ЗӘМЗӘМ ШЕРТКЕН КҮЙ ҚҰЛАҒЫМЫЗДА ӘЛІ КҮНГЕ КҮМБІРЛЕП ТҰР

Ол 1913 жылы дүниеге келген. Зәмзәмнің балалық жылдары оңай болған жоқ. Ол әуен мен әдеміліктен, саз бен сұлулықтан, шанағынан күмбір күй төгілген домбырадан қоңырқай тіршілік қамы жан-жүрегін алыстата алмаған Хасен әке мен Барша ападан домбыра тартуды тым ерте үйренді. Алты жастағы Зәмзәм бірнеше күйді еркін орындай алатындай болды, шынашақтай ғана бүлдіршін күйші ауыл адамдарын өнерімен тамсантты. Қараша үйдің есігінен кеңістікке тараған күй күмбірі көрші-көлемді төңірегіне топтастырып, ортайған көңілдерді толықтырып, ауыл кешін күймен көмкеріп, тұрмыс тауқыметін уақытша болса да ұмыттырып, сергітіп отырды.
Қаршадай қыздың қолындағы қарағайдан қиылған кішкене ғана домбыраның қос шегінің үні қазақ ауылының халқы үшін бұлыңғыр тұман арасындағы күн сәулесінің бір ғана талшығындай сезілді. Тұрмыстың қиындығы мен тағдырдың қытымырлығы қыспаққа алып, Хасен әкесі қайтыс болады. Оның домбырасын қолына алып, Барша апасы да бауырын өнерге баулыды.
Ауыл аудиториясы кең тынысты өнерге тарлық ете бастады, күмбір күйге құмартушылар саны өсе берді. Жастық жалын жетелеген асқақ арман асқарға бет алып, күйші Зәмзәм атанған ол 1938 жылы Гурьев қаласындағы қазақ драма театрына жұмысқа шақырылды. Зәмзәмнің облыстық қазақ драма театры қабырғасында жұмыс жасаған жылдары өнер жолындағы жұлдызды жылдары болды.
Зәмзәм театр сахнасына сән бола білді. Сахна пердесі ашылған сәтте қолындағы үкілі домбырасына қасиет бітіре қағып, Құрманғазы мен Тәттімбетті, Дәулеткерей мен Махамбетті, Динаны, Тоқсанбайды сахнадан сөйлеткендей болды. Домбырашы Зәмзәм күй табиғатымен тереңірек танысқан сайын өз көкірегіндегі күй кілті ашылар арманды сәт те жақындай түсті. Алғашқы күйі – Маңғыстау таулары жартастарының сауырына соққан, Еділ мен Жайықтың құяр тұсындағы жазық жағалауға еркелей домалаған кәрі Каспийдің бірде момын, бірде долы толқындарының саз-суреті іспеттес – «Каспий толқыны» күйі дүниеге келіп, тыңдарман құлағына жылы тиді. Жерлесіміз, сазгер Сейілхан Құсайынов «Каспий толқыны» күйін нотаға жазып, ол Отанымыздың сахналарына тарап кетті, радиодан берілді. Қазақ сахнасының саңлағы, қырық жылдан астам өмірін өнерге арнаған дирижер Шамғон Қажығалиев «Каспий толқыны» күйін жоғары бағалады. Зәмзәм Ещанованың 1958 жылы Мәскеу қаласында өткен Қазақстанның мәдениет және өнер шеберлерінің онкүндігіне ұлт аспаптары оркестрі құрамында қатысуы да – өнерпаз өміріндегі зор жетістік. Бұл сапар Кеңестер Одағы өнер тарландары, корифейлерімен дидарласып, тәжірибе алмасу мүмкіндігін туғызды.
Өнер шеберлерінің бүкілқазақстандық фестиваліне барған сапарында композитор Ахмет Жұбановпен арадағы күй өнері туралы өрбіген әңгімелердің бірінде күй атасы Құрман бабаның «Бұқтым-бұқтым» күйі Зәмзәм апайдың орындауында жазылып алынады. Бұл – күй әлеміндегі тым қымбат туынды.
Былай болып еді: Жаманқала орта мектебінің оқушыларымыз. 1961 жылдың қоңыр күзі. Түстен кейін оқимыз. Сабақ соңынан соң Зәмзәм Ещанова жетекшілік ететін домбыра үйірмесіне қатысамыз. Кезекті үйірме сағаты басталар-басталмаста электр жарығы сөніп қалды да, үйірме жұмысын жалғастыру үшін ол бір топ баланы үйіне алып барды. Үйрене бастаған күйіміз «Қосалқа» болатын. Біз – оншақты бала тар бөлменің ішінде отырмыз, ол кезде біздің бала санамызда тар, кең деген түсініктер жоқ болатын-ды. Бәріміз бірінің үстіне бірі қойылған екі кітаптың үстіндегі жетілік шамды айнала отырдық. Жарда ілулі тұрған домбырасын қолына алған ұстазымыз: «бүгін сендерге күй тыңдатамын, себебі, домбыраларың мектепте қалды ғой» деді. Сәттен соң бұрын-соңды біз естімеген бірде ойлы, бірде ойнақы саз бәрімізді баурай берді. Қарасуықтан жылыға кірген бізді ұйқы қыса бастағандай еді, шәйдай ашылды.
Зәмзәм Ещанова Гурьев драма театрында жүріп актерлік қырынан да танылды. Ол бірнеше драмалық қойылымдарда ана бейнелерін сомдады. Бұл ретте де көрермен жүзінде мейірім ұялап, жүрегінен жылу тараған, шарқатының шашақтары төгілген – қазақ анасын таныды.
Зәмзәм Ещанова – сексен жылға жуық өмірінде болашағына мол мұра қалдырған адам. Оның бай мұрасының бірі – күйлері болса, енді бірі – шәкірттері. Ол аңқаулығы мен албырттығы қатар жүретін ауыл балаларына күй үйретіп, өнер биігіне, күй қиясына самғайтын қанат бітірді.
Олар самғады да. Атап айтқанда, Рысбай Ғабдиев, Өтеген Ғұбайдуллин, Нәсіпқали Шаяхметов, Бекболат Ғилажев, Мағзом Сүндетов, т.б. Композитор Зәмзәм «Каспий толқыны» күйінен басқа да күйлер шығарған. Олар – «Ақ Жайық», «Шашу», «Шаттық» күйлері – апайдың төл туындылары. Олардың орындалу аясы да мейлінше кең, себебі, бұл шығармалар – өмірді, туған табиғатын шынайы сезіне білген жүрек туындысы, қарапайымдылық пен қара шанақты домбыраны қасиет тұтқан жанның шығармасы.
Р.S. Белгілі күйші, композитор Зәмзәм Ещанованың туғанына 100 жыл толды. Жетпіс тоғыз жасында дүниеден өткен тұлғаның өнегелі өмірі – бүгінгі ұрпаққа үлгі. Сол себепті күйшінің туған жері – Махамбет ауданында, соның ішінде Зәмзәм Ещанова атындағы саз мектебінде іс-шаралар өткізілуде.

Қажымұқан ЕСҚАЛИЕВ,
Махамбет ауданы.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*