМБЕТОВ,

Жазғы Олимпиада ойындарының екі дүркін күміс жүлдегері:

19-08-2016-adilbek-niazymbetov-7

«Менің ұстанымым – артқа шегінбеу» 

Олимпиадашыбоксшылардың қатысымен кіші аяқ добынан жолдастық кездесу өткізудегі бастамашылардың біріӘділбек Ниязымбетов болатын. Ол бізбен әңгімесінде бұл идеяның қайдан туындағанын айтты және болашаққа жоспарларымен бөлісті.

– Бұдан бір жыл бұрын оқу-жаттығу жиындарына бірге қатысқан досым Айдос Дәулетовпен жолдастық кездесу өткізу туралы ой пайда болды. Кейін Олимпиадаға дайындалып, бұл ойымыз іске аспай қалды. «Айтылған сөз атылған оқпен бірдей». Олимпиада аяқталған соң, елге оралып, бастаманы соңына дейін орындауды қолға алдық. Айта кетерім, олимпиадашылардың қатысуымен мұндай турнир Қазақстанда тұңғыш рет ұйымдастырылып отыр. Енді осындай жарыстарды көптеп насихаттау керек. Бұл, еліміздегі жас спортшыларға, соның ішінде, боксшыларға үлкен қолдау болары анық.

Екі олимпиадада қатарынан финалдық кезеңге дейін жолдама алуекінің бірінің басына бұйыра бермейтін бақ. Енді болашаққа қандай жоспарларыңыз бар?

– Токио Олимпиадасына қатысу немесе қатыспау жөнінде әлі шешім қабылдаған жоқпын. Құдай қаласа, әлі бір-екі жыл рингте жүретінім анық. Қалғаны – уақыт еншісінде.

Былғары қолғапты шегеге ілу, одан кейін бапкерлік салаға ауысу ойы туындады ма?

– Жоқ. Бапкерлік — өте күрделі сала және басқа бір адамның өміріне, мансабына тікелей жауапкершілік жүктейді. Сондықтан, егер боксты тастасам, спорт саласынан біржола кетемін деп шештім.

– Спортқа келуіңізге кімнің ықпалы тиді?

– Он екі жасымда әкем алып келген. Өзі де кезінде спортшы болған. Бірақ, үлкен ареналарда топ жармағандықтан, «мен бағындырмаған шыңға балам жетсін» деп менің алдыма үлкен мақсат қойды. Сондықтан, ең бірінші, әкемнің және бапкерлердің арқасында жетістіктерге жеттім деп есептеймін.

– Сіз өнер көрсеткен салмақта жүлдегерлерді марапаттау рәсімінде эмоцияңызды көрдік. Осы жолғы Олимпиада сіздің өміріңізге не берді?

– Бұл сәтте менің кеудемді өкініш сезімі кернеді. Әрине, ол өкініш ешқашан кетпейді. Артқа қайтар жол жоқ. Бірақ, алға қарай ұмтылу, жеңісті күндерден күдер үзбеу керектігін мықтап ойға түйдім.

– Жаттығудан бос уақытыңызды қалай өткізесіз?

– Қазір Ақтау қаласында тұрып жатырмын. Үйдің кенже баласы болғандықтан, бос уақытымды ата-анамның қасында көбірек өткізуге тырысамын.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*