ҮЗДІК ШЫҒАРМА – ҮНЕМІ ІЗДЕНІС ЖЕМІСІ

 

Марапаттау рәсімін кіріспе сөзбен ашқан бірлескен кәсіпорынның үкіметпен және жұртшылықпен байланыс бөлімінің бас менеджері Рзабек Артығалиев бұл жолы байқауға республикалық және жергілікті басылымдарда қызмет істейтін журналистерден барлығы 157 материал түскендігін айтты. Әрине, БАҚ өкілдерінің маңызды проблема төңірегінде қалам тербеп, оның түйінін тарқатуға атсалысып жүргендігі, кәсіпорындардағы игілікті істерді барынша шынайы көрсетуге ұмтылысы қуантады.

Бірақ, осы жолы орынды аталып өтілгеніндей, конкурс шарты жылдың басында облыстық «Атырау» және «Прикаспийская коммуна» газеттеріне жарияланып, хабарландыру арасында қайталанып отырғандығына қарамастан, журналистер белсенділігі конкурс уақыты аяқталуға бір-ақ ай қалғанда байқалыпты. Қысқа мерзімде үсті-үстіне түсіп жатқан материалдарды сұрыптап, арасынан үздігін анықтау қазылар алқасына да үлкен салмақ салса керек. Міне, Рзабек Дәуітұлы осы жайға назар аударды. Демек, конкурс материалдарының дер кезінде, уақытынан кешікпеу жеткізілгені жөн.

Содан соң жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттау басталды. Жалпы, бұл жолы байқауға 22 газет тілшісі, жеті тележурналист пен төрт ұжымдық редакция қатысыпты. Олар, жоғарыда айтқанымыздай, барлығы 157 материал жолдаған. Міне, соларды сұрыптап, жан-жақты таразылаған қазылар алқасы шешімімен үздіктердің есімдері аталды.

Алты журналист «Жеңіске деген ынтасы үшін» номинациясы бойынша марапатталды. Олар – тиісінше «Атырау», «Мұнайлы Астана», «Прикаспийская коммуна» және «Литер» газеттерінің тілшілері Азамат Базарбаев, Асантемір Қаршығаұлы , Надежда Шильман, Алма Тұрғанова, Болат Жұмағалиев пен «Қазақстан» телеарнасының операторы Өнербек Жаңабай.Ал, «көгілдір экранда» көрікті көріністер түсірген «Хабар» және «24 KZ» телеарналарының операторлары Темірлан Сұлтанғазиев пен Әзілхан Уахитов «Үздік телеоператор» атанды.

Мұнай-газ саласындағы компаниялардың корпоративтік жауапкершілігі тақырыбына соңғы кезде жастар да қалам тербей бастады. Солардың ішінде «Алтын аймақ» газетінің тілшісі Асылай Сержанованың материалдары үздік деп танылып, ол «Жас қалам» номинациясын жеңіп алды.

Қазылар алқасының облыс фотожурналистикасын дамытуға елеулі үлес қосқан, талай жасқа тәлімгер болған, ардагер журналист Қайрош Қабдешевті «Облыс фотожурналистикасына сіңірген еңбегі үшін» номинациясымен марапаттауын жиналғандар жылы қабылдады.

Ал, «Үздік фототілші» болып «Атырау» газетінің фототілшісі Ерлан Алтыбаев танылды.

Одан әрі «Орыс тілді басылым беттеріндегі үздік мақала үшін» номинациясы бойынша өзгелерден оза шапқандар атап өтілді. Бұл ретте «Мұнайлы астана» газетінің тілшісі Оксана Мартынюк-Шахназарян үшінші және «Прикаспийская коммуна» газетінің тілшісі Светлана Новак екінші орын алды. Ал, бірінші орын «Прикаспийская коммуна»газетінің тілшісі Марина Қуанышеваға тиді.

«Мемлекеттік тілдегі басылым беттеріндегі үздік мақала үшін» номинациясы бойынша «Мұнайлы астана» газетінің бас редакторы Құттыгерей Смадияр үшінші және «Атырау» газетінің тілшісі Ағиба Қатешева екінші орындарды иеленді. Ал, мұнай-газ тақырыбына ұзақ жылдан бері тұрақты қалам тербеп келе жатқан «Атырау» газетінің тілшісі Меңдібай Сүмесінов бірінші орынды жеңіп алды.

Облыста бірнеше республикалық басылымдар мен телеарналардың меншікті тілшілері еңбек етеді. Олар да әр жылы шығармашылық конкурсқа белсене қатысуда. Осы жолы «Республикалық бұқаралық ақпарат құралдарының үздік меншікті тілшісі» номинациясы бойынша екі үшінші орынды «24 KZ» телеарнасының тілшілері Талғат Өтеғұлов пен Бекен Әлирахим бөлісті. Сондай-ақ, қос үшінші орын «Хабар» талеарнасының тілшілері Кенже Арыстанбек пен Виктор Сутягинге берілді.Ал, бірінші орынға республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің меншікті тілшісі Жолдасбек Шөпеғұл ие болды.

«Үздік бұқаралық ақпарат құралы» номинациясы бойынша биыл облыстық «Прикаспийская коммуна» газетінің белсенділігі бағаланып, үздік атанды.

Ақырында, «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» дегендей, облыстық «Атырау» газетінің бас редакторы Исатай Балмағамбетов шашасына шаң жұқтырмай екінші жыл қатарынан бас бәйгені иеленіп, «Гран При» жүлдесін жеңіп алды.

Барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы Дипломдар мен ақшалай сыйлықтар табыс етілді.

Байқаудан озып шыққандарды құттықтаған облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі тақырыбы ауқымы кең мәселе екендігін айтты.

– Өзімнің де негізгі мамандығым журналист болғандықтан, – деді ол, – сала қызметкерлерінің еңбегін ерекше бағалаймын. «Арқалағаны алтын, жегені жантақ» деп Қазақстанның Халық жазушысы Шерхан Мұртаза орынды айтқанындй, олар аз ғана жалақыны қанағат тұтып, бұқара мен билік арасындағы алтын көпірлік міндетін адал атқарып келеді. Демек, бүгінгі байқаудың жеңімпаздары мен жүлдегерлерін шын жүректен құттықтаймын, оларға алда да шығармашылық табыс тілеймін.

Одан әрі Шыңғыс Жұмабекұлы өмірбаянының сонау бір кезеңіне көз жүгіртіп, 2005 және 2006 жылдары екі ірі конкурста жеңімпаз болғандығын еске түсірді. Демек, осындай шығармашылық сайыстарда журналистердің шеберлігі шыңдалады, тәжірибелері толысады. Оның үстіне, өзгелерге өнеге болуы үшін өңірдің әлеуметтік ахуалының сауығуына барынша үлес қосып жүрген жергілікті компаниялар туралы кеңірек жазу керек.

Тағы бір айтар жай – Ұлы Жеңістің 70 жылдығын кең көлемде тойлау шарасының басталып та кеткендігі. Атырау аймағы сол айтулы күнге қандай үлес қосты? Майдан даласында немесе тыл еңбеккерлері арасында есімі беймәлім болып, аты аталмай жатқан ерлер жоқ па? Бүгінде кейбір тарихи делініп келген деректерге басқаша баға беріле бастады. Осы орайда ақтаңдақтар беті толық ашылды ма? Міне, осындай жайларды таразыға тартып, кеңірек қамту үшін облыстық әкімдіктің бастамасымен журналистер үшін жақында үлкен байқау жарияланбақшы. Оған тек өңір қаламгерлері ғана емес, республикалық басылымдардың журналистері де қатыса алады. Демек, атыраулық тілшілердің де қаламын кеңірек сілтейтін мүмкіндігі тумақ.

Әйтсе де, Шыңғыс Жұмабекұлы журналистер еңбегін жоғары бағалай тұра олардың материал дайындауда объективті болуын өтінді. Орын алған оқиғаны еш боямасыз, асыра сілтеусіз сол күйінде баяндаған абзал. Газетте жарияланған немесе теледидарда көрсетілген әр материал жұртшылық арасында пікір туғызады, халық болған жайды журналистің көзімен бағалайды. Сондықтан, тілшіге жүктелер жүк жеңіл емес.

Мәселен, жақында қаладағы оқу орындарының біріндегі сәл ғана кикілжіңді бірқатар БАҚ өкілдері үлкен дау-дамайға айналдырып жіберіпті. Мәселе облыстық әкімдікке, прокуратура органдарына, өзге де құзырлы орындарға дейін жеткен. Алайда, жан-жақты жүргізілген тексеру нәтижесі көрсеткеніндей, колледждің жаңа басшылығына көңілі толмай жүрген ат төбеліндей аз ғана оқытушы көрінеді. Солар журналистерді шақырып, түймедей нәрсені түйедей етіп көрсеткен. Қазір жағдай қалыпқа түсті, білім ордасында дәріс беру жалғасуда.

Марапатталғандарды, сондай-ақ, Атырау қаласы әкімінің орынбасары Гүлмира Шәкірова, «Теңізшевройл» бірлескен кәсіпорны бас директорының орынбасары Әнуар Жәкиев, «Атырау-Ақпарат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Төлеген Берішбай, Қазақстан Журналистер Одағы Атырау филиалының төрағасы Қуандық Батыров, облыстық «Атырау» газетінің бас редакторы Исатай Балмағамбетов және басқалары құттықтады. Олардың сөзінен, өзіміздің пайымдауымыздан не ұқтық?

Әрине, өңірде мұнай-газ саласында қызмет істеп жатқан отандық және шетелдік компаниялар өмірінен жұртшылық кеңінен хабардар болуы тиіс. Рас, оларда да түрлі проблемалар барын, кәсіпорындар қызметінің қоршаған ортаға залалды әсерін тигізіп жатқандығын жоққа шығаруға болмас. Ол өз алдына бөлек тақырып. Оның үстіне, бұл бағытта бүкпесіз айтылып та, жазылып та жүр.

Әйтсе де, осы компаниялардың аймақтағы әлеуметтік ахуалды сауықтыруға белсене араласып, білім беру мен денсаулық сақтау, дене шынықтыру мен мәдениет нысандарының қалыпты қызметін қамтамасыз етіп отырғаны да ақиқат емес пе? Мәселен, ТШО тарихына көз жүгірткен адам оның құрылған күнінен бастап әлеуметтік салаға айрықша назар аударғанын байқар еді.  ТШО компаниясының республикалық «Парыз» байқауында топ жарып, Елбасының қолынан бас жүлде алуы тегін бе?

Сонымен қатар, ТШО немесе өзге кәсіпорындар тек өнім өндіруімен ғана алдыңғы қатардан көрініп жүр ме? Мәселен, бәлен компанияның құрылу тарихы, оның жүздеген тонна мұнай мен мыңдаған текше метр газ алғаны оқырманға қызықты ма? Сондықтан білім беру мен денсаулық сақтау саласын сауықтыруға, мәдениет пен спортты дамытуға, мүмкіндігі шектеулі жандар мен күнкөрісі төмен отбасыларын қолдауға, отандық мамандарды дайындауға, әлеуметтік нысандар тұрғызуға, т.б. шараларға нендей үлес қосып жүр? Міне, соны жан-жақты қамтитын шығармалар қажет. Демек, мұнай-газ өндіруші компаниялардың экономикалық көрсеткіштерімен қатар өңір халқының тұрмыс-тіршілігін жақсартуға бағытталған жұмысы да жазылуы шарт. Яғни, бұл байқауға тек экономика ғана емес, қоғамдық-саяси, әдеби-мәдениет, спорт, т.б. тақырыптарда қалам тербеп жүрген журналистер де қатыса алады. Тек бәріне қойылатын бір-ақ талап – материалдың сапалы жазылуы, көркемдік деңгейінің жоғарылығы, оқиғаны баяндау тәсілінің сонылығы.

Ақырында, материалдың жазылуын айтқан екенбіз, бас жүлденің екінші жыл қатарынан «Атырау» газетінің бас редакторы Исатай Балмағамбетовтің қанжығасына байлануы да тегін болмаса керек. Автор, бұған дейінгі материалдарында өзі айтқанындай, сол Теңіз кеніші төңірегіндегі шағын ауылда туған. Бала кезінен оның дүбірін естіп, ар жағындағы «қара алтынды» алаңдардың мұнай иісін сезініп өскен. Кейін өткен ғасырдың сексенінші жылдары облыстық «Коммунистік еңбек» газетінде жұмыс жасай жүріп кен орнына талай мәрте іссапарға шыққан тілші. Бірлескен кәсіпорынның Қазақстан жағынан тұңғыш директоры, кезінде облысты басқарған Равиль Шырдабаевтың баспасөз хатшысы болған. Демек, «Теңізшевройл» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің, жалпы Теңіздің тарихын жақсы біледі. Ең бастысы – соны өзіне тән тұшымды тілімен, журналистік шеберлігімен оқырманына жеткізе білуі. Міне, сол себепті бас жүлде туралы қазылар алқасында ешқандай талас тумаған.

Сөз соңында айтарымыз, ТШО тарихы өзінің ерен еңбегімен ғана емес, журналистердің қарымды қаламымен де жазылуда. Ендеше, бірлескен кәсіпорынға алдағы уақытта да өндірісте толайым табыстар, әлеуметтік салада жаңа жетістіктер тілейміз. Ал, журналистер қалам қарымы қайтпай, тың биіктерден көрінсін.

Мерген СӘРСЕНОВ.

 

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*