ЗАУЫТТЫҢ БАСТАУЫШ ҰЙЫМЫ – ҮЗДІКТЕР САПЫНДА

Кез келген партияның негізін бастауыш партия ұйымдары құрайтындығы белгілі. Олардың жұмысын жандандыру қоғамның саяси сауаттануына, жұртшылық пен партия арасындағы байланысты бекемдеуге өзіндік ықпал ететіндігі анық. Сондықтан да, «Нұр Отан» партиясы бастауыш ұйымдарына басымдық беріліп, жұмысын байқаулар арқылы саралау, сол арқылы баға беру ісі жолға қойылды.

Бірінші байқау бойынша бағалау үш кезеңнен құралып, партиялық жобаларды іске асыруға қатысу, ішкіпартиялық жұмыс, партиялық жұмыста жаңа әдістерді пайдалану, азаматтық бастамаларды іске асыру, жетекшісін бағалау сынды жеті талап бойынша жүргізілді. Аумақтық және аймақтық байқауда «Нұр Отан» партиясының алға қойған тұғырнамасын жүзеге асыру мен халықтың мүддесі үшін тиімді жұмыс жүргізген Атырау мұнай өңдеу зауыты бастауыш партия ұйымы жыл аяғында облыста ең үздік деп танылып, ақтық сынға жолдама алған болатын.

Байқауға қатысушы бастауыш партия ұйымдарының жұмысын Орталық партия аппаратының басшылары мен қызметкерлері, «Нұр Отан» партиясының Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісіндегі фракция мүшелері саралады. Байқаудың Астанадағы соңғы сатысында 12 бастауыш партия ұйымы алдыңғы қатарға шықты. Соның ішінен үздіктер анықталды. Атап айтқанда, бірінші жүлделі орынды Ақтөбе облыстық кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау қауымдастығының бастауыш ұйымы, екінші жүлделі орынды «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС бастауыш партия ұйымы, ал, үшінші жүлделі орын Алматы облысы, Қарасай ауданы, Елтай ауылдық округі әкімдігінің бастауыш партия ұйымы иеленді.

«Республикалық байқауда жүлделі орын алу – біздің зауыт үшін үлкен жетістік. Кәсіпорында «Нұр Отан» партиясының бастауыш ұйымы 2002 жылы құрылған. Бүгінде зауытта 210 партия мүшесі бар. Нұротандықтар тек зауытішілік ғана емес, облыстағы қоғамдық-саяси өмірге белсене қатысып келеді.

Зауыттағы әрбір нұротандықтың міндеті айқын белгіленген. Партия мүшелігіне қабылдау өте қатаң тәртіппен жүргізіледі. Сондықтан, бастауыш партия ұйымын саяси сауатты еңбек озаттары мен қоғамдық жұмыс белсенділері құрайды. «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС бас директоры, «Нұр Отан» партиясы республикалық саяси кеңесінің мүшесі Қайрат Оразбаев партия бастауыш ұйымының жұмысына үлкен қолдау білдіріп келеді. Біздің әрбір бастамамыз зауыт басшылығының назарынан тыс қалған емес», – деп атап айтты. «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС «Нұр Отан» партиясы бастауыш ұйымының төрағасы Кенжебек Шахметов.

Мұнай өңдеу зауытының бастауыш партия ұйымы келешекте де осы биіктіктен түспей, жұмыс тиімділігін одан әрі арттыра бермек.

 

Меңдібай Сүмесінов.

 

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*